Әлеумет

Түсіндіру шаралары жалғасуда

Кеше өңірлік «Әділетті және прогрессивті Қазақстанның халықтық Конституциясы үшін!» жалпыұлттық коалициясының мүшелері «Асар» оңалту және бейімдеу орталығының ұжымымен кездесті.

Жиында өңірлік коалиция жетекшісі Дауыл Бейсенқұлов, коалиция мүшелері Сейітжан Орынбаев пен Айгерім Дәулетбаева мекеме қызметкерлеріне республикалық референдум бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Сондай-ақ «Жаңару» сыбайлас жемқорлыққа қарсы жалпыұлттық қозғалысы» республикалық қоғамдық бірлестігі облыстық филиалының директоры Қасымхан Төлендиев те алдағы референдумның маңызына тоқталып, Ата Заңдағы өзгерістерді тілге тиек етті.

Коалиция мүшелерінің айтуынша, жаңа Конституция жобасы саяси жүйені одан әрі жаңғыртып, әлеуметтік кепілдіктерді күшейтуге, кәсіпкерлікті қолдап, ғылым мен мәдениетті дамытуға септігін тигізбек.

Кездесу барысында орталық мамандары көкейкесті сауалдарын жолдап, ой-пікірімен бөлісті.

Ашық пікір алмасу соңында өңірлік коалиция жетекшісі Дауыл Бейсенқұлов елдегі саяси науқанға үн қосу әрбір қазақстандықтың парызы екенін айта келе, бір кісідей атсалысуға шақырды.

Бүгінде коалиция мүшелері түсіндіру жұмыстарын белсенді жүргізуде. Алдағы уақытта өзге де еңбек ұжымдарымен, сарапшылар қауымымен және тұрғындармен кездесулер өз жалғасын таппақ.

Нұрбақыт ТҰТҚЫШБЕКОВ