Брифинг

Алмақтың да салмағы бар

Жуырда өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Еңбек және әлеуметтік қорғау комитетінің облыс бойынша департаментінің басшысы Аслан Оразбековтің қатысуымен брифинг өтті. Брифинг барысында облыстың әлеуметтік қорғау саласында атқарылған негізгі жұмыстар мен қол жеткізілген нәтижелер туралы кеңінен мәлімет берілді.

Спикердің айтуынша, облыстағы халық саны 1 256 263 адамды құрайды. «Мүгедектігі бар адамдардың орталықтандырылған деректер банкі» автоматтандырылған ақпараттық жүйесінің мәліметіне сәйкес, 2026 жылдың 1 қаңтарына облыс бойынша барлығы 45 873 мүгедектігі бар адам тіркеліпті.

Тізім бойынша ардагерлердің жалпы саны 2 452 адамды құраған. Оның ішінде Семей ядролық сынақ полигоны, Чернобыль атом электр стансасы және басқа да радиациялық апаттардың салдарын жоюға қатысқан азаматтар саны 698 адам екен. Ал басқа мемлекеттердің аумағындағы ұрыс қимылдарының қатысушылары 1 754 адамды құраған. Тексеру нәтижесінде қаралған істердің ішінен 855 адамның ұрыс қимылдарына қатысу фактісі расталғаны белгілі болған. Оның ішінде екі азаматтың Таулы Қарабақтағы этносаралық қақтығысты реттеуге қатысқаны сот тәртібімен заңды түрде анықталған екен. Сонымен қатар тексерілгендердің арасында бір адамның қайтыс болғаны тіркелген. Жауынгерлік іс-қимыл ардагерлерінің зейнетақы істерін тексеру жұмыстары әскери басқару органдарымен бірлесіп әлі де жалғасып жатқан көрінеді.

Жалпы 37 тексерістің нәтижесінде 17 субъект бойынша анықталған бұзушылықтарды жою туралы ұйғарым шығарылыпты. Барлығы 53 кемшілік анықталып, бүгінгі күнге дейін оның 40-ы қалпына келтірілген.

Сонымен қатар жоспардан тыс жүргізілген 2 бақылау барысында бұзушылықтар анықталып, әкімшілік іс қозғалған. Нәтижесінде 470 920 теңге көлемінде айыппұл өндіріліпті.

Ақтоты БЕКЕНҚЫЗЫ