Жаңалықтар

Жамбыл облысында боранға байланысты мыңдаған көлік полиция сүйемелдеуімен өтті

Көліктердің көп жиналуына байланысты полицейлер колонналық қозғалыс ұйымдастырып, автокөліктерді жол бастап алып жүрді, деп хабарлайды arainfo.kz

Жамбыл облысында 10 наурыз күні ауа райының күрт нашарлауына байланысты патрульдік полиция қызметкерлері күшейтілген қызмет режиміне көшірілді. Қалыің қар мен боран салдарынан көріну қашықтығы төмендеп, кейбір автожол учаскелерінде уақытша шектеулер енгізілді.

Өңірдегі жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін тәулік бойы шамамен 100 полиция қызметкері мен 37 патрульдік экипаж қызмет атқарды. Көліктердің көп жиналуына байланысты полицейлер колонналық қозғалыс ұйымдастырып, автокөліктерді жол бастап алып жүрді.

Патрульдік полиция қызметкерлері жолдың күрделі учаскелерінде жүргізушілерге көмек көрсетіп, көліктердің қауіпсіз өтуін қамтамасыз етті. Жүргізілген шаралар барысында шамамен 6 мың жеңіл автокөлік өткізілді. Оның ішінде 150 жолаушылар тасымалдайтын көлік бар.

Қазіргі уақытта өңірдің автожолдарында шамамен 690 жүк көлігі тоқтап тұр. Жүргізушілер ауа райының жақсаруын және қозғалысқа қойылған шектеулердің алынуын күтуде.

Полицейлер жүргізушілерге жолда аса мұқият болып, ауа райы жағдайын ескеруге, енгізілген шектеулерді қатаң сақтауға және полиция қызметкерлерінің талаптарын орындауға шақырды.