ЧЕМПИОНДАРДЫ ТӘРБИЕЛЕЙТІН СПОРТ МЕКТЕБІ
ЧЕМПИОНДАРДЫ ТӘРБИЕЛЕЙТІН СПОРТ МЕКТЕБІ
Қазіргі таңда спорт мектебінде 1 100 тәрбиеленуші спорттың 7 түрі (жүзу, велоспорт, су добы, қазіргі бессайыс, үлкен теннис, жеңіл атлетика, триатлон) бойынша қабілеттерін ұштап жүр. Сондай-ақ чемпиондар ұстаханасында 32 біліктілігі жоғары деңгейдегі жоғары санатты жаттықтырушы еңбек етеді. №4 облыстық мамандандырылған балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің директоры Жанат Бабаевтың айтуынша, мектеп тәрбиеленушілерінің өздері қалаған спорт түрімен жаттығуына барлық жағдай жасалған. – Осы уақытқа дейінгі спорт мектебіміздің жеткен жетістіктері ауыз толтырып айтуға тұрарлықтай. Биылдың өзінде спортшыларымыз бірқатар халықаралық, әлемдік жарыстарға қатысып, жүлдені күреп алып келді десек қателеспейміз. Жалпы кез келген жарыстан құралақан қайтқан кезіміз жоқ. Мұз болып қатып, су болып қайнап, шар болаттай шыңдалған спортшыларымыз дуы басым додаларда жасындай жарқылдап, сенім үдесінен шыға білуде. Талай чемпиондар түлеп ұшты. Талдап айтар болсақ, негізі су добына қызығушылық танытатындар өте көп. Мекемемізде су добы спорты жақсы жолға қойылған. Сондықтан да су добынан әйелдер арасындағы «Айша-Бибі» клубының ойыншылары біздің мектептің түлектері. 2022 жылы су добынан төрт жас ерекшелігінде чемпион болдық. Басқа спорт түрлерінен де осал емеспіз, – дейді Жанат Бабаев. Мектеп директорының сөзіне сүйенсек, жеті спорт түрінің ішінде жеңіл атлетика мен триатлон кенже қалып келе жатқан көрінеді. Себебі аталған спорт түрлерінің ашылғанына әлі бір жыл да толмапты. – Қазіргі таңда жеңіл атлетика мен триатлонды дамытуға күш салып жатырмыз. Ашылғанына бір жыл енді болғандықтан ата-аналар балаларын бере бермейді. Көпшілігі баласының су добына, қазіргі бессайысқа, жүзуге қатысқанын қалайды. Жеңіл атлетика мен триатлонға қатысатындар жарыстарға баратындай деңгейге енді жетті. Сондықтан алдағы уақытта аталған спорт түрлері бойынша да ешкімге есе жібермейміз деп ойлаймын. Айта кету керек, қазіргі бессайыс пен су добынан Қазақстанда біздің спортшыларға тең келетіндер жоқ. Әзірге алдымызға ешбір облыс, қала шыға алар емес. Жыл сайын Қазақстан чемпионатында топ жарамыз. Алда үлкен жарыстар келе жатыр. Байрақты бәсекелерден мектебіміздің спортшылары да шет қалмайды. Атап өтер болсақ, алдағы қазан-қараша айларында қазіргі бессайыстан әлем чемпионаты өтеді. Біздің мектептен оннан аса спортшы қатысады деп жоспарлап отырмыз, – дейді Жанат Кәрімұлы. 2021 жылы Алматы қаласында өткен халықаралық ATF Junior 14&Under Almaty G2 жасөспірімдер турнирінде сенсация жасап, топ жарған Данир Қалдыбековтің есімін спорт жанкүйерлері ұмыта қоймаған болар. Болашағынан үлкен үміт күттіріп, жасөспірім кезінде-ақ мамандар көзіне түскен Данир Қалдыбековтің де №4 облыстық мамандандырылған балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің оқушысы екенін біреу білсе, біреу білмес. Одан бөлек мектептің тағы бір оқушысы, велошабандоз Нұрберген Нұрлыхасымның өткен жылы «Astana Qazaqstan Team» командасының құрамына алынуы да үлкен жетістік. Қазақстандық командамен жасалған Нұрбергеннің алғашқы келісімшарты екі маусымға арналған. Әрине, спорт мектебінен түлеп ұшқан саңлақтардың қатары тек мұнымен шектелмейді. Жанат Кәрімұлы да спорт мектебінде келешекте жұлдыздай жарқырап, қазақ елінің мақтанышына айналатын спортшылардың көп екенін жеткізді. Біз де атақты кәсіпқой велошабандоз Лэнс Эдвард Армстронг, танымал теннисші Роджер Федерер, ямайкалық желаяқ, бірнеше дүркін Олимпиада чемпионы Усэйн Болт, төрткүл дүниенің теңдессіз спортшысы, АҚШ-тың әйгілі жүзушісі Майкл Фелпстердің ізбасарлары киелі Әулиеата өңірінде де өсіп келе жатқанына сенеміз.