Әлеумет

Байыпты бастаманың берері мол

Қазақ халқының ұлттық болмысы мен бай мұрасын жаңғырту – бүгінгі буынның басты міндеттерінің бірі. Ұрпақтан ұрпаққа жалғасқан салт-дәстүр мен әдет-ғұрыпты дәріптеп, оны баланың санасына сіңіруді мақсат еткен «Асыл мұра» жобасы – осы бағыттағы тың бастамалардың бірі.

Жоба аясында Тараз қаласында балаларға арналған ұлттық нақыштағы ойыншықтар әзірленді. Оларды М.Х.Дулати атындағы Тараз университетінің профессоры Рысты Керімбаева практик мамандармен бірлесе отырып жасаған. Ғылыми негіз бен тәжірибелік ізденісті ұштастырған бұл еңбек – ұлттық құндылықтарды заманауи форматта ұсынудың жарқын үлгісі.

Бағдарлама 2017 жылы Тараз қаласындағы №18 «Еркежан» бөбекжай-бақшасында бастау алып, кейін №17 және №7 балабақшаларында жалғасын тапты. Осы уақыт аралығында жоба аясында патенттелген авторлық ойыншықтар, оқу материалдары, дидактикалық құралдар мен ірі модульдер әзірленіп, өндіріске енгізілді.

2024 жылы жоба авторлары Ғылым және жоғары білім министрлігі ұйымдастырған коммерцияландыру байқауына қатысып, 350 миллион теңге көлеміндегі грантты жеңіп алды. Грант аясында «Арнайы түзетуші іс-әрекет» атты әдістемелік құрал мен осы аттас әдістемелік нұсқаулық жарық көрді. Еңбектің авторлары – Рысты Керімбаева, Гүлмира Айтқұлова және Алма Ережепбаева.

Жобаның басты мақсаты – баланың тілін ұлттық нақыштағы ойыншықтар арқылы дамыту, ұлттық дүниетанымын қалыптастыру. Негізгі ерекшелігі – Қазақстанда алғаш рет ғылыми тұрғыда негізделген, дәлелденген, балалардың ұлттық құндылықтарға қызығушылығын арттыратын заманауи үлгідегі ойыншықтардың жасалуы.

Ойыншықтар қатарында «Бәйге», ұлттық өрнекке құрылған мозаика секілді танымдық әрі дамытушылық мәні бар өнімдер бар. Бұл – ұлттық мұраны ойын арқылы бала жүрегіне жеткізудің тиімді жолы.

Қазіргі таңда аталған жоба авторлары облыс әкімдігі мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының тілдерді оқыту орталығымен де тығыз жұмыс жүргізуде. Мемлекеттік тілдің дамуына үлес қосу мақсатында баланың тілдік дағдыларын, сөйлеуін дамыту бағытында әдістемелік құралдар да әзірленген.

Облыс әкімдігі мәдениет және

тілдерді дамыту басқармасы