Қоғам

Көршіңізбен татусыз ба?

«Көрші ақысы – Тәңір ақысы» дейді халық даналығы. Бұл қазақ халқы үшін үйі іргелес адамдардың бір-біріне деген қарым-қатынасы мен сый-құрметінің қандай болуы керектігін аңғартады. Сонымен қатар «Ағайынның аты озғанша, ауылдастың тайы озсын» деген мақал да көрші ұғымының мәнін тереңдете түседі.

Заман қарыштап дамыған сайын, жаңа тәртіп қалыптасатыны анық. Бірақ осы бір өзгерістің салдары кейде адами құндылықтардың аяққа тапталуына, ал кейде ұмыт болуына әкеліп соғады. Одан өзге түрлі көзге түрпідей тиетін түйткілдер пайда болып, бұрын болмаған мәселелер бас көтере бастайды. Осы ретте біз қоғамда жиі кездесетін, ұмыт болып бара жатқан көршілердің қарым-қатынасы туралы ой қозғамақпыз. Қазіргі таңда адамдар үйі іргелес болғанымен, бұрынғыдай бірінің шаңырағына бірі бас сұғудан қалғандай. Қаладағы көпқабатты тұрғын үйлерді айтпағанда, ауылдағы ағайынның арасындағы алыс-беріс, барыс-келіс сирегені жасырын емес.

Ауыл демекші, бүгінгі ауылдықтардың да тұрмысы, тыныс-тіршілігі қала өміріне қатты ұқсайды. Биік-биік зәулім үй, тас қамалмен бара-бар қоршау, темір қақпа, оған орнатылған қоңырау бір қарағанда көзге көрікті көрінгенімен, шын мәнінде сұрқы тым суық. Сондай сәтте адамның адамға деген мейірімі, жылулық атаулы бір кездері қоңырқай күй кешкен қараша үйде қалғандай көрінеді. Бүгінгінің баспанасына бақ байланғандай салтанатты көрінгенімен, жылулықтың төрге оза алмай жүргені төрткіл дүниеге тән құбылыс болып қалды. Қазіргі үйлердің пластик терезесі де адамды сыртта не болып жатқанынан мүлдем бейхабар етеді. Көз алдыңдағы көршіңнің жағдайына тек телефон арқылы тілдесіп не хат алмасып қана қанық бола аласың. Ағайынның қуанышына да, қайғысына да ортақтасатын қазақы болмысымыз жаңарған, дамыған, нарыққа бейімделген заманның ығына жығылып, мүлде басқа болмысқа айналғандай. Осы орайда біз ауылдағы көпті көрген, көненің көзі саналатын ақсақалдарды әңгімеге тартқанды жөн көрдік. Сәті түсіп, Жамбыл ауданына қарасты Шоқай ауылының тұрғыны, Дүниежүзілік қазақтар қауымдастығы облыстық филиалы Жамбыл ауданы бөлімінің директоры Сембек Пірімқұловпен тілдестік. Қарияның айтуынша, бұрын жұрт бір-біріне бауырмал, жанашыр болатын. Көрсеткен қол көмегі не мейірім шапағаты үшін ақы алмаған.

Бүгінгі таңда қала өміріне қызығатындардың қарасы қалың. Жастардың басым бөлігі қалада тұруды қалайтыны айдан анық. Біз сөз етіп отырған шаһар тіршілігінде де көршілердің қарым-қатынасы сан қилы. Әлеуметтік желілерден, сайттардан, БАҚ-тан пәтері іргелес азаматтар арасында туындаған кикілжіңдер көзге шалынады. Дегенмен қалада да қазақы қалыптан айнымаған ағайын бар. Мәселен, Тараз қаласындағы «Ұлы дала» ықшамауданының тұрғыны Гүлнар Тайжанның сөзінше, көршілер барлық мәселеге бейжай қарамай, қуанышын да, қайғысын да бөліседі екен.

Ел іші болған соң тұрғындар арасында түрлі жағдайлар да кездесіп жатады. Кейде болмашы түсініспеушіліктің соңы кикілжіңге ұласып кетеді.  Мәселен, облыстық полиция департаменті мамандарының айтуынша, көпқабатты үйлердегі көршілер арасындағы тәртіпті арнайы заң реттемейді. Дегенмен «тыныштықты бұзу» фактілері Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 437-бабы бойынша қаралады. Жыл басынан бері облыста бұл бап бойынша жалпы 222 әкімшілік хаттама толтырылыпты. Оның ішінде 117 хаттама Тараз қаласына қатысты болса, қалғаны аудандарда тіркелген.

Сондай-ақ аталмыш мәселе бойынша заңгер пікірін білгенді де жөн көрдік. 20 жылға жуық тәжірибесі бар маман, облыстық адвокаттар алқасының мүшесі Айгүл Жақсылықова айтуынша, тұрғындар арасындағы келіспеушілік көбіне тыныштықты бұзудан туындайды екен.

Көрші ұғымы үйі жақын адамдарға қатысты айтылады. Дегенмен бұл ұғым жұмыста, түрлі орындар мен мекемелерде де қолданылады. Ал кейбір ғалымдардың пікірінше айналаңдағы қырық үй көрші саналады. Дана халқымызда «Қадіріңді білгің келсе, көршіңнен қарыз сұра» деген мәтел бар. Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Көршісі аш болып, өзі тоқ жатқан адам мүмин емес», – деген екен. Демек, қонысы іргелес жандардың тілеуін тілеп, олармен жақсы мәміледе болу біздің адамдық парызымыз болса керек.

Нұрбақыт МҰСАТИЛЛАҰЛЫ