«Референдум – 2026» онлайн марафоны жалғасуда
Көрермен назарына өзектімәселелер және өнертабыстар ұсынылды
«Референдум – 2026» онлайн марафонында жасанды интеллект, волонтерлық мәдениет, киберспорт мүмкіндіктері талқыланды. Экология мәселелерін технология арқылы реттеуге болады деген,жас ғалымдар марафонның инновациялық алаңында өнертабыстарын ұсынды.
Сағат 09:00-ден басталған онлайын шара бұл жолы таралу ауқымымен ерекшеленіп отыр. «Қазақстан» телерадиокорпорациясының аймақтық филиалдары мен АҚШ, Ресей, Түркия, Қытай, Бельгия елдеріндегі өкілдіктерінің тілшілері тікелей қосылуда.
Бұл медиа кеңістіктің тағы бір ерекшелігі алғаш рет арнайы ұйымдастырылған инновациялық алаң. Сол алаңда отандық ғалымдар жаңа жобаларын көпшілікке ұсынды. Мысалы, жас өнертапқыш Аделия Анаш келешекте адам ағзасына салынуы мүмкін механикалық жүрек жобасын және майтабан диагнозын анықтауға арналған «ақылды» ұлтарақты көпшілік назарына ұсынды. Сонымен қатар, жас ғалым Нарминахон Иманғалиева ластанған ауадан принтерге арналған қара бояу өндіруге мүмкіндік беретін инновациялық жобасын таныстырды. Жоба экологиялық мәселелерді технологиялық шешімдер арқылы реттеуге бағытталған. Жас ғалымдар өз ізденістерінің нәтижелі болатынына толық сенімді.
Робототехникалық жобаның авторы Айсұлу Тілеуқұлова ерекше балаларға арналған жаңа технология туралы тарқата баяндап берді. Оның айтуынша, жаңа технология баланың дене тепе-теңдігін дамытуға арналған робототехникалық платформа. Платформа церебралды сал ауруы, аутизм және басқа да неврологиялық диагнозы бар балаларға арналған.
Сонымен қатар қазақстандық жас ғалым Манат Нұрсұлтан спортшылардың қозғалысын талдауға арналған сенсорлық құрылғы технологиясын таныстырды. Оның айтуынша, бұл құрал қазіргі уақытта спорт саласында, әсіресе футболда қолданылып жатыр. Жоба Mirai Motion датчиктер жиынтығы деп аталады. Бұл технологияны әзірлеу барысында нанотехнология элементтері қолданылған.
Онлайн марафон алаңында Петропавл қаласынан келген Төтенше жағдайлар департаментінің мамандары өрт сөндіруге арналған роботтың мүмкіндіктерін көрсетті. Мұндай роботтар төтенше жағдайлар кезінде адам өміріне қауіп төндірмей жұмыс істеуге мүмкіндік береді.
Іс-шараға саясаткерлер мен сарапшылар, өнерпаздар ғана емес танымал спортшылар да арнайы қонақ ретінде қатысып, өз ойларымен бөлісті. Олардың қатарында әлем чемпионы Ризабек Айтмұхан мен Гиннесс рекордтар кітабының рекордсмені Сергей Цирюльников бар.
Марафонның дискуссияалаңында «Қазақстандағы жасанды интеллектінің дамуы» тақырыбы жан-жақты талқыланды. Сарапшылар жасанды интеллект технологияларының экономика, білім беру, медицина және медиа салаларына ықпалын, сондай-ақ оның болашағымен мүмкін болатын тәуекелдерін талқылады.

Қазақстанда жасанды интеллектті дамытудағы басты міндет – білікті кадрлар даярлау. Бұл туралы Қазақстандағы жасанды интеллектті дамыту қауымдастығы төрағасының орынбасары Анар Төлеубаева айтып, ел цифрлық үкіметті дамыту бойынша әлемдік рейтингте 24-орында тұрғанымен, жасанды интеллект деңгейі бойынша 76-орында екенін, сондықтан инфрақұрылыммен қатар мамандарды даярлау және азаматтардың ЖИ-ді күнделікті өмірде қолдану дағдыларын дамыту маңызды екенін атап өтті.
Сонымен қатар марафон барысында қоғам үшін өзекті тағы бір тақырып – «Волонтерлік: жаңа азаматтық мәдениет» талқыланды. Соңғы жылдары еріктілер қозғалысы қарқынды дамып, жастар белсенділігінің маңызды бағытына айналып келеді. Волонтерлік мәдениеттің қалыптасуы азаматтық жауапкершілік пен әлеуметтік ынтымақтастықтың жаңа үлгісін көрсетеді.
«Ұлттық волонтерлік желі» ұйымының мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл бөлімінің басшысы Айбек Досымбетовтың айтуынша, кез келген елде волонтерліктің дамуына ұлттық мәдениет пен дәстүр үлкен әсер етеді. Батыс елдерінде волонтерлік көбіне заңмен реттеліп, кей жағдайда жұмыс күшінің тапшылығына байланысты қалыптасқан. Ал Қазақстанда бұл қозғалыс азаматтардың елге қызмет ету ниетінен туындайды.