Спорт

Футболдан ел біріншілігі басталды

Өткен аптаның сенбісінде футболдан ел чемпионаты басталып, командалар бірінші тур аясындағы ойындарын өткізіп те үлгерді.

Ел біріншілігін 7 наурыз күні «Оқжетпес» және «Елімай» командалары бастап берді. Матчтағы әрі жаңа маусымдағы алғашқы гол 16-минутта соғылды. Иван Свиридов мергендігімен көзге түсіп, «Елімай» командасын алға шығарды. Екінші таймның 74-минутында «Елімай» командасының қақпасына автогол соғылып, таразы басы теңесті. Осылайша тартысты өткен кездесу 1:1 есебімен тең аяқталды.

Былтырғы маусымның чемпиондары алматылық «Қайрат» Өскеменнің «Алтай» командасына қарсы ойнады. «Хан-Тәңірі» стадионында өткен кездесуде алаң иелері 1:0 есебімен жеңіске жетті. Жалғыз голды 64-минутта «Қайрат» командасының шабуылшысы Жоржиньо соғып, командасына алғашқы 3 ұпайды сыйлады.

Бәсеке көркін қыздырған тағы бір ойын «Түркістан Аренада» «Ақтөбе» мен Қостанайдың «Тобыл» командалары арасында өтті. Бұл кездесуде ақтөбеліктер 4:1 есебімен жеңіске жетті. Нақтырақ айтсақ, 24-минутта Даниэль Соза есеп ашып, «Ақтөбені» алға шығарды. Бірінші таймда Максим Мякиш қызыл қағаз алып, қостанайлықтар он ойыншымен қалды. Екінші таймның 68-минутында Тимур Досмағамбетов есеп айырмасын ұлғайтты. Сондай-ақ 71-минутта Луиш Нани нәтижелі пас беріп, Иван Ордец теңбіл допты қарсыластың қақпасында тулатты.

Өз алаңында «Ертіс» командасын қабылдаған «Ордабасы» да 1 ұпайды қанағат тұтты. Бұл кездесуде 2:2 есебі тіркелді. Сондай-ақ «Қызылжар» өз алаңында «Каспий» командасын 2:1 есебімен жеңді. Қонақтар сапынан Андре Амарал 11-минутта есеп ашқанымен, матчтың соңына қарай алаң иелері қайсарлық танытып, жеңісті жұлып алды. Әуелі 83-минутта Этьен Бугре таразы басын теңестірсе, 90-минутта Йоханнес Бьорталид жеңіс голын соқты. Ал «Атырау» мен «Ұлытау» командалары арасындағы кездесуде жанкүйерлер гол көре алмады.

Сонымен қатар «Қайсар» мен «Жеңіс» командалары да 1:1 есебімен тең тарқасты. Алдымен 45-минутта Әділет Кеңесбек есеп ашса, ойынның 85-минутында Нияз Ыдырысовтың автоголынан кейін таразы басы теңесті.

Турдағы ең ірі есеп «Астана» мен «Жетісу» арасындағы ойында тіркелді. Елордалық клуб қарсыласын 4:1 есебімен айқын басымдықпен жеңді. Астаналықтар сапынан Станислав Басманов, Карло Бартолец, Максат Абраев және Марин Томасов гол соқса, қонақтар сапынан Марко Зиванович бір доппен жауап қатты.

Бірінші турдың қорытындысы бойынша «Ақтөбе», «Астана», «Қызылжар», «Қайрат» клубтары 3 ұпаймен көш басынан көрінді. Айта кетейік, чемпионаттың екінші туры 16-17 наурызға жоспарланған.

Жалпы биылғы маусымның жаңалығы, ерекшелігі көп. Біріншіден, командалар қатарының көбейгені. Бұрын ел біріншілігінде 14 команда өнер көрсететін болса, биыл 16 команда ел чемпионы атану үшін барын салатын болады.

Биылғы маусымның тағы бір ерекшелігі – ел біріншілігіне әлемдік футбол жұлдыздарының қосылуы. Мәселен, бұрын лондондық «Челси», италиялық «Интер» сынды клубтардың намысын қорғаған нигериялық вингер (шабуылшы) Виктор Мозес «Қайсар» клубымен бір жылға жарамды келісімшартқа отырды. Сонымен бірге 2016 жылғы Еуропа чемпионы, португалиялық шабуылшы Луиш Нани «Ақтөбе» командасының сапына қосылды.

Одан бөлек биыл бірқатар клуб жекешелендірілді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та өзінің 2025 жылы 8 қыркүйекте жариялаған «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Қазақстан халқына Жолдауында футбол клубтарын жекешелендіруді тапсырған болатын.

Ел Президенті: «Футбол клубтарын жекешелендіруге қатысты жұмысты тездету керек. Қазір еліміздің төрт футбол клубына белгілі кәсіпкерлеріміз ие болды, яғни клубтар жекеменшікке өтіп жатыр. Сол үшін оларға ризашылығымды білдіремін. Дегенмен футболды коммерцияландыру ісін жалғастыра беру керек. Мұндай қадамсыз Қазақстанда футбол дамымайтынын әлемдік тәжірибеден көріп отырмыз. Қазіргі заманда кәсіби спортты қомақты табыс әкелетін бизнес-индустрия ретінде қарастырған жөн»,– деген еді.

Президент пәрменінен соң «Шахтер» футбол клубы Тимур Турловқа, «Жеңіс» клубы Михаил Ломтадзеге, «Қызылжар» клубы Сергей Канға берілді. Ал «Қайсарды» қызылордалық жас кәсіпкер Исламғали Қозбақов алды. Сонымен қатар Ақтөбе клубын «Qazaq Stroy» иесі және «Қазақмыс» компаниясының жаңа қожайыны Нұрлан Артықбаев басқарады. «Ордабасы» клубы кәсіпкер Шахмұрат Мүтәліптің «Integra Construction KZ» компаниясына беріледі.

Ал «Оқжетпес» болса, «Агрофирма Родина» директоры Иван Сауэр басқаратын қоғамдық қордың иелігіне өтті. Сондай-ақ «Елімай» командасы Владимир Ким мен Олег Новачук басқаратын «KAZ Minerals» компаниясының қарамағында болмақ. «ERG» компаниясының директорлар кеңесінің төрағасы әрі бас атқарушы директоры Шухрат Ибрагимов Қостанайдың «Тобыл» футбол клубының жаңа бас құрылтайшысы болады.

Жыл өткен сайын жаңарып, жанкүйерлер қатары артып келе жатқан отандық футболдың биылғы маусымы да тың жаңалықтар мен тартысты кездесулерге толы боларына сенім мол. Бұл дода тек клубтар арасындағы бәсекені күшейтіп қана қоймай, болашақта ұлттық құраманың намысын абыроймен қорғайтын жаңа таланттардың жарқырап шығуына жол ашады деген үміт бар.

Нұрбақыт ТҰТҚЫШБЕКОВ