Заң

Қазақстанда сталкингке қарсы заң жұмыс істей бастады

Қазақстанда сталкинг, яғни адамды заңсыз қудалау әрекеттері үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылып, бұл бағытта нақты істер тергелуде, деп хабарлайды arainfo.kz

Қылмыстық кодекстің 115-1-бабына сәйкес, құқық бұзушыларға айыппұл, қоғамдық жұмыс немесе қамау жазасы тағайындалады.

Ресми деректерге сүйенсек, аталған бап күшіне енгеннен бері сотқа 51 іс жолданған. Оның 36-сы бойынша күдіктілер уақытша ұстау изоляторына қамалған.

Мамандар сталкингтің қауіптілігіне ерекше назар аударуда. Себебі мұндай әрекеттер адамның психологиялық жағдайына кері әсер етіп, тұрақты қорқыныш пен күйзеліске әкеледі. Қудалау барысында жәбірленушіні аңду, қайта-қайта хабарласу, қорқыту, әлеуметтік желілер арқылы бақылау және рұқсатсыз түсірілім жасау фактілері жиі кездеседі.

Еліміздің түрлі өңірлерінде нақты мысалдар тіркелген. Батыс Қазақстан облысында ер адам бұрынғы жұбайын жүйелі түрде қудалағаны үшін 100 сағат қоғамдық жұмысқа тартылды. Астанада әйелді бірнеше ай бойы аңдыған тұрғын да сот арқылы жазаланып, моральдық өтемақы төлеуге міндеттелді. Ал Семей қаласында ұзақ уақыт бойы қызды аңдыған ер адам жауапкершілікке тартылған.

Құқық қорғау органдары мұндай әрекеттерді елеусіз қалдырмауға шақырады. Себебі сталкинг дер кезінде тоқтатылмаса, ауыр құқық бұзушылықтарға ұласуы мүмкін. Азаматтардың қауіпсіздігі мен құқықтарын қорғау – заңның басты мақсаты.