Мәдениет

Ескірмейтін есті әндер қалай дүниеге келді?

Күн сайын жаңа әндер жарыққа шығып жатса да, кей туындылар ел жүрегінен ойып тұрып орын алып, есте мәңгі сақталады. Ел аузында жүрген ондай хит әндер арада жылдар өтсе де санадан өшпей, қайта керісінше жаңаша тыныспен жарыққа шығып жатады. Бүгінгі мақаламызда жамбылдық ақын-сазгерлердің жүрегінен шыққан сөзі мен әуені үйлескен, халық жатқа айтатын сондай туындылардың шығу тарихына қысқаша тоқталғанды жөн көрдік.

«МЕН СЕНІ ҚҰЛАЙ СҮЙГЕНМІН» – АЙТЫЛМАЙ ҚАЛҒАН АЯУЛЫ СЕЗІМДЕР

Қазақ ән әлеміндегі ерекше сырлы, нәзік сезімге толы туындылардың бірі – «Мен сені құлай сүйгенмін» әні. Бұл ән айтылмай қалған аяулы махаббат, тағдырдың жазуымен орындалмай қалған асқақ арман іспетті. Көптің жүрегіне жол тапқан осы бір мұңлы да сұлу шығарманың тарихы да өз алдына бөлек бір әңгіме.

Бәрі де композитор Ербол Спаналиевтің белгілі ақын Қуаныш Қолқаға қоңырау шалуынан басталған. Сазгер Қуаныш ақынға көкейінде жүрген жаңа әуенді ыңылдап айтып беріп, сөз жазып беруін өтінеді. Қызығы сол, композитордың жүрегінен шыққан сол иірімдер ақынның дәптерінде бұрыннан жазылып, дайын тұрған өлең жолдарына құйыла кеткендей болады. Ақынның:

«Жаныма нұрын төгетін,

Көктемдей дара шұғылам.

Өзімді көргім келетін,

Көзіңнің қарашығынан», – деген жыр шумақтары әуенмен табиғи үндесіп, бірден қабыса кетеді.

Ал сазгерге осы бір жүрек тебірентерлік әнді жазуға әнші Мақсат Базарбаевтың өтініші түрткі болыпты. Оқиға былай өріледі, бірде белгілі әнші Мақсат Базарбаев өзінің басынан өткен сырлы естелігін бөлісіп, өткен күндерін еске алады. Ол жастық шағында бір қызды қатты ұнатып, оған деген сезімін: «Мен оны құлай сүйгенмін ғой!» – деп тебірене жеткізеді.

Ерболдың әуені мен Қуаныштың өлеңі осылайша тоғысып, «Мен сені құлай сүйгенмін» әні дүниеге келеді.

Алайда, бұл өлең жолдарының астарында Қуаныш ақынның өз өміріндегі өкінішті де мұңды хикаясы жатыр екен.

Бүгінде бұл ән Саят Медеуовтің орындауындағы халықтың сүйікті шығармасына айналды. Оның әрбір нотасында айтылмай қалған сыр, әрбір сөзінде орындалмай қалған арман мен баянсыз махаббаттың мұңы жатыр. Есімі аталмаса да, ақын жүрегінде мәңгі қалған сол бір қызға деген сағыныш осылайша әсем ән болып өрілді.

 

САРҒАЙҒАН САҒЫНЫШТАН ТУҒАН – «ЖАЛҒЫЗ ДОСЫМ»

Адамзат өмірінде достық ұғымы әрқашан ерекше орын алады. Адам баласы дүниеге келген сәттен бастап өмір жолында түрлі адамдармен танысып, сан алуан қарым-қатынас орнатады. Солардың ішіндегі ең шынайысы, ең қымбаты – достық. Сондықтан да бұл тақырып талай ақынның жүрегінен жыр болып төгіліп, талай сазгердің көңілінен әуен болып өрілген.

Адам жанының нәзік сезімдерін, сағыныш пен сырды жеткізетін мәңгілік тақырыпқа арналған осындай әсем әндердің бірі – «Жалғыз досым» әні. Әннің сөзін қазақтың көрнекті ақыны Күләш Ахметова жазса, әуенін ақын-сазгер Айгүл Бажанова шығарған.

Бұл әннің тарихы да ерекше, жүрекке жақын. Сағынышқа толы өлеңді Күләш Ахметова өзінің бала күнінен бірге өсіп, егіз қозыдай қатар жүрген ең жақын құрбысы Ізімкүлге арнап жазған екен.

Құрбысы Ізімкүл Иманбекованың айтуынша, қазақтың талантты ақыны екеуінің арасындағы достық 10 жастарында басталған. Олар бірге оқып, бірге армандап, өмірдің алғашқы қадамдарын қатар жасаған жан құрбылар болған.

Отбасы құрып, жаңа өмір бастаған жас ақын үшін де құрбысынан алыстаған кезең оңайға соқпапты. Ол кезде ақын ретінде есімі ақырындап танылып келе жатқанымен әлі де Алматыдай алып қалада мұң шағар бір жақын жан табыла қоймаған еді.

Халық арасында айтылатын «Үйлену оңай, үй болу қиын» деген сөздің мәнін сол кезде Күләш ақын анық сезінеді. Жас сәбиі Жазирасын бағып, тұрмыстың сан түрлі қиындығын бастан өткеріп жүрген сәттерде оның жүрегін бір ерекше сағыныш кернейді. Сол сағыныш сезімі ақын жүрегінде жыр болып төгілді. Күләш Ахметова досына деген шынайы сағынышын, жүрегінде жүрген мұң мен сырды қағаз бетіне түсіріп, «Жалғыз досым» өлеңін жазады. Бұл өлең – достықтың қадірін, алыста жүрсе де жүректерді жақын ұстайтын адал сезімді бейнелейтін әсерлі туынды.

Күндердің бір күні ақын-сазгер Айгүл Бажанова Күләш Ахметованың «Жалғыз досым» өлеңмен танысады. Өлең жолдарын оқи бастаған сәтте-ақ сазгердің жүрегін ерекше бір сезім билейді. Жыр жолдарынан төгілген сағыныш пен сыр, адал достықтың жылуы оның көңіліне терең әсер етеді. Сол сәтте ақын сөздерімен үндескен әуен сазгердің жүрегінде өзінен-өзі туындай бастайды. Көп ұзамай бұл өлеңге әсем әуен жазылып, «Жалғыз досым» әні дүниеге келеді.

Алғашында бұл әнді Айгүл Бажанова өзі орындап жүрді. Ән біртіндеп тыңдарман жүрегіне жол тауып, ел арасына кең тарай бастайды. Уақыт өте келе бұл туындыны танымал өнерпаздар өз репертуарларына енгізіп, халыққа кеңінен жеткізді. Әсіресе «МузАРТ» тобы мен әнші Тамара Асар орындағаннан кейін әннің танымалдығы арта түсті.

«Жалғыз досым» – сағынышқа толы, жүрек тербейтін ән. Бұл туынды тыңдарманды өткен күндерді еске түсіріп, алыста жүрген достарды ойға салады. Әннің әрбір жолынан адал достықтың қадірі, жүректегі сағыныштың лебі сезіледі. Сондықтан да бұл ән жылдар өтсе де өз құндылығын жоғалтпай, тыңдарман жүрегінде мәңгілік сақталып келеді.

 

МАХАББАТ ТАҚЫРЫБЫН НӘЗІК БЕЙНЕЛЕГЕН – «АУЗЫНАН АЙДЫҢ ТҮСКЕН ҚЫЗ»

Халықтың жүрегінен орын алған танымал лирикалық әндердің бірі – «Аузынан айдың түскен қыз». Махаббаттың нәзік сезімін тербеген бұл әсем ән – сазгер Сәрсенбек Бәкір мен ақын Серік Томановтың шығармашылық үндестігінен туған көркем дүние.

Әннің алғашқы орындаушысы – әнші Маралбек Бабақұлов. Жас әншінің табиғи дауысы лирикалық шығарманың нәзік болмысын айрықша аша түсті.

1997 жылдың көктемінде шығармашылық топ әнді кәсіби түрде жазу үшін Алматыға жол тартады. Қазақ кино өнерінің қара шаңырағы саналатын «Қазақфильм» студиясында Маралбек Бабақұловтың орындауындағы алғашқы нұсқа таспаға түсіріледі. Дыбыс жазу жұмысы басталмай тұрып, жаңа туындының нобайы ақын Серік Томановқа тыңдатылған. Жүректен туған әнді алғаш естіген сәттен-ақ жыр иесі шығарманың болашағынан үлкен үміт күтеді.

Қызығы, ән толық өңделіп үлгермей тұрып-ақ тыңдарман жүрегіне жол таба бастайды. Әуеннің табиғи сұлулығы мен сөздің мөлдір лирикасы халықтың құлағына бірден жағымды естіледі. Кейін кәсіби оранжировка жасалып, студиялық жазба дайын болған соң әннің әсері тіпті күшейіп, көпшіліктің сүйікті шығармасына айналады.

«Аузынан айдың түскен қыз» – қазақ ән өнеріндегі махаббат тақырыбын нәзік бейнелеген туындылардың бірі. Әуен мен сөздің үйлесімінен туған бұл әнде қазақы сезімнің тазалығы, ғашық жүректің аңсары, сұлулыққа деген іңкәрлік көркем өрілген.

Жүректен туған саз бен жүрекке жеткен жыр тоғысқанда ғана халық жадында ұзақ сақталатын ән дүниеге келетіні белгілі. «Аузынан айдың түскен қыз» – дәл сондай тағдырлы туынды. Уақыт өткен сайын қадірі арта түсетін, тыңдарман көңілін тербетіп келе жатқан лирикалық әннің өмірге келу тарихы да қазақ өнерінің шынайы шығармашылық сәттерін айқын аңғартады.

 

КӨҢІЛДІ ТОЛҚЫТҚАН – «КЕЛШІ АЙЫМ»

Қазақ музыкасының тарихында тыңдарман жүрегіне ерекше әсер еткен, жылдар өтсе де ұмытылмай айтылып келе жатқан әндердің бірі – «Келші, айым». Мұңлы шығарманың дүниеге келу тарихында шынайы өмірден туған ауыр тағдыр мен терең сезім жатыр.

«Келші, айым» әнінің әуенін қазақтың белгілі композиторы Мэлс Өзбеков жалған. Консерваторияда оқып жүрген шағында Мэлстің өмірінде тағдырлы кездесу орын алады. Сол жылдары ол Алматы медициналық институтында білім алып жүрген Айымзада есімді қызбен танысады. Жастық шақтың алабұртып тұрған кезі, арман мен үмітке толы уақыт еді. Екі жастың арасындағы сезім біртіндеп тереңдеп, олар бір-бірін шынайы жақын тартады. Қала көшелеріндегі серуендер, көл жағасындағы кездесулер, болашақ туралы айтылған армандардың бәрі де жаңа ғана басталып келе жатқан мөлдір махаббаттың белгісіндей болатын. Алайда жазғы демалыс басталған кезде олардың жолы уақытша екі айырылуға мәжбүр болады. Әрқайсысы өз ауылына қайтып, жаңа оқу жылы басталғанда қайта кездесуге уәделесіп қоштасады. Жаз бойы екеуі бір-біріне хат жазып, сағыныштарын сол хаттар арқылы жеткізіп тұрған. Қарапайым қағаз бетіне түскен сол сөздер жас жүректердің арасындағы нәзік байланысты сақтап тұрғандай еді. Бірақ уақыт өте келе Айымзададан келетін хаттар сирей бастайды. Соңғы хаттарының бірінде қыз: «Үйге хат жазба, ата-анам біліп қойса, ұят болады» деп ескерткен екен. Мэлс бұл сөзді түсіністікпен қабылдап, еш күмәнданбастан демалыстың аяқталуын күтеді.

Күз түсіп, оқу жылы басталғанда Мэлс Алматыға үлкен үмітпен оралады. Бірақ ол армандаған кездесу енді ешқашан болмайтынын сол кезде білмеген еді. Курстас қыздардың бірінен ол Айымзаданың жазғы демалыс кезінде өзенге шомылып жүріп, суға батып кеткенін естиді. Бұл хабар жас жігіттің жандүниесін төңкеріп жібереді. Күтпеген қайғы жүрегіне ауыр жара салып, оның бар үміті бір сәтте үзіліп кеткендей болады. Осы қайғылы хабардан кейін Мэлс ұзақ уақыт өз-өзіне келе алмай жүреді. Сағыныш, өкініш, жүрекке түскен ауыр мұң оның жандүниесін түгел билеп алады. Өткен күндердің елесі, бірге өткізген бақытты сәттер көз алдынан кетпей қояды. Сол кезде ішкі күйзеліс пен сағыныш біртіндеп әуенге айналып, жүректен шыққан сазға ұласады. Сөйтіп, жүректегі ауыр сезім мен мәңгілік сағыныш арқылы «Келші, айым» әні дүниеге келеді. Бұл ән тек махаббат туралы лирикалық туынды ғана емес, орындалмай қалған арман мен жоғалған жастық сезімнің мұңды естелігі еді.

Әннің сөзін белгілі ақын Әбдірахман Асылбеков жазған. Ақын мәтінде сағыныш пен күту, жоғалған махаббатқа деген аңсарды нәзік әрі әсерлі жеткізе білген. Өлең жолдарынан алыста қалған сүйіктісін іздеген жанның ішкі күйзелісі, жүрек түкпіріндегі мұң анық сезіледі. Әсіресе әннің:

«Айдын көл, сен айтшы,

Самал жел, сен айтшы...» деген жолдары табиғатпен тілдескендей әсер қалдырып, жалғыздыққа душар болған адамның жан сырын бейнелейді.

«Келші, айым» әнінің кең таралуына 1975 жылы экранға шыққан «Гауһартас» көркем фильмі айрықша ықпал етті.. Фильмде актер Досхан Жолжақсынов домбырамен орындаған «Келші, айым» әні халыққа ерекше әсер қалдырды. Киноның бір көрінісінде баяу шертілген домбыра үнімен айтылған бұл ән фильмнің эмоционалдық өзегіне айналып, көрерменге терең әсер етті. Әуен мен кадрдағы көріністің үйлесуі әннің мұңды әрі лирикалық сипатын айқындай түсіп, оны көпшілікке бірден танытты.

Көпшілік бұл әнді фильммен бірге қабылдап, оны қазақ музыкасының ең әсерлі лирикалық әндерінің бірі ретінде бағалады. Уақыт өте келе «Келші, айым» тек кино арқылы танылған ән ғана емес, қазақ тыңдарманының жадында сақталған, бірнеше буын қатар білетін шығармалардың біріне айналды.

Ақтоты ЖАҢАБАЙ