Дін

Имамдардың қоғамдағы рөлі қандай?

Барша мұсылман жұртшылығы асыға күтетін Рамазан айы биыл 19 ақпанда басталды. Наурыз айының он тоғызыншы жұлдызында аяқталатын қасиетті отыз күндікте имамдардың қоғамдағы рөлі айрықша маңызға ие болады. Осы орайда жуырда біз осы салада ұзақ уақыт қалтқысыз еңбек етіп келе жатқан имам Қанат Тұмарбекұлымен жолығып, көптің көкейінде жүрген сұрақтарға жауап алуға тырыстық.

Қанат Тұмарбекұлы 1996 жылдан бері Байзақ ауданына қарасты Бурыл ауылындағы «Дәуіт ата» мешітінің имамы. Өзінің қызметінен бөлек, ол диқаншылықпен де айналысады.

Кейіпкеріміздің айтуынша, имамдық тек жаназа шығарып, Құран оқумен шектелмейді. Имам қоғам өміріне белсене араласуы керек екен.

Салауатты өмір салтын насихаттауда Қанат Тұмарбекұлы көпке сөзбен емес, іспен үлгі көрсетіп жүр. Ауылдағы спорт кешенінде жастармен бірге аптасына екі рет волейбол, жаз айларында футбол ойнайды. Имамның айтуынша, спорт жастарды жат әдеттерден сақтайды.

Қоғам – адам өмірінің айнасы. Ендеше, қай салада қызмет етсек те айналамыздағы жайттарға бейжай қарамауымыз қажет. Қолымыздан келгенше ізгіліктің дәнін сеуіп, өзіміз үшін де, өзгелер үшін де барынша пайдалы іс тындырсақ, ең абзалы сол болмақ.

Мақсат ӨТЕШ,
«AR-AI» газетінің штаттан тыс тілшісі,
Байзақ ауданы