Жастар арасындағы «жест» нені білдіреді?
Көшеде немесе мектептер мен оқу орындарының ауласында бір-біріне қолмен түрлі белгілер көрсетіп, мәз-мейрам болып жатқан жастарды жиі көреміз. Бір қарағанда түсініксіз қимылдар сияқты көрінуі мүмкін. Бірақ іс жүзінде бұл – бүгінгі жас буынның өзара түсінісетін, сөзсіз сөйлесетін ерекше іс-қимылдары.
Қазіргі жастар үшін кейбір сөздерді, әрекеттерді сөзбен жеткізгеннен гөрі, бәрін бір ғана жестпен көрсете салу әлдеқайда оңайырақ. Кең таралған қимылдардың бірі – екі саусақты көтеріп, «V» әрпін жасау. Бұл ишара көбінесе суретке түскенде немесе достарымен кездескенде көп қолданылады. Бұл жестті жасау «менің көңіл күйім тамаша» дегенді аңғартады.
Бірақ, бес саусақ бірдей емес. Осы әдемі ишаралардың қатарында көңілге кірбің түсіретін, ерсі көрінетін жағымсыз әрекеттердің де бар екенін жасыра алмаймыз. Тіл шығару, оғаш іс-қимылдар жасау немесе келемеждегендей саусақ шошайту жағымсыз әсер қалдырады. Әсіресе, камераға қарап тілін шығарып, түрлі жағымсыз бейнелер көрсету көрген адамды да ыңғайсыз сезімге бөлейді.
Жастардың күнделікті өмірде пайдаланатын әрекеттері психологиялық тұрғыда қандай мағына беретінін білу үшін психолог маман Лаура Бексейітовамен аз-кем тілдескен болатынбыз.
Ал М.Х.Дулати атындағы Тараз университетінің 2-курс студенті Альбина Базарбай кейбір жағдайда айтқың келген ойыңды сөзбен емес бір жестпен немесе қолдың қимылымен көрсете салу әлдеқайда оңайырақ әрі жылдам екенін айтады.
Әрбір іс-қимыл – адамның ішкі мәдениетінің айнасы. Осындай әрекеттер арқылы жақсылықты да, жамандықты да тілмен айтпай-ақ жеткізуге болады.
Бір-бірімізге жылы ишара жасау арқылы біз қарым-қатынасты қарапайым әрі түсініктірек етеміз. Көшеден көрген әрбір кішкентай белгінің астарында шынайылық пен достық пейіл жатқанын түсіну маңызды. Осындай сөзсіз диалогтар арқылы жастар өздерінің мейірімін, қолдауын және өмірге деген құштарлығын саусақ ұшымен-ақ жеткізе біледі.
Сымбат ҚУАНЫШ