ӘКЕМТЕАТР ӘУЛИЕАТА ТӨРІНДЕ
ӘКЕМТЕАТР ӘУЛИЕАТА ТӨРІНДЕ
Жуырда Мұхтар Әуезовтің туғанына 125 жыл толуына орай М.Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театры гастрольдік сапармен Тараз қаласына келіп, театрсүйер көрерменге рухани азық сыйлады. Алдымен театр ұжымын бастап келген Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, М.Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрының директоры Еркін Жуасбек, аталған театрдың актері, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Тұңғышбай Жаманқұлов және Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Асылбек Боранбев пен актриса, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Шынар Жанысбекова өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясына қатысты. – Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігінің жұмыс жоспарында бекітілген күнге орай ұлттық драма театры өзінің жыл сайынғы гастрольдік сапарын биыл Абай облысынан бастап, Шымкент қаласында жалғастырып, одан міне, Жамбыл облысында аяқтағалы отыр. Ұлттық театрдың қоржынынан сіздер де рухани азық алады деген сенімдеміз, – деді М.Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрының директоры Еркін Тілеуқұлұлы.
«Ай мен Айша»
Алматыдан ат арытып келген театр ұжымы 1 қазан күні Қазақстанның Халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Ш.Мұртазаның 90 жылдығына арналған «Ай мен Айша» драмасын сахналады. Тұңғышбай Жаманқұловтың режиссерлігімен жазушының ең бір сүйекті шығармасы «Ай мен Айша» романы мен «Мылтықсыз майдан» повесінің негізінде жазылған драмада сұрапыл соғыс жылдарында майданның барлық ауыртпалығын бастан өткерген ауыл адамдарының, «халық жауы» атанып, айдалып кеткен отағасының аманаты – үш балапанын қалайда аман-есен жетілдіруді мақсат еткен Айшаның отбасы бейнеленеді. Туынды – жеңіс үшін тылда жан аямай еңбек еткен барлық ана мен баланың, кейуаналар мен ақсақалдардың ерен ерлігіне тағзым. Ал аспандағы ай екеуінің ажырамас сырласы, өмірінің куәгері. Бұл шығарма автордың, Барысханның аяулы анасы – Айшаға жүрегімен тұрғызған ескерткіші деуге болады.
«Cүйікті менің періштем»
2 қазан күні ұлттық драма театрдың артистері Б.Шоудың «Пигмалион» пьесасының желісімен қойылған «Сүйікті менің періштем» спектаклін көрермен назарына ұсынды. Бұл комедиялық спектакльдің режиссері – Әлімбек Оразбеков. Ирландиялық драматург Джордж Бернард Шоудың 1912 жылғы туындысын отандық режиссер өзі тәржімалаған. Комедия жанрындағы қойылым болғанымен, астарлы шындық пен заманауи қажеттіліктерді жеткізеді. Қойылым жаны жоқ батпақтан жасалған мүсін нағыз суретшінің қолында биік өнер туындысына айналатыны жөнінде. Нағыз өнердің құдіретінде шек жоқ. Өнер ғана адамның рухани жанын оятып, әдемілікпен байытады. Спектакль ең кедей, білімі жоқ, қараңғы адам да талмай еңбек етсе зиялы адамдардың қатарына ене алады деген идеяны ұлықтайды. Кедей адам мен бай адамдардың арасындағы теңсіздікті жою жөнінде ой тастайды. Осы тұрғыдан алғанда сауатсыз, гүл сатушы Элизаның білімді ледиге айналуы – болашақ қоғамда міндетті түрде орын алатын құбылыс.
«Қоштасқым келмейді...»
3 қазан күні көрнекті орыс драматургі А.Володиннің терең психологизмімен ерекшеленетін «Қоштасқым келмейді...» спектаклін қойды. А.Володиннің «Қоштасқым келмейді…» драмасын аударған және сахналаған қоюшы-режиссер – ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Асхат Маемиров. Қойылымға ажырасуға бел буған сегіз отбасының тағдыры арқау болады. Жасы, әлеуметтік мәртебесі, дүниетанымы жағынан әртүрлі бірнеше шаңырақ иелері сан түрлі өмір драмасына ұшырап, күмән-күдікке, тәкаппарлыққа бой алдырады. Некелерін бұзуға сотқа келген оларды татуластырмаққа судья барын салады. Алайда өзімшіл ерлі-зайыптылар бірін-бірі тыңдаудан, түсінуден қалған. Шарттылық белең алатын қойылымда әр кейіпкер әртүрлі танымын, жеке дүниетанымын алға тартады. Әрбір кейіпкер, яғни әрбір адам – жеке әлем. Тек сол әлемге үңілу, оны түсіну, қажет болса кешіре білу – үлкен қасиет. Негізінен театрдың жас буыны қатысатын спектакль өмірдің осы бір қарапайым да күрделі пәлсапасы туралы ойларға жетелейді. Бұл қойылымда сахнаға шыққан әр кейіпкердің образы өте тартымды. Сахнада сотқа ажырасуға келген жұбайлар отырады. Олардың отау құрған уақыттары да әртүрлі. Біреуі үйленбей жатып айырылысып тынса, екіншісі отбасын құрған 20 жылдан кейін ажырасуға бел буғандар. Оларды ажырасуға итермелеген жағдайлар да әртүрлі. Түрлі тағдырларды көрсетіп, көрерменнің ішкі менінің тәкаппарлығын басатын Александр Володиннің бұл шығармасы осыдан жарты ғасыр бұрын жазылса да, әлі күнге дейін өзектілігін жоймағаны адамды таңғалдырмай қоймайды.
«Қара»
4 қазан күні театр ұжымы «Қара» спектаклі көрермен назарына ұсынылды. Абайдың «Қара сөздері» негізінде жазылған спектакль пікірталас формасында қойылған. Жалғыз кейіпкер – Абай және Абайдың ойлары. Ол ойларға пішін дарытып, жан бүркетін отыз бес актер. Спектакль Абайдың кейінгі ұрпаққа айтып кеткен өсиетін бүгінгі заман тынысы, көкейкесті мәселелері аясында қарастыра отырып ұлттық құндылықтарды, бейбітшілік пен келісімді дәріптейді. Қалай болмасын өз ұлтыңның бойындағы, қала берді өзіңнің бойыңдағы мінді театр сахнасынан көру сіздің ішкі мәдениетіңізді өсіретіні хақ. Бір қуантатыны, бұл жолы жоғарыда қойылған 4 спектакльге де көрермен көп келді. Сондай-ақ өңір басшысы Нұржан Нұржігітов те көпшілік қатарынан табылды. Біздің бір байқағанымыз, театрға келген қонақтардың назарын сахнаға аудару тек қана актерлердің шеберлігіне байланысты сыңайлы. Өйткені әдетте театрда телефон ойнап немесе ұйықтап отыратын адамдарды көресіз. Бұл жолы ондай көрермен болған жоқ. Тіпті қойылым соңында өздерінің сол спектакльден рухани ләззат алғанын әңгімелеп тұрған жандар да болды. Біз бұдан қазір халықтың рухани шөлі күшейіп бара жатқанын түсіндік.
Шапағат ӘБДІР