Тараздағы лицейге балаларды лицензиясыз оқытқаны үшін айыппұл салынды
Тараз қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған соты лицензиясыз білім беру қызметін жүзеге асырған дарынды балаларға арналған лицейге қатысты істі қарады, деп хабарлайды arainfo.kz
Сот мәліметінше, білім беру ұйымы Тараз қаласындағы шағын аудандардың біріндегі жаңа ғимаратқа көшкен. Алайда жаңа мекенжай бойынша білім беру қызметін жүргізуге лицензия немесе лицензияға қосымша алмаған. Соған қарамастан, 2025 жылдың қараша айынан бастап бұл ғимаратта оқу процесі басталған.
Тексеру барысында лицензияға тиісті қосымшасыз 7–11 сыныптар арасында оқитын 318 оқушының (16 сынып) білім алып жатқаны анықталды.
Сот отырысында лицей директоры хаттамада көрсетілген мән-жайларды растап, кінәсін мойындады. Іс Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 463-бабы 1-бөлігі бойынша қаралды.
Сот қаулысымен білім беру мекемесі кінәлі деп танылып, оған 25 айлық есептік көрсеткіш көлемінде, яғни 108 125 теңге әкімшілік айыппұл салынды. Қаулы заңды күшіне енді.