Ұлттық стиль сәннен қалмайды
Қазіргі таңда ұлттық нақыштағы киім кию – күнделікті өмірдің бір бөлігіне айналды. Басындағы тақиясы мен иығындағы өрнекті шапаны жарасқан жандарды көшеден жиі кездестіреміз.
Дәстүрлі әшекейлер де заман талабына сай түрленіп, жаңа сипатқа ие болды. Қазақы қамзол мен шапанды заманауи үлгіде пішіп, ұлттық өрнекті қазіргі стильмен үйлестіретін дизайнерлер саны да жыл санап артып келеді. Соның арқасында этнобұйымдар тек арнайы шараларда ғана емес, күнделікті қолданыста да кеңінен көрініс табуда.
Ұлттық киімдерді заманауи үлгіде тігіп, ұлттық өрнекті заманауи стильмен үйлестіріп жүрген жас кәсіпкерлердің бірі – Ақнұр Үшкемпір. Ақнұрдың айтуынша, бүгінгі таңда жастар стильге аса мән береді.


Ұлттық киім – өзінің қайталанбас өрнегімен, табиғи түстерімен, терең мағыналы нақышымен әрдайым ерекшеленіп тұрады. Әр киімді киюдің өзіндік әдебі қалыптасқан. Тіпті ата-бабаларымыз киімге салынатын ою-өрнекке дейін жіті қадағалап, әр қайсысының мағынасына терең үңілген. Ұлттық киімнің түрлерін дайындауда көшпелі ұлтымыз төрт түлік малдың жүні мен терісін кәдеге жаратқан. Жүнді иіріп, мал терісін илеп, күнделікті киетін киімдерін тіккен. Бүгінгі күні ата-баба дәстүрі жаңғырып, ұлттық киім өндірісі өзіндік бағытпен түпкі мәнін сақтай отырып дамуда.
Қазақтың ұлттық киімі – ұлттың рухани байлығы мен мәдениетінің көрінісі. Әрбір ою-өрнек, әрбір тігіс – ата-бабадан қалған аманат. Ұлттық киімді жаңғырту – тек дәстүрді сақтау ғана емес, халқымыздың тарихы мен өнерін келер ұрпаққа жеткізудің жарқын үлгісі.
Сымбат ҚУАНЫШ