Жаңалықтар

64 тілдегі 84 мыңнан астам құжат: Ұлттық электронды кітапхана қоры кеңейіп келеді

Жыл басынан бері Қазақстан Ұлттық электронды кітапханасының пайдаланушылары саны 227 446 оқырманға жетті.

Порталда авторлардың рұқсатымен 329 485 құжат жүктеліп, материалдар 1 408 540 рет қаралған.

Электронды кітапхананы Қазақстанмен қатар Қытай, Ресей, АҚШ, Вьетнам, Өзбекстан, Түркия, Нидерланд, Франция және Қырғызстан елдерінің оқырмандары да қолданады.

Қазіргі таңда кітапхана қорында 64 тілдегі 84 664 құжат бар. Оның ішінде кітаптар, ғылыми мақалалар, газет-журналдар, диссертациялар, ноталар, аудио-видеоматериалдар және архивтік құжаттар жинақталған.

Қазақстан Ұлттық электронды кітапханасы – қазақстандық мазмұндағы ақпаратқа кең қолжетімділік беретін алғашқы мемлекеттік кітапхана порталы. Порталдың тағы бір ерекшелігі – көру қабілеті бұзылған адамдарға бейімделген және пайдаланушылар құжаттарды тіркелусіз толық мәтінде оқи алады.