Әлеумет

Талпынған теңін табады

Жалпы адамзат ұғымында отбасы құру – кез келген тірі пенденің ең ұлы мұрат-мақсаты. Қазақ қоғамы үшін де шаңырақ көтеру өмірдің заңды бір белесі саналады. Алайда кейбір тағдыр иелері бұл белесті кеш аттайды. Уақыт сырғып, жылдар өтіп, жүзінің әрі тайып, самайын қырау шалса да олар бойдақ қалпында жүре береді. Ұзақ уақыт бойдақ болып жүретіндердің бірі осы тұрмысын жөн санаса, енді бірін тағдыр солай сынап жатқан сыңайлы. Жасы қырықтың қырқасына шықса да отбасын құра алмау – кейде таңдау, кейде тағдыр, кейде өмірдің бұралаң соқпағының салдары.

Мұның тағы бір себебі жүрек қалауын ұзақ іздеумен байланысты. Олар махаббатты кездейсоқтық емес, тағдырдың үлкен сыйы деп түсінеді. Сондықтан көңіліне қонбайтын қарым-қатынасқа асықпайды. Жүрегі шын жылитын жанды таппайынша, үйленуге тәуекел етпейді. Уақыт өтіп жатқанын сезсе де, сезімнің тазалығын бәрінен жоғары қояды.

Кейбірі дайын еместігін алға тартады. Себебі отбасын құру – тек қуаныш қана емес, үлкен міндет екенін жан-тәнімен түсінеді. Сондықтан шаңырақ көтермес бұрын жағдайын түзеп алуды ойлайды.

Кейбір жандардың тағдырын өзі емес, жағдай шешеді. Біреуі ата-анасына қарайлап жүріп қалса, енді бірі білім қуып, көп уақытын жоғалтады. Тағы бірі өмірдің түрлі сынақтарымен бетпе-бет келіп, түрлі келеңсіз кедергілерді басынан кешеді. Осылайша уақыт өте береді де, олар талай жылды артқа тастап, өздерінің қартаң тартқанын байқамай қалады. Ең ауыры да осы.

Дегенмен қыздардың кәрі қыз атанып, отырып қалуы, жігіттің сүрбойдаққа айналып жүріп қалуы өмірдің тоқырауы емес. Бұл әр адамның өз жолы, өз уақыты бар екенін еске салатын құбылыс. Кейбіреулер сөйтіп жүріп кеш болса да өз бақытына жолығып, сәби сүйіп үлгереді. Кейде тағдыр адамды ұзақ айналдырып барып, дәл керек жеріне алып келеді. Сондықтан оң босағада отырып қалған арулар мен сүрбойдақтардың өмірі де үмітсіз емес. Өйткені жүрек тірі тұрғанда, жаңа шаңырақтың оты жалындап жануы әбден мүмкін.

Осы орайда жасы қырықтың қырқасынан асса да түрлі себептермен жалғыз жүрген жандармен тілдесіп көрген едік. Өмірінің алтын ортасына келсе де, не отау құрмаған, не сәби сүймегендердің кейбірінің жан-жарасы тым тереңде екенін ұқтық. Ал енді бірі жауапсыз махаббаттың салдарынан отбасы құруға құлқы жоқ екенін алға тартты. Неше адам болса, сонша тағдыр. Сондықтан сан сұраққа, сан алуан жауап алдық.

Аман мен Айманның тағдыры жан тілгілейтіні анық. Алайда төрт құбыласы тең бола тұра, отбасы құрғысы келмейтіндер де жоқ емес екеніне куә болдық.

Мархаббат биыл 49-ға толды. Бар ғұмырын сауда-саттыққа арнаған кәрі қыз бүгінде не ішіп, не жеймін демейді. Жегені алдында, жемегені артында. Қымбат көлік, зәулім үй, табысты жұмысы бар Мархаббат салтбасты болып жүріп те бақыты болуға болатынын алға тартты.

Ал бір отбасының жалғыз ұлы Сұңғат биыл 40 жасын тойлады. Сұңғаттың неге отбасы құрмағанын көбі білмейді. Себебі табиғатынан тұйық жігіт ағынан жарылып ешкімге сырын айтпайды.

Сұңғаттың анасымен де тілдесудің сәті түсті. Ол өзінің жалғыз ұлының үйленбей қалғанына өкінетінін және соған өзінің кінәлі екенін жасырмады.

Осы орайда психологтардың кеңесіне жүгініп көрген едік. Психолог біреулер үшін үйленбеу – саналы таңдау болса, енді біреулер үшін өмірдегі түрлі келеңсіз жағдайлардың нәтижесі екенін алға тартты.

Айшадан (р.а.) жеткен риуаятта Алланың елшісі (с.а.с.): «Неке – менің сүннетім. Кімде-кім менің сүннетіме амал етпесе, ол менен емес. Сондықтан да үйленіңдер, мен Қиямет күні басқа үмбеттерге сендердің көптіктеріңмен мақтанайын», – деген. Сондай-ақ, Пайғамбар (с.а.с.) өзінің хадистерінде қандай жар таңдау керектігін де айтып өткен. Пайғамбарымыз (с.а.с.) бір хадисінде: «Ей, жастар тобы! Іштеріңнен кімнің күші жететін болса – үйленсін. Өйткені үйлену арқылы ол көзін харамдарға қараудан сақтайды әрі мүшесін қорғайды. Ал, егер кімнің күші жетпей жатса ауыз бекітсін. Өйткені ораза – оның қалқаны», – деген. (Бұхари  риуаяты). Сондықтан әрбір адам отбасыға құруға асығу керек.

Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ