Жастар неге дипломмен жұмыс істегісі келмейді?
Жастардың жоғары оқу орнын аяқтағаннан кейін өз мамандығы бойынша жұмыс істемеуі қоғамда көп талқыланатын мәселелердің бірі. Бұрын диплом алу адамның өміріндегі ең маңызды мақсаттардың бірі саналатын. Ата-аналар баласының жоғары білім алғанын үлкен жетістік деп есептейтін. Себебі диплом – болашақтағы тұрақты жұмыс пен жақсы өмірдің кепілі сияқты көрінетін. Алайда уақыт өте келе қоғам да, еңбек нарығы да өзгерді. Соған сәйкес жастардың ой-санасы мен мамандыққа деген көзқарас та басқаша қалыптасты.
Қазіргі кезде көптеген жастар жоғары оқу орнын тәмамдап, қолдарына диплом алғанымен, өз мамандықтары бойынша жұмыс істеуге асыға қоймайды. Мұның түрлі себептері бар. Бірі өз мамандығы бойынша жұмыс табудың қиын екенін алға тартса, енді бірі табылған күннің өзінде жалақының мардымсыз екенін айтады. Кейбір мамандықтар бойынша жылдар бойы білім алғанымен, еңбек нарығында оған деген сұраныс аз болуы да мүмкін. Осындай жағдайлар жастарды ойландырып, оларды басқа жол іздеуге итермелейді.
Дегенмен мәселенің түп-тамыры тек жұмыс табуда немесе жалақының аздығында ғана емес. Бұл – уақыттың өзгеруінен туындаған құбылыс. Өйткені қазіргі заман – технология мен ақпараттың заманы. Бұрын тек жоғары оқу орнында үйренуге болатын білім мен дағдылар бүгінде интернет арқылы да қолжетімді. Адам өзін қызықтырған саланы онлайн курстар арқылы меңгеріп, қысқа уақыт ішінде жаңа мамандық иесі бола алады. Сондықтан жастар үшін білім алудың жолдары көбейіп, таңдау мүмкіндігі кеңейді.
Соңғы жылдары цифрлық саланың қарқынды дамуы жаңа мамандықтардың пайда болуына әкелді. Мысалы, SMM маманы, маркетолог, мобилограф, таргетолог, контент-мейкер, PR-менеджер сияқты мамандықтар бүгінде үлкен сұранысқа ие. Бұл мамандықтардың ерекшелігі – олар көбіне шығармашылықты, жаңашыл ойлауды және тәжірибені талап етеді. Ал диплом бұл жерде міндетті шарт бола бермейді. Көптеген жастар арнайы курстардан өтіп немесе өз бетімен үйрену арқылы осы салаларда жұмыс істеп, табыс тауып жүр.
Осы орайда мобилография саласында ақша тауып жүрген Саян Әлиасқармен аз-кем сөйлескен болатынбыз.
Дегенмен, бұл жағдайды тек бір жақты түсінуге болмайды. Өмірдің өзі бізге бір ғана жолмен жүруді міндеттемейді. Кейде адамның таңдаған мамандығы оның шынайы қызығушылығына сәйкес келмеуі мүмкін. Ал кейде өмірдің өзі бізді күтпеген бағыттарға алып келеді.
Ал психолог Гүлнұр Рашитқызының айтуынша, жастар белгілі бір күйзелістен де жұмысқа орналаса алмауы мүмкін екен.
Жалпы қазір жастардың алдында таңдау көп. Бірі өз мамандығы бойынша жұмыс істеп, кәсіби білікті маман болуды таңдайды. Ал енді бірі жаңа цифрлық салаларды меңгеріп, заман талабына сай мамандықтарды игеруге ұмтылады. Қай жолды таңдаса да, ең бастысы – адамның өз ісін сүйіп істеуі, үнемі дамуға ұмтылуы және қоғамға пайдасын тигізуі. Себебі шынайы жетістік – адамның өз орнын тауып, жасаған еңбегінен мән мен мағына таба білуінде.
Сымбат ҚУАНЫШ