Қоғам

Кепілдегі алтын кредитке кедергі болуы мүмкін

Ақша жетпей қалған сәтте көбіміз ломбард қызметіне жүгінетініміз жасырын емес. Қысылтаяңда біреуден қарыз сұрағанша бағалы бұйымдарын кепілге қойып, қысқа мерзімге қаржы ала салуды әдетке айналдырғандар қаншама. Кейін біреулер қарызын өтеп, затын қайта сатып алса, енді біреулер түрлі себептермен бұйымын қайтарып ала алмай қалады. Мамандардың айтуынша, дәл осындай жағдайда көпшілік қателікке жол беруі мүмкін. Себебі мерзімінде өтелмеген немесе жабылмаған қарыз несие тарихына кері әсер етеді.

2020 жылдан бастап Қазақстандағы барлық ломбардтар микроқаржылық ұйым ретінде танылып, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің бақылауына алынған. Осы кезден бастап ломбардтар беретін қарыз микрокредит ретінде есептеледі. Заң талаптарына сәйкес, ломбардтар жеке тұлғаларға берілген қарыз және оны өтеу тәртібі туралы ақпаратты кредиттік бюроға міндетті түрде ұсынуы тиіс.

Бұл деректер азаматтың несие тарихының бір бөлігіне айналып, соңғы ақпарат енгізілген күннен бастап кемінде бес жыл бойы сақталады. Сондықтан ломбардтағы қарыз банктен несие немесе ипотека алу кезінде ескерілетін факторлардың бірі ретінде саналады.

Дегенмен ломбард алдындағы қарыз азаматтың ипотека немесе өзге де банктік несие алуына тікелей тыйым салмайды. Банк өтінімді қарау кезінде қарыз алушының қаржылық жағдайын жан-жақты бағалайды. Атап айтқанда, табысы мен шығысын, жалпы қарыздық жүктемесін, бұрынғы міндеттемелерін және төлем тәртібін назарға алады.

Егер ломбардтағы қарыз уақытылы өтеліп отырса және мерзімі өткен берешек болмаса, несие мақұлдану ықтималдығы сақталады. Ал кешіктірілген немесе өтелмеген қарыздар банктер үшін тәуекел факторы ретінде қарастырылады. Мұндай жағдайда қаржы ұйымы несие сомасын азайтуы немесе өтінімді мүлде қабылдамауы мүмкін.

Сонымен қатар мамандар ломбард қызметіне жиі жүгіну де кейде азаматтың қаржылық тұрақсыздығының жанама белгісі ретінде бағалануы мүмкін екенін айтады. Егер қарыз алушының табысына шаққандағы ай сайынғы төлемдері жоғары болса немесе бірнеше микрокредит қатар жүрсе, банк қосымша тәуекелдерді ескереді.

Ал ломбардтағы қарыз уақытылы өтелсе, ол керісінше несие тарихында оң ақпарат ретінде тіркеледі. Бұл қарыз алушының төлем тәртібін сақтайтынын көрсетеді. Яғни мұндай жағдайда банктер үшін айтарлықтай мәселе туындамауы мүмкін.

Егер қарызды өтеу мерзімі өтіп кетсе, заң бойынша ломбард кепілге қойылған мүлікті бірден сатпайды. Алдымен ол бұйымды кемінде 30 күн сақтауға міндетті. Осы мерзім өткеннен кейін ғана ломбард кепілдегі мүлікті сатуға құқылы болады.

Бұл мәселеге қатысты «Отбасы банктің» Quanysh-AI чат-ботынан сұрап көрдік. Чат-боттың мәліметінше, ломбардтан алынған қарыз уақытында өтелмеген жағдайда несие тарихына әсер етеді екен.

Отбасы банктің Quanysh-AI чат-боты жасанды интеллект жүйелерін пайдалана отырып жауап берді:

Мамандардың айтуынша, болашақта ипотека алуды жоспарлаған азаматтарға барлық қарыздарын уақытында жауып, несие тарихын реттеп отырған жөн. Себебі кез келген қаржылық міндеттеме банк шешіміне әсер етуі мүмкін.

Айжан ӨЗБЕКОВА