Қоғам

Отандық такси платформасы бәсекеге төтеп бере ала ма?

Бұрын көпшілік арасында «Қолынан түк келмейтіндер ғана «таксист» болады» деген ұғым бар еді. Өйткені ол кезде жеке көлігімен ақыға адам тасушылар халыққа қызмет көрсету орталығы, базар, тойхана немесе адам аяғы көп жүретін тұрғын үй, аялдама секілді қандай да бір нысанның алдында өткен-кеткенге «такси, такси» деп айқайлап, өз қызметін ұсынатын.

«ТАКСИСТ» БОЛУ ОҢАЙ ЕМЕС

Тіпті ол жерге біреу «таксист» ретінде жаңадан жұмыс істеуге келсе, бұрыннан жүргендер ондай адамды әкесінен қалған мұрадай ол жерге жолатпайтын. Ал тұрағы жоқ «таксистер» негізінен көше-көшені кезіп, клиентті жол бойынан іздейтін. «Таксистердің» дені тапқан табысынан салық төлеуге құлықсыздық танытып, жасырынып, қашып-пұшып, заңсыз жолмен ақша табуға бейім тұратын. Негізі «таксист» болудың да оңай шаруа еместігін «таксисттердің» кейбірінің клиент келіскен ақшасын бермей қашып кетуі, ұрып-соғу, тонау секілді жағдайларды басынан өткеруімен байланыстыруға болады. Өз кезегінде олар ұсынған қызмет талапқа сай болды ма, жоқ па ол да бір Аллаға аян еді. Сондықтан мұндай қызмет түрі қоғамда «жабайы таксист» аталып кеткен еді.

Қазір жағдай мүлде басқаша. Қоғамда онлайн такси қызметі пайда болғалы тұрғындардың «таксистке» деген көзқарасы өзгерді. Себебі «таксиге» үйден шықпай-ақ тапсырыс беріп, көлікке есігінің алдынан мініп, есігінің алдынан түсетін дәрежеге жетті. Тіпті ас-суын да соларға алдыратындар бар. Бұрынғыдай көшеге шығып, көлікті қол бұлғап тоқтату келмеске кетті. Қандай көлік келе жатқаны, иесі кім екені, ол қанша уақытта жететіні секілді мәліметтің барлығы клиенттің көз алдында.

Бір өкініштісі, бүгінде «такси» нарығының тарифі ұзақ күнде қырық құбылатын болды. Әсіресе таң ертеңгі және кешкі қарбаласта, мереке және ауа райының жауын-шашынды күндері баға тіптен шарықтайды. Баға қымбат болғанымен оның қызығын «таксист» емес, онлайн такси сервистік қызметін ұсынушылар көруде. Бүгінде еліміз бойынша, оның ішінде Жамбыл облысы Тараз қаласының «такси» нарығын бір ғана ресейлік «Яндекс» компаниясы билеп-төстеп отыр. Нарықта шетелдік «Яндекс» пен «inDrive» компаниясының тасы өрге домалап тұрғанымен, «Яндексте» баға түссе, «inDrive» платформасында да түседі, көтерілсе, көтеріледі.

 

БАҒА НЕГЕ ҚҰБЫЛМАЛЫ?

Осы ретте біз клиенттердің де онлайн такси қызметі туралы ойларын білмекке тырыстық. Арагідік болса да «такси» қызметін тұтынатын әріптесіміз Ақтоты Жаңабайды сөзге тарттық. Ол бүгінде «такси» қызметі адам өмірінің ажырамас бөлігіне айналғанын, осы қызмет шұғыл қажет болғанда оның бағасы аспандап кететінін, бағасы удай болса да амалсыз келісетінін айтады.

Тағы бір «такси» жүргізушісі Ерлан Сәулебек отандық платформалардың белсенді жұмыс істеуіне әркез атсалысып жүргенін айтады. Ол отандық өнім бәсекеге төтеп беруі үшін халық та, жүргізуші де осы қолданбаны пайдаланғаны жөн деп санайды.

Сондай-ақ кейіпкеріміз бұл платформада клиенттің жүргізушінің қанша минутта жететінін көре алмайтыны, кей мекенжайдың картадан шықпайтынын да жасырмады.

 

«APARU» ЖҮЙЕСІ ТИІМДІ МЕ?

Жақында «Aparu» компаниясын бірлесіп құрушы Ерлан Шаяхметов пен Максим Дементиев «такси» жүргізушілерімен кездесу үшін арнайы Тараз қаласына келген болатын. Олармен орайын тауып жолығып, осы және басқа да сұрақтарға жауап алған едік.

Максим Дементиевтің айтуынша, бағдарлама жетілдірілу үстінде. Мысалы, «iPhone» мобильді құрылғысында жүргізушінің қанша минутта жететіні, қай жерде келе жатқаны көрінеді екен, салық төлеу мәселесі де реттелуде. Картада жаңадан нысан салынып, ол мекенжай анықталмаса, сол жерде нақты қандай нысан бар екенін жүргізуші қолдау қызметіне жазса, ол картаға бірден енгізілетін көрінеді.

Облыс бойынша мемлекеттік кірістер департаменті түсіндіру жұмысы және байланыс орталығы басқармасының басшысы Ерлан Нұрмаханбетовке хабарласып, «такси» жүргізушісі көтерген мәселені жеткіздік. Ол «таксистердің» жаңа заңнамаға сәйкес өзін-өзі жұмыспен қамтығандар үшін режимін қолдануға болатынын айтты. Бірақ ол үшін атында кәсіпкерлік (ИП) болмауы тиіс.

Бір айта кетерлігі, өзін-өзі жұмыспен қамтығандар режимі зейнетке ерте шыққан «таксистер» үшін өте қолайлы. Мысалы, ол адам «такси» қызметімен айналысса немесе көлігін айына 100 мың теңгеге жалға берсе де ешқандай ауыр салық жүктемесі міндеттелмейді. Ол тек қосымша арқылы чек енгізіп, табысын көрсетеді. Осылайша зейнеткер «таксист» заңды түрде, ашық әрі адал жұмыс істей алады.

Нұрым СЫРҒАБАЕВ