Білгім келген бір сұрақ?

Жұрттың қабағы неге қатулы?

Соңғы уақытта психология, коучинг, менторлық сынды түрлі түсініктер қоғамда кең сұранысқа ие бола бастады. Әлеуметтік желінің даму қарқыны да уақыт өткен сайын арта түсуде. Себебі қоғам тарапынан сұраныс жоғары. Дейтұрғанмен, осының салдарынан адамдарда саналық тұрғыдан өзгерістер байқалуда.

Өзгеріс демекші, бүгінде әлеуметтік желіде желдей ескен контенттің көбі ақыл, кеңес сарынында. Еңбектеген баладан еңкейген қартқа дейін өмірлік кеңестермен бөлісіп жатады. Бірі танымалдылықты қаласа, бірі түйгенін түсіндіруге тырысады. Өкініштісі сол, құмырсқадай қаптаған бейнежазбалардың  адамдардың ой-санасына теріс әсер етуде. Жан-жағымызға бағамдай қарайықшы, көбінің қабағы қатулы. Себепсіз ашуланамын  деп, соңында бармақ шайнап, қалып жатқандар да жетерлік. Бұл қоғамның ашушаң бола бастағанының көрінісі іспетті.

Қоғамдағы бұл өзгерістің себебін білмекке біз филология ғылымдарының докторы Сәмен Құлбарақты әңгімеге тартып, сөйлескен едік. Ол адамның ашуының түрлі себептері болатынын, бірақ бәрін ақылға салу қажеттігін тілге тиек етті.

Қоғамда жиі көрініс табатын жанжалдың көбі аға буын мен жас толқынның немесе үлкен мен кенженің арасындағы келіспеушілік. Бірі ақылын айтқанымен, оны екіншісі жақтырмай, түрлі дау-дамай туындап жатады. Ағаның ініге, інінің ағаға айтар базынасы бар. Мәселен, қоғамдық көліктегі орын таласы сынды даулар күнделікті тіршілікте жиі көзге шалынады. Біз сөйлескен Тараз қаласының тұрғыны Нұрдәулет Мұсаның айтуынша, бүгінде адамдар арасында өзара құрмет-сыйластық азайып бара жатқан көрінеді.

Жалпы ғылымда агрессия, ашушаңдық басқа адамға, топқа немесе нысанға нұқсан келтіруге, зиян тигізуге бағытталған физикалық немесе психологиялық күш қолдану мінез-құлқы деп сипатталады. Мамандар бұл жөнінде түрлі дәрістер оқып, адамдарды тұрақты қабылдайтынын айтады. Біз де психология магистрі Айгүл Абдрахманованың көмегіне жүгініп, өз сауалымызды жолдаған едік. Оның айтуынша, өз эмоциясын басқара алатын адам ашу мен ызадан аулақ болады екен. Сондықтан ол эмоционалды интеллектіні игеруге кеңес береді.

Бұл мәселенің әлеуметтік салдары да бар. Мәселен, облыстық полиция департаментінің мәліметіне сүйенсек, ағымдағы жылдың алғашқы екі айында қоғамдық орындардағы бұзақылық деректерінің 16,7 пайызға өскені байқалады. Сонымен бірге осы аралықта қоғамдық орындарда тиісудің 1 287 фактісі анықталыпты. Бұл статистиканың артында тек заң бұзушылық қана емес, адамдардың ашуын тізгіндей алмай, эмоцияға бой алдыруы жатыр. Демек, бүгінде «Ашу -дұшпан, ақыл -дос...» деген дана Абай сөзінің мәні бұрынғыдан да өзекті бола түспек. Іштегі ашуды ақылға жеңдіріп, сөйлеу мәдениеті мен сабырды сақтау бүгінгі қоғамның басты рухани қажеттілігі.

Біз бүгін қалам тартып отырған тақырып ауқымды. Ақ пен қара қатар жүрер өмірдің көз қуантарлық жағы да аз емес, алайда адамдардың мамыражай, риясыз, шынайы қарым-қатынасының сирегені жасырын емес. Оған агрессия кінәлі ме, әлде адам ба, әлде тұтас қоғам ба? Бұл сұраққа әркімнің өз жауабы бар деп білеміз.

Нұрбақыт ТҰТҚЫШБЕКОВ