Әлеумет

Атқарған істі көрсете білу де өнер

Ауылда жүргенде қырдың қызыл тасын ойып, оны қаттап жинап қойып, кезі келгенде Алматы, Шымкент секілді ірі қалалардан түскен тапсырыс бойынша сатып, нәпақа тапқан кезіміз болған. 2005 жылдан кейін басталған осы жабайы кәсіп түрі төрт-бес жылдай ауылдықтарға азық болды. Сол кезде біздің көшенің ең жалқау деген еңбекке жарамды адамының өзі тас оятын кеніші жоқ болса да, барларының қасында болысып, ойған тасты алып кетуге келген «КамАЗ»-ға ақыға артысып, ақша табатын. Тас кеніші ауылдың іргесіндегілердің бірі үйінен шығарда сүйменін сүйретіп, тағы бірі сынасы мен дәу шойын балғасын (кувалда) арқалап, төбе етегіне қарай шұбап кетіп бара жататын. Ол кезде әркім өзі үшін тірлік еткеннен кейін еңбек қауіпсіздігі деген маманның болмайтыны екі бастан белгілі. Бірақ байқамасаң, біреудің сүймені бір жеріңе қате тиюі немесе көзіңе топырақ түсіп кетуі мүмкін. Өзімізде талай көлемі ауқымды тақтатастардың жиегіне сына салып не алып жатқанда біресе саусағымызды тас қысып қалып, біресе аяғымызға тас түсіп кетіп, біразға дейін тәніміз ауырған кез болған. Бір қызығы, жүре келе адамның қауіпке қорғаныс жүйесі тез бейімделеді екен. Ешкім оқытпай-ақ қандай жағдайда не істеуге болмайтынын өз бетіңше түсінсең, ал шын қауіп төнгенде денең автоматты түрде өзі қорғанады. Мысалы, тақтатастың астынан сынаны алып жатқанда кәлтек тас сынып кетсе, сол дауысты құлағың естігенде немесе оны көзің көргенде саусағың, аяқ-қолың сен ойлағанша кейін тартынып үлгереді. Тоқетерін айтқанда, жұмыс істеп жатқан дене қауіп төнгенде сақтану механизмін қас-қағым сәтте іске қосатындай.

Мұны сөз етіп отырған себебім, біздің қоғам да сондай болуы керек. Бір мәрте қандай да бір оқыс оқиғадан немесе төтенше жағдай салдарынан сабақ алды ма, екінші мәрте ондай жағдай орын алмауы тиіс. Егер бұл мәселе тағы қайталанар болса, онда біздің қорғаныс жүйеміз лайықты жұмыс істеп жатқан жоқ деген сөз. Мысалы, көктем келіп күн көзі жылт етсе, таудағы қар еріп, сай-саланы қуалай аққан су жылғаларға жан бітіріп, ақыр соңында етектегі елдің берекесін қашыратыны бар. Тіпті жауын-шашын мол түсіп, жаңбыр толассыз жаууы салдарынан төбелердің теріскей бетіндегі қар бірден ерігенде, көлбеусудың өзі кей елді мекендерді шайып кететіні жылда қайталанатын көрініс. Ал одан түбегейлі құтылу үшін тау-тастан аққан су қауіпті аймақта орналасқан әр ауылдың маңындағы қауіпсіздік үшін қазылған арық-атыздарға жолай құйылып, ары қарай өзенге барып қосылуы тиіс. Сонда ғана мұндай жерде отырған елді мекен тұрғындарының көңілі жай табады.

Қорғаныс дегеннен шығады, бір жолы Төрехан Сембекұлы есімді танысым әлеуметтік желіден шетелдік балабақшада бүлдіршіндерді өрт шыққан жерден қалай құтқаруға болатынын үйретіп жатқан бейнежазбаны көргенін, әлгі бейнежазба өзіне қалай әсер еткенін айызы қана әңгімеледі. Ол өз сөзінде: «Біздің көріп жүргеніміз түк емес екен. Мысалы, көктемгі су тасқынына дайындық секілді облыстық төтенше жағдайлар департаменті арнайы ұйымдастырған оқу-жаттығу жиындарында әртүрлі техника мен құралдарды бір жерге тізіп қойып, жауапты басшылар баяндама жасап, сосын тарап кетеді ғой. Әлде біз оқу-жаттығудың тек сол жерін ғана көріп жүрміз бе? Осы саладағы мамандардың тәжірибелік машық қалыптастыру үшін не істеп жатқаны бізге белгісіз. Бізде неге шетелдегідей халықтың қатысуымен, адамдарды шынайы құтқару, оқыс оқиғадан қорғау, эвакуациялау секілді толық жаттығулар ұйымдастырылмайды? Неліктен жыл сайын кейбір ауылдарды су басады? Бәріне сақадай сай тұрсақ, бұған жол берілмес еді ғой. Әлде бізде жердің үстіндегі, яғни тасқын су, қашқын су, көлбеу су дегендерді басқару ісі кемшін бе?

Біздің өңірде балабақша мен мектеп, колледждерде өрт немесе жер сілкінісі кезінде балаларды қорғау, оларды апаттан сақтандыру ісі қалай жүзеге асырылады екен? Оларға оқиға шынайы өтіп жатқандай әсер ете ме әлде ұйымдастырушыларға жоспарлы іс-шара орындалса болды ма? Егер расында осындай іс-шаралар өткізіліп жатса, ол қаншалықты жиі жасалады, оны неге біз әлеуметтік желілерден көрмейміз?» – деді ол.

Білуімізше, біздің өңірде де төтенше жағдайға қарсы қызмет қарап отырған жоқ. Қал-қадірінше түрлі іс-шаралар өткізіп, қауіпке тойтарыс беруге әрдайым дайындықта жүреді. Бірақ олардың өткізген іс-шараларынан қарапайым халықтың кейбірі бейхабар болуы мүмкін. Сондықтан да біз облыстық төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз хатшысы Нұрболат Өмірзақовқа хабарласып, салада атқарылып жатқан жұмыстардан халық неліктен бейхабар екенін және қандай жұмыстар жүргізіліп жатқанын сұрадық.

Нұрболат Өмірзақовтың айтуынша, мысалы көктемгі су тасқынына қарсы оқу-жаттығу ұйымдастырылғанда алдымен Тараз қаласының орталық алаңы секілді арнайы таңдалған орында іс-шараның басы басталып, содан кейін қатысушылар оқиға сценарий бойынша өтетін жерге аттандырылады екен. Қалған тәжірибелік іс-шара сол жақта өтеді. Осындай оқу-жаттығулар шетелдік тәжірибеден кем емес, барлық іс-әрекет тәжірибелік тұрғыда өткізіледі. Балабақшаларда да өрт қауіпсіздігі және жер сілкінісі кезінде не атқарылуы керектігі жөнінде тәрбиешілердің өз жоспарлары бар. Бұл іс-шара облыстық төтенше жағдайлар департаментінің білім беру мекемелерімен бірлескен оқу-жаттығуы ретінде ұйымдастырылады. Сонымен қатар жаңадан ғимарат бой көтерсе, онда да оқу-жаттығу өткізілетін көрінеді. Бұл төтенше жағдайлар қызметі мамандарының ғимараттың қай жерінде не бар екенін білуіне бағытталған. Осындай іс-шаралар жайлы барлық ақпарат аталған департаменттің «Instagram» әлеуметтік желісіндегі парақшасында үздіксіз жарияланып тұрады. Сондай-ақ елді елең еткізер салаға қатысты қандай да бір оқиға орын алса, әлеуметтік желіде жазба шығып, халықтың сұрақтарына да дер кезінде жауап беріледі екен.

Нұрболат Өмірзақов адам өмірі мен құнды мүліктерді қорғау құтқарушылар үшін басты міндет екенін айтады. Облыстық төтенше жағдайлар департаменті әрдайым «Қазгидромет» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының облыс бойынша филиалымен ауа райы болжамы бойынша бірлесе әрекет етіп, төтенше жағдайларды халыққа ескерту мақсатында ұялы телефондарға арнайы хабарлама жолдайды. БАҚ-та төтенше жағдайдың алдын алу бойынша ақпараттар таратады.

Барлық мекемелерде төтенше жағдайға жауапты мамандар бекітілген екен. Олар жыл сайын төтенше жағдайлар департаменті аумағында арнайы апталық, айлық сабақтарға қатысып тұрады. Сондай-ақ осы жауапты қызметкерлермен бірлесіп, аталған мекемелер мен қызметтер арасында да оқу-жаттығу тәжірибелік тұрғыдан тұрақты өткізілетін көрінеді.

Байқағанымыздай, департаменттің әлеуметтік желідегі ресми парақшаларын кейбір журналистердің қарамайтыны, үнемі мамандардан ақпарат сұрап отыратыны уәж ретінде айтылды. Мәселенің екінші жағы да бар екенін ұмытпауымыз керек. Мекемелердің ресми парақшаларын ақтарып, үнемі ондағы мәліметтерді көшіру арқылы мақала дайындау кейбір журналистердің табиғи болмысы мен кәсіби талапқа қайшы. Сондықтан журналистер маманмен тікелей сөйлесуді, жағдайдың мәнісін олардың өз аузынан естуді, ақпаратты солардың өз қолынан алуды құп көреді. Себебі ресми жазба журналист қажет еткен сұрақтарды нақты қамти алмауы мүмкін және кейін тиісті тараптан «Бізге неге бір ауыз хабарласпадың?» деген реніш туындамайды.

Ал аталған сала бойынша өңірдегі жұмыс барысына келсек, облыстық төтенше жағдайлар департаментінің мамандары қыруар жұмыс атқаруда. Бірақ сол жұмысты көрсете білу де өнер. Біздің ойымызша, жарияланған мәлімет ақпараттық алаңда жоғалып кетпей, әлеуметтік желі қолданушылардың алдынан қайта-қайта шыға беруі керек. Өйткені кейбір адам көзбен көрмей ештеңеге сенбейді. Осы арқылы кез келген тұрғын қандай жағдай болмасын қауіпсіз жерде күн кешіп жатқанына көңілі толып, алаңсыз күн кешеді.

Нұрым СЫРҒАБАЕВ