МАҚТАҒАН МӘЗБАЕВ ТА МАНДЫТПАДЫ
МАҚТАҒАН МӘЗБАЕВ ТА МАНДЫТПАДЫ
Обалы не керек, «Тараз» чемпионатты тәп-тәуір бастап еді. Алғашқы турларда өз алаңында да, сырт алаңда да ұпайдан шашау шығармай, қарсыластарын қоғадай жапырды. Тіпті «Астана», «Ақтөбе», «Тобыл», «Қайрат» секілді азулы командалардың барлығын артқа тастап, турнир кестесінде көш бастады. Сондағы жанкүйерлердің қуанышын сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Клубтың әуелгі қарқынына қарап «Тараз» биыл чемпион болады», «Таразды» енді ешкім тоқтата алмайды», «Мәзбаев жарады» деп алдын ала тон пішкендер көп болды. Алайда тым ерте қуанған екенбіз. Мақтаған «Таразымыз» чемпионат ортасына жетпей жатып «омақаса құлады». Әр тур сайын төмен қарай сырғи берді, сырғи берді. Қазіргі таңда 21-турдың қорытындысы бойынша «Тараз» 10-орынға жайғасқан. Мақтанатындай көрсеткіш емес. Осылайша алғашында жарау аттай жарап тұрған «Тараз» жүрісінен әбден жаңылды. Егер чемпионаттың фавориті саналған командаларға есе жіберсе түсінуге, кешіріммен қарауға болады. Алайда соңғы турларда фаворит емес, премьер-лигада ілініп-салынып жүрген аутсайдер командалар «Таразды» қалпақпен ұрып алып жүр. Алысқа бармай-ақ, соңғы «Мақтааралға» қарсы өткен ойынды еске алайықшы. Ойын күні ауа райының суықтығына қарамастан Тараз қаласындағы орталық стадионға ағылған жанкүйерлердің қарасы көп болды. Себебі жанкүйерлер Нұркен Мәзбаев шәкірттерінің басқасы басқа, бар болғаны 15 ұпаймен турнир кестесінде соңғы орында тұрған «Мақтааралды» жеңетініне сенімді еді. Тіпті матч басталмай тұрып «Тараз» қанша доп айырмасымен жеңіске жетуі мүмкін» деп бәстесіп отырған жанкүйерлерді де көзіміз көрді. Өкінішке қарай, жанкүйерлер тағы да жаңылды. Төреші ысқырығы естілісімен Мұхамеджан Сейсен қорғаған қақпаға лап қойған «мақтааралдықтар» ойын тізгінін өз қолдарына алуға тырысты. Қос қапталдан алма-кезек шабуылдар ұйымдастырып, «Тараз» қорғаушыларының, қақпашысының әбден мазасын қашырды. Ал біздің жігіттер тек қорғанысқа көңіл бөліп, шабуылды ұмытып, қайраңда қалған кемедей дәрменсіз күйге түсті. Қонақтар ойынның 35-минутында діттеген мақсаттарына жетіп, есеп ашып үлгерді. Бірінші таймда «Мақтаарал» допқа 51 пайыз, ал «Тараз» 49 пайыз иелік етті. Тиісінше қарсыластар ойынның бірінші бөлігінде біздің қақпаға үш тура соққы бағыттаса, Мәзбаев шәкірттері екі соққымен шектелді. Ойынның екінші таймы да тең дәрежеде өтті. «Тараздықтар» есепті теңестіруге тырысқанымен, алайда ешқандай нәтиже шықпады. Шынымызды айтсақ, қақпашыны қоспағанда он ойыншының алаңда бар-жоғын да айыра алмай дал болдық. Намысқа тырысып жеңісті жұлып алудың орнына матчтың тезірек аяқталуын асыға күткендей допты оңды-солға теуіп, уақыт өткізумен болды. Керісінше қарсыластардың есепті еселейтін бірнеше тамаша мүмкіндігі болды. Абырой болғанда, бірде қақпашы Мұхамеджан Сейсен қырағылық танытса, енді бірде «Мақтаарал» шабуылшылары мүлт кетіп жатты. Осылайша өз алаңында қолда тұрған үш ұпайдан айырылған «Тараз» жанкүйерлерді жерге қаратты. Матч аяқталғаннан кейін БАҚ өкілдері бас бапкерлердің қатысуымен өтетін баспасөз мәслихатына кіріп, көкейдегі көп сұрағына жауап алғысы келген. Алайда ойын барысында емес, ойыннан кейін ұяты оянды ма, бас бапкер баспасөз мәслихатында төбе көрсетпеді. Сондықтан клубтың «Telegram» каналында жарияланған бас бапкердің көмекшісі Нұрмат Мырзабаевтың «Мақтааралмен» өткен матчқа байланысты берген сұхбатын оқырмандардың назарына ұсынғанды жөн көрдік. «Біздің ойыншыларда психологиялық тұрғыда құлдырау болғандай сезілді. Қарсылас команда тыңнан түрен салып, жаңадан бір нәрсе ойлап тапқан жоқ, бірақ гол соға білді. Бұл жерде тек психологиялық тұс маңызды рөл ойнап кетті деуге болады. Шын мәнінде, біз демалмай жұмыс істедік. Бірақ қайталап айтамын, мәселе шаршағанда емес, психологияда болып тұр. Біз біріншілік басында болған ритмді ұстай алмаудамыз. Біз кім айыпты екен деп кінәліні іздемейміз. Нәтиже үшін команда жауапты. Кез келген адам қателесуі, бірі байқамай қалуы, бірін-бірі түсінбей қалуы мүмкін. Бірақ футбол – ұжымдық ойын. Ойында бір адам ұтып, бір адам жеңілмейді», деп ағынан ақтарылыпты бас бапкердің көмекшісі. Бас бапкер демекші, өз алаңымыздағы масқара жеңілістен кейін әлеуметтік желіде Нұркен Мәзбаевтің бапкерлік қызметтен кететіні жайлы ақпарат тарады. Алыпқашпа әңгімеге сенсек, Мәзбаев клуб басшылығына «басқа жаттықтырушы іздеңіздер» деп ашық айтып, қазір жүгін буып-түйіп кетуге дайын отырған көрінеді. Енді бес турдан кейін ел біріншілігі аяқталады. Ертең «Тараз» өз алаңында «Қызылжарды» қабылдайды. Егер «Қызылжарға» да қарсы қайрат көрсете алмаса «Тараз» 12-орынға дейін төмендеуі әбден мүмкін. Бір сөзбен айтқанда, «Тараздың» тағдыры дәл қазір қыл үстінде тұр. Клуб директоры Жандос Ахметов енді қандай айла қылар екен?! Әйтеуір мақтаған қыздың кері келіп, чемпиондықты, үздік алтылықты былай қойып, бірінші лигадан бір-ақ шықпасақ болғаны.