Алаяқтардан айла артылмай тұр
Өткен жылы интернет арқылы жасалатын алаяқтық қылмыстар саны бұрын-соңды болмаған деңгейге жетті. Қаржылық сауат артып келе жатқанымен қылмыскерлердің айла-тәсілі күрделеніп, келтірілген шығын көлемі миллиардтаған теңгеге ұласқан.
«FinGramota» медиапорталының мәліметінше, 2025 жылдың қаңтар-қараша айлары аралығында интернет-алаяқтыққа қатысты 26,3 мың қылмыстық құқықбұзушылық тіркелген. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 20,3 пайызға көп және 2019 жылғы көрсеткіштен 3,4 есе жоғары.
Ресми деректерге сүйенсек, ең жиі қолданылатын әдістер – фишинг. Яғни қулығына құрық бойламайтын алаяқтар банк, пошта қызметі немесе мемлекеттік ұйымдардың атынан азаматтарға жалған хабарламалар жібереді. Көбіне «Telegram» және «WhatsApp» сияқты мессенджерлер арқылы күмәнді сілтемелер таратады. Желі пайдаланушылары сілтемені ашқан кезде шынайы сайтқа ұқсатып жасалған жалған парақшаға өтеді. Онда адам өздерінің жеке деректерін, банк картасының нөмірін немесе құпия кодтарын енгізуі мүмкін. Осындай мәліметтерді қолға түсірген алаяқтар кейін банк картасына қол жеткізіп, шоттағы ақшаны заңсыз иемденеді.
Жуырда «Facebook» әлеуметтік желісінде интернет-алаяқтық жайлы жазбаға көзіміз түсті. Онда Тараз қаласының 19 жасар тұрғыны Фатима Ержанқызы өз басынан өткен оқиғаны баяндаған.
Кейінгі кездері алаяқтар жасанды интеллект, «Deepfake» технологияларын жиі қолданатын болды. ЖИ адам өмірін жеңілдетіп қана қоймай, кибершабуылдың жаңа түрлерінің пайда болуына ықпал етіп отыр. Бұрын хаккерлердің қолынан келмейтін күрделі шабуылдар енді автоматтандырылған жүйе арқылы жүзеге асырылады. Мысалы, бейне немесе аудио жазбалар арқылы адамның даусын, бейнесін айнытпай жасап, жақындарына хабарласып, ақша сұрайтын жағдайлар да көбейген. Жасанды интеллект негізінде жасалған алаяқтық схемалар дәстүрлі шабуылдан әлдеқайда қауіпті. Себебі олар болжам арқылы адамның мінез-құлқын, жүйедегі осал тұстарын және үлкен көлемдегі деректерді талдап, шабуылдарды барынша тиімді етіп жоспарлай алады.
Сондай-ақ мерекелер қарсаңында алаяқтар адамдардың сеніміне кіру үшін түрлі айла-тәсілдерді қолданады. Мысалы, «Сізге гүл беріп жіберді», «Курьер келгенше SMS-кодты айтып жіберіңіз» немесе «Сіз сыйлық ұтып алдыңыз» деп адамдардың көңіл ауанын тап басып, алдап соғуға тырысады. Құқық қорғау органдары мұндай қоңырауларға, хабарламаларға аса сақтықпен қарау керектігін ескертеді. Ең бастысы – SMS арқылы келген кодты ешкімге айтуға болмайды. Өйткені бұл код – сіздің банктік шотыңызға немесе жеке кабинеттеріңізге кіруге арналған құпия кілт іспетті. Тіпті банк қызметкерлері немесе курьерлердің өзі де мұндай кодты сұрамайды.
Сонымен қатар полиция қызметкерлері интернет арқылы гүл немесе сыйлық сатып алғанда да абай болуға кеңес береді. Мереке кезінде гүл мен түрлі сыйлықтарға сұраныс көбейетінін жақсы білетін алаяқтар әлеуметтік желілерде, әсіресе «Instagram» платформасында жалған онлайн-дүкендер ашуы мүмкін. Олар адамдарды қызықтыру үшін тауарды өте арзан бағамен ұсынып, түрлі «акция» мен «жеңілдіктер» жариялайды. Алайда сатып алушы алдын ала төлем жасағаннан кейін, алаяқтар байланысын үзіп, ізін жасырып кетеді. Мұндай жағдайларға тап болмас үшін тек сенімді, бұрыннан жұмыс істеп келе жатқан онлайн-дүкендерге ғана тапсырыс беру қажет.
Тақырыпқа тұздық ретінде облысымызда тіркелген бір дерекке қысқаша тоқталсақ.
2026 жылғы 17 ақпанда Байзақ аудандық соты Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 190-бабы 3-бөлігінің 1) 4) тармақтары бойынша өңірдің екі тұрғынына қатысты қылмыстық істі қарады.
Сотталушылар 2024 жылдың желтоқсан айынан бастап алдын ала сөз байласу арқылы заңсыз пайда табу мақсатында «WhatsApp» мессенджерінде ыдыс-аяқ және өзге де тұрмыстық тауарларды төмендетілген бағамен сату туралы хабарландырулар жариялаған. Заңды қызметтің көрінісін жасап, сатып алушылардың сеніміне кіру үшін алғашқы клиенттерге тауарларды нақты жеткізген. Кейіннен басқа азаматтардан тапсырыс қабылдап, ақшалай қаражатты алғанымен, тауарларды жеткізу бойынша міндеттемелерін орындамаған, алынған қаражатты өз қалауларынша пайдаланған.
Қылмыстық әрекеттер салдарынан 112 адам зардап шегіп, оларға жалпы сомасы 51 288 146 теңге көлемінде материалдық залал келтірілген.
Сот талқылауы барысында сотталушылар кінәларын толық мойындап, жасаған істеріне өкінетіндерін білдірді.
Сот үкімімен күйеуі 2 жыл 8 айға бас бостандығынан айырылса, жұбайы 2 жыл 4 айға бас бостандығынан айырылды.
Сондықтан да мамандар азаматтарды мессенджерлер мен әлеуметтік желілер арқылы тауар сатып алу кезінде қырағылық танытуға, бағасы едәуір төмен ұсыныстарға тиісті кепілдіктер мен құжаттарсыз сенбеуге, ал алаяқтық деректері туындаған жағдайда дереу құқық қорғау органдарына жүгінуге шақырады.
Сымбат ҚУАНЫШ