Түркия Жоғарғы сайлау кеңесінің төрағасы Қазақстанның референдумға сапалы дайындалғанын атап өтті
Түркия Республикасы Жоғарғы сайлау кеңесінің төрағасы Ахмет Йенер Астана қаласындағы №149 сайлау учаскесіне барып, Қазақстанда өтіп жатқан жаңа Конституция бойынша референдум туралы пікір білдірді.
Ахмет Йенер ең алдымен Қазақстан халқына сәлем жолдап, Наурыз мейрамының басталуымен тұспа-тұс келген Амал күнімен құттықтады.
Ол сондай-ақ өзі аралаған сайлау учаскелерінде азаматтардың белсенділігі жоғары екенін атап өтті. Оның сөзінше, дауыс беру процесі жақсы өтіп жатыр, ал учаске қызметкерлері кәсіби дайындықтан өткен.
Ахмет Йенер сайлау учаскелерінде бақылаушылардың да жұмыс істеп жатқанын айтып, мұны демократияның маңызды белгісі деп бағалады.
Түркия Жоғарғы сайлау кеңесінің төрағасы сондай-ақ Қазақстан мен Түркиядағы сайлау жүйелерін салыстырып, екі елдегі тәжірибенің көп жағынан ұқсас екенін атап өтті.
Оның айтуынша, кейбір техникалық айырмашылықтар сайлаушыларды тіркеу жүйесінде ғана кездеседі. Бұл әр мемлекеттің өз заңнамасы мен жағдайына байланысты қалыпты құбылыс екенін атап өтті.
Ахмет Йенер референдум нәтижелері Қазақстан халқы мен елдегі демократиялық үдерістер үшін пайдалы болады деген сенім білдірді.