Каратэшілердің толағай табысы
Жуырда Қырғыз Республикасының астанасы Бішкек қаласында каратэден (WKF) «BISHKEK OPEN – 2026» халықаралық турнирі өтті.
Байрақты бәсекеге Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан және Ресейден барлығы 37 команда қатысып, татами төрінде 1 200-ге жуық спортшы бақ сынады.
Дүбірлі додада Жамбыл облысының құрама командасы жоғары нәтиже көрсетті. Жамбылдық спортшылар барлығы 17 алтын, 19 күміс және 25 қола медаль иеленіп, жалпыкомандалық есепте екінші орынға тұрақтады.

БАЛУАНДАР ЖЕҢІСПЕН ОРАЛДЫ
Астана қаласында өткен жасөспірімдер арасындағы грек-рим, еркін және әйелдер күресінен U17 және U20 жас ерекшеліктері бойынша Қазақстан Республикасының чемпионаты мәресіне жетті.
Ел біріншілігінде жас балуандар бірнеше салмақ дәрежесінде өнер көрсетті. U20 жас ерекшелігі бойынша еркін күрес спортынан жамбылдық спортшылар жүлделі орындарға қол жеткізді. Атап айтсақ, 97 келі салмақ дәрежесінде Дастан Әшірбеков күміс медаль иеленсе, 86 келіде Заманбек Сапаров қола жүлдегер атанды.

ПАРА ПАУЭРЛИФТИНГТЕН ЕЛ ЧЕМПИОНАТЫ АЯҚТАЛДЫ
Астана қаласында пара пауэрлифтингтен командалық және жастар арасында Қазақстан Республикасының пара пауэрлифтинг чемпионаты мәресіне жетті. Ел біріншілігіне Қазақстанның 17 өңірінен 135 спортшы қатысып, өзара мықтыны анықтады.
Жарыста облысымыздан дене мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған спорт клубының 14 спортшысы бақ сынады. Нәтижесінде команда қоржынына 10 алтын, 4 күміс және 5 қола медаль түсіп, спортшылар өңір намысын абыроймен қорғады.
Дүбірлі додада жастар арасында 41 келі салмақта Аружан Айнабек екі күміс медаль жеңіп алса, 59 келіде Жанымхан Медеубай қола жүлдеге ие болды. Ересектер арасында 49 келі салмақта Карибай Ерболат, 45 келіде Айжан Берімқұлова және 97 келіде Асхат Жұманов екі алтын медальдан олжалады. Ал 107 келіде Даурен Мәдижан бір алтын және бір күміс медаль иеленді. Сондай-ақ 72 келі салмақта Ерсен Станбек бір алтын және бір қола медаль жеңіп алса, 80 келіде Әмірәлі Ербақыт, 54 келіде Руслан Закривидорога қола жүлдегер атанды. 86 келі салмақта Ирина Мамучева бір күміс және бір қола медаль еншіледі.
Нұрбақыт ТҰТҚЫШБЕКОВ