Оқушылар олжалы оралды
Жуырда «Дарын» республикалық ғылыми жобалар конкурсы мәресіне жетті. Мектеп оқушылары өзара бақ сынасқан байқау Астана қаласында өтті. Білім бәйгесі жаратылыстану-математикалық бағытындағы пәндер бойынша ұйымдастырылды.
Білім бәсекесіне қатысқан зерделілер қатарында Тараз қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушылары да бар. Олар айрықша нәтиже көрсетіп, сайыс қорытындысында 2 алтын, 2 күміс және 3 қола медаль еншіледі.
Нақтырақ айтсақ, информатика секциясынан Арнұр Артықбай, физика пәнінен Диана Ошан бірінші орынды иеленді. Ал «Қоршаған ортаны қорғау және адам денсаулығы» қосымшасы бойынша Дана Мұхамедшәріп, Шындос Тұңғыш, Шейхислам Нұрмұхамбетұлы екінші орынға табан тіресе, «Техника» үйірмесінен Нұрайлым Үсен мен Аяжан Шамшидин үшінші орын иегері атанды.
Жарыста ең жоғары балл жинап, абсолютті жеңімпаз атанған 10-сынып оқушысы Арнұр Артықбай халықаралық іріктеу кезеңінің нәтижесін күтіп жүргенін тілге тиек етті.

Айта кетейік, конкурсқа еліміздің барлық өңірінен 10 секция бойынша 463 ғылыми жоба негізінде 623 оқушы топқа түсті.
Нұрбақыт ТҰТҚЫШБЕКОВ