Мемлекет басшысы: Қазақстанның төлқұжатына халықаралық сенім жоғары
Бұл туралы Қасым-Жомарт Тоқаев барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының ІІІ республикалық форумында айтты, деп хабарлайды arainfo.kz
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның экономикалық дамуы орнықты, саяси ахуалы тұрақты ел ретінде халықаралық қауымдастықта танылғанын айтты.
Мемлекет басшысы еліміз өркениетаралық және дінаралық диалогты дамытуға, халықаралық құқықты сақтауға және бейбіт қатар өмір сүру қағидаттарын нығайтуға ерекше мән беретінін атап өтті. Сонымен қатар Қазақстан ядролық қаруды таратпау және өзара сенім мен қауіпсіздік шараларын күшейту саясатын қолдайтынын жеткізді.
Президенттің айтуынша, Қазақстан ұлттық мүддесін және мемлекеттік егемендігін әрдайым қорғап келеді және бұл бағыттағы ұстаным алдағы уақытта да сақталады.
Сондай-ақ Тоқаев еліміздің төлқұжатына халықаралық сенім жоғары екенін атап өтіп, қазақстандықтардың әлем елдерінде еркін білім алып, кәсіп жүргізуіне мүмкіндік бар екенін айтты.
Мемлекет басшысы қазіргі уақытта елде Әділетті Қазақстан құру жұмыстары жүргізіліп жатқанын айтып, жаңа Халық Конституциясының жобасы мемлекеттің жарқын болашағына берік негіз болатынын жеткізді.