Жаңалықтар

Жамбыл облысында кітапты заңсыз саудалаған кәсіпкер сотталды

Жамбыл облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық соты авторлық құқықты бұзуға қатысты азаматтық істі қарады, деп хабарлайды arainfo.kz

Екі жеке кәсіпкер «М.» ЖК-не қарсы сотқа шағым түсірген.

Іс материалдарына сүйенсек, талап қоюшылар мемлекеттік тізілімде тіркелген екі әдеби шығарманың заңды иелері болып табылады. Алайда 2025 жылы жауапкердің бұл кітаптардың көшірмесін «Kaspi-дүкен» платформасы арқылы рұқсатсыз әрі төмен бағамен сатып келгені анықталды.

Сот барысында плагиат өнімдердің сапасы мен безендірілуі түпнұсқадан айтарлықтай төмен екені дәлелденді. Дәйек ретінде сатып алу сәтіндегі бейнежазбалар мен баспа өкілдерінің айғақтары ұсынылды.

Сот шешімімен жауапкерден әр автордың пайдасына 100 мың теңге көлемінде моральдық зиян және сот шығындары өндірілді. Қазіргі уақытта сот шешімі заңды күшіне енген жоқ.