Урбанизациядан не ұтамыз?
Урбанизация дегеніміз – қоғам дамуында қалалар рөлінің басымдыққа ие болуы екен. Яғни, аумақтық еңбек бөлінісі үлкен қалаларда шоғырлануының нәтижесінде, қала халқының саны өсуі һәм тұрмыс сапасының жақсаруы.
Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, қазіргі экономикалық даму қандай жолмен болса да урбанизация деңгейімен байланысты екен. Ал Қазақстанда Тәуелсіздіктің 35 жылында байқалған динамикаға қарасақ, 2050 жылға қарай урбандалу деңгейі 70 пайызға жетуі мүмкін екені болжалануда. Урбанизациядан біздің қазіргі қоғам не ұтады? Ой таразысына салып көрелікші...
Бүгінде Қазақстанда қанша ауылдың жойылғаны туралы ешкім дөп басып айтып бере алмайды. Көптеген ауылдар тоз-тоз болып, тұрғындары тіршілік қамымен тарыдай шашырап кетті. Тоқсаныншы жылдардың топалаңында басталған бұл кесел бертінге дейін жалғасты. Тіпті «Болашағы жоқ ауылдар» деген қасаң көзқарас қалыптасты. Еліміздің Солтүстік және Шығыс өңірлерінде қаңырап бос қалған ауылдар саны жыл өткен сайын көбеймесе, азаймай тұр. Тек бір ғана Солтүстік Қазақстан облысынан 60 ауыл «болашағы жоқ ауыл» атанып, мүлдем жойылып кетіпті. Жалпы соңғы 10 жылда елімізде 582 ауыл, ал өткен 2025 жылы 83 ауыл жойылыпты.
Кеңес одағының кезінде қазақтардың 70 пайыздан астамы ауылда тұратын. 1990 жылдары табиғи урбандалу процесі бұзылып, ауылдағылар қалаға жаппай үдере көшті. Қалаға күнкөріс, оқу іздеп келіп жатақханада, жалдамалы пәтерде, қала шетіндегі саяжайда немесе ауладағы сарай-лашықтарда тіршілік етті. Біреулер амалсыз ипотекаға жүгінді, сөйтіп қарызға батты. Олардың бір бөлігі тапқандарының жартысын ауылдағы қарт ата-анасына, туыстарына көмекке жіберіп отырса, кейбірі жетіспеушілікті ауылдың көмегімен жабуға тырысуда. Ала жаздай үй салу секілді бітпейтін тірліктің қамымен жүретіндер де аз болмады. Себебі қара қазан, сары баланың жағдайын жасау керек-ті. Сол үшін дұрыс, уақтылы демалу деген жайына қалды. Физикалық, психологиялық жағдайына қарамай, ауыр жұмысқа жегіліп, денсаулығын құртқандар саны көбейді. Осылайша не ауылға қайта көше алмай, не қалада дұрыс өмір сүре алмай жүргендер тобы көбейді.
Қазір кейбір адамдар қаладан ауылға көшкісі келетінін айтады. Бірақ, бармайды. Не үшін? Ауылды сағынамыз, еске аламыз. Бірақ, жақсы тұрмыс кешу үшін қалада тұру керек деп санаймыз. Көріп жүрміз, қалада керемет ештеңе жоқ. Ой таразысына салсақ, мегополистерде тұрған, өмір сүрген қолайлы шығар. Бірақ тұрғындардың шамадан тыс көптігі бірқатар мәселелер туындатып отыр емес пе? Мысалы, Алматы мен Астана көшелеріндегі кептеліс, жаз айларында ауызсудың, электр энергиясының, табиғи газдың жетіспеуі, экология және де басқа толып жатқан мәселелердің кез келген адамға әсер ететіні, депрессияға шалдықтыратыны белгілі. Ауылдан безіп, мегаполистердің төңіректеріне қоныстанған жандардың ауыр тірлігін теледидардан да көріп жүрміз.
Ойда көптен бері жүрген бір мәселе – неге біз белді-белді компаниялардың нысандарын, кәсіпорындарды, зауыттарды Астана, Алматы, Шымкент сияқты ірі қалаларда шоғылдандырып, онсыз да проблемасы көп қалаларды қолдан «тұншықтырып» жатырмыз? Неге әлгі нысандарды даму әлеуеті жоғары Шу, Қаратау, Жаңатас секілді шағын қалаларға орналастырмаймыз? Кеңес заманында солай болды емес пе? Мысалы, Жаңатаста еліміздегі ірі Үй құрылыс комбинаты (ДСК), айтулы жөндеу-механикалық заводы (РМЗ) жүйелі жұмыс істеді. Бұл кәсіпорындарда мыңдаған жұмысшы қажырлы еңбек етті. Өкінішке қарай егемендік алған жылдары кәсіпорындардың жұмысы тоқтап, талан-таражға түсіп, істеп тұрған құрылымдар, токарлық станоктар және тағы басқа бұйымдар Қытай асып кетті. Олардың пайдасын жеке пысақай шенеуніктер көрді.
Кезінде әр кеңшар, ұжымшарда үлкенді-кішілі тауарлы сүт фермалары болып, онда жүздеген адам қысы-жазы еңбек етті. Ауылдардағы машина-трактор стансаларында (МТС) да жұмыс қайнап жататын. Сол алғашқы егемендік алған жылдары мемлекетімізді басқарған Н.Назарбаев «Бізге қызыл директорлар керек емес» деп, кеңшар мен ұжымшарларды ойсыз, негізсіз таратып, техникалар мен жерді «ханталапайға» салғаны әлі есімізде. Содан кейін-ақ ауылшаруашылық саласы күйзеліске ұшырады, жұмыссыздық жайлады, халық күн көрудің жолын іздеп, ала дорба арқалап, қала-қаланы кезіп, тентіреп кетті. Бала-шағаны бағу, нәпақа табу, әрине, жеңіл болмады, халық үлкен күйзеліске ұшырады. Тек қана санаулы іскер азаматтар дер кезінде есін жиып, жауапкершілікті қолға алып, агрофирмалар, агрохолдингтер құруды ұйымдастыра білді. Олардың өздері алғашқы жылдары Үкіметтен қолдау таппай, көптеген қиындықтарға ұшырады. Қазір олардың өзі көп емес, саусақпен санарлықтай ғана. Мысалы, Ақмола облысының Целиноград ауданындағы Иван Сауэр басқаратын «Родина» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі еліміздегі ең беделді, өнегелі алдыңғы қатардағы шаруашылық. Осы агрофирмада 900-ден астам адам еңбек етіп, шаруашылықтың ісін өрге домалатып отыр. Олар жыл сайын 16,2-16,5 миллиард тенгенің өнімін өндіріп, оның 68 пайызын малшаруашылығы арқасында көріп отыр. Одан бөлек көкөністер, жеміс-жидектер мен картоп өсіріп, Астана қаласына жыл сайын 80-90 тонна сүт өткізеді. Агрофирма өз қаражатына жұмысшыларға үй салып, мектеп, монша, мәдениет үйін, спорт кешенін тұрғызып, көшелерін асфальттап, ауызсу, энергия мәселесін шешіп алған. Талапты жастарды жоғары оқу орнына түсіріп, өз қаражаттарына оқытып, өздеріне керекті мамандар дайындап жатқан жайы бар. Міне, осындай агорфирманың ісіне риза болып, жұмысшыларының тұрмыс-тіршілігін көріп жүрегің жылиды.
Осыдан бірнеше жыл бұрын Жамбыл облысы, Тұрар Рысқұлов ауданы, Жарлысу аулындағы «Шәушен» шаруа қожалығы жайлы халық арасында жақсы пікірлер айтылып жүрді. Оның жетекшісі марқұм Сайрамбай Дөненбаев шаруашылықтың ісін жандандырып, қой санын 15 мыңға жеткізіп, мыңғыртып жылқы мен ірі қара өсіріп, етпен, қымызбен Алматы, Астана тұрғындарын қамтамасыз етті. Жұмысшыларына қамқорлық жасап, үйлер мен мектеп-интернат, клуб, балабақша ғимараттарын тұрғызып, туған аулына жаңа рең беріп, абаттандырды. Асфальт жол салып, су құбырларын жүргізіп, көптің батасын алды. Науқастарды емдейтін сауықтыру-емдеу, оңалту орталығын ашты. Көпшіліктің қолдауымен оған еліміздің ең жоғары наградасы – «Қазақстанның Еңбек Ері» атағы берілген болатын. Әттең, коронавирус инфекциясы іскер азаматты өмірден ерте алып кетті. «Шәушеннің» қазіргі жайы бізге беймәлім.
Ашығын айтқанда «урбанизацияға жол беру керек, бүкіл әлем соған бағыт алып отыр» деп билік басында отырғандар жұрт алдында ақталып жүргенде, ауыл тіршілігін тым қожыратып алғанымызды көзіміз көріп отыр. Осыншама дарқан, кең жері бар мемлекетімізде халық саны 20 миилионнан сәл ғана асып жығылады. Кейбір мәліметтер бойынша көрші Қытай мемлекетінде бір жылда 17 миллион сәби дүниеге келеді екен. Ойланыңызшы, ауылдарды талақ етіп, көпшілік халықты қалаға әкеп «қамағаннан» не ұтамыз? Бос қалған кең-байтақ даламызға ертең кім ие болады? Онсыз да Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан сияқты өңірлер мен шекараға жақын аймақтардағы ауылдардан ырыс-береке кетіп, біразы қаңырып бос қалып, халық саны күрт азайып кетпеді емес ме? Ауыл мәселесі шешілмей, ілгері басамыз, байлыққа кенелеміз деу жарға жығар бос, берекесіз, желбуаз сөз.
Осы Алтайдан Жайыққа дейінгі жерді алып жатқан еліміздің тамақ өнімдерін сырттан, яғни көрші елдерден сатып алуы ұят емес пе? Неге өзімізді өзіміз нанмен, картоппен, етпен, балықпен, күрішпен, тарымен, май, айран-сүтпен толық қамтамасыз ете алмаймыз? Оңтүстікте жыл сайын мыңдаған тонна мақта жинаймыз, ол қайда, кімдерге кетіп жатыр? Неге киімді, тіпті, шұлықты да сырттан тасимыз? Бүгінде ешкімге керек болмай, ауыл-аймақта шіріп, өртеніп жатқан тонна-тонна жүн мен тері өнімдерін «тірілтіп», қайта қолға алып, неге өзімізде пайдалы заттарды өндірмейміз? Тері мен жүнді керек етпей, шетелдерден солардан жасалған киім-кешектерді, аяқкиімдерді және де басқа бұйымдарды пәленбай қаржы жұмсап, сатып алып жатқанымызды неге ойланбаймыз? Өзімізді өзіміз қолдан кедейшілікке ұрындырып отырғанымыз намысқа тиеді.
Егер адам өз еліндегі өмір сапасына қанағаттанса, балаларының болашағына сенімді болса, онда ол басқа жақтан жұмақ іздемей, осы мемлекетте бизнесін ашады, кәсіпорнын дамытады, жұмыс істейтін компаниясының көрсеткіштерін жақсартады. Еліміздегі адам капиталының нашарлауының негізгі факторлары – білім беру, денсаулық сақтау және еңбек нарығы жүйелерінің қазіргі әлемде болып жатқан экономикалық қиындықтардың факторларына дайын емес екені.
XX ғасырдың жиырмасыншы жылдары алғашында ресейлік, кейін америкалық көрнекті әлеуметтанушы ғалым Питирим Сорокин (1889-1968) революция көсемі В.Ленинмен үлкен пікірталасқа түсіпті. «Сіз социализм қоғамын құрамын дейсіз. Сіздің адамдық материалыңыз қандай? Кімдермен құрасыз? Ресей социализмге әлі дайын емес. Сіз оны күшпен, я қуғын-сүргінмен құрмасаңыз, адамдық потенциал, адамдық әлеует Ресейде жоқ» дегенді айтқан екен. Кейін солай да болды.
П.Сорокин сол айтыстан кейін көп кешікпей Ресейден Америкаға қоныс аударып, сол жерде 79 жасында қайтыс болады. Сол Питиримнің «Қандай да қоғам болмасын, сол қоғамның жағдайы ең алдымен оның азаматтарының қадір-қасиетіне, біліміне байланысты» деген сөзі бар. Ол сондай-ақ: «Нақұрыстар мен қабілетсіз адамдардан тұратын қоғам ешуақытта да үлкен табысқа ие бола алмайды. Бір топ сауатсыз надандарға тамаша конституцияны берсеңіз де тамаша қоғам құра алмайсыз. Ал, керісінше, талантты, дарынды, білімді, дені сау, жігерлі азаматтардан тұратын қоғам сөзсіз өмір сүрудің жаңа, ілгері жолдарына бастап, табысқа жетеді», – депті.
Қандай керемет, тапқыр сөздер! Қоғамды алға жылжытып, жақсылыққа жету үшін ақылды, білімді, қабілетті, іскер, белсенді, батыл, жігерлі азаматтар керек. Олар озық ойларымен, өз игілікті істерімен, ерен басқару қабілетімен қоғамға локоматив бола алады. Қазіргі заман бізден соны талап етіп отыр.
Бүгінгі қоғамымызда өкінішке қарай майдаланған, ұсақталған берекесіз көзбояушылар, бос уәде берушілер, тойымсыздар, әділетсіздер, арсыз, менмен, жағымпаз жандардың көбейіп бара жатқаны көпшілікті әжептеуір алаңдатады. Оған сірә, заманды кінәлеу дұрыс болмас. Заманды жасайтын адамдар, яғни мына сіз бен біз емеспіз бе? Ойланатын жайт. Өмір кемесі бізді қайда алып барар екен? Лайым, барлығы жақсылықпен аяқталса болғаны.
Сағындық ОРДАБЕКОВ,
медицина ғылымдарының докторы, профессор,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі