Әр сөзінің салмағы бар еді
Ана туралы айту – жүректің ең нәзік пернесін басумен тең. Себебі әркімнің өмірінде ана бейнесі жылу мен жарықтың, төзім мен мейірімнің өлшемі.
Менің анам Алтынкүл Шымырбайқызының өмір жолы – бір әулеттің ғана емес, тұтас бір дәуірдің тарихындай. Әкем 1929 жылы туған, анам 1937 жылғы. Араларында тоғыз жас айырмашылық бар. 1954-1955 жылдары әкем Мамыр Бегалыұлына тұрмысқа шыққан. Ол кез – соғыстан кейінгі ауыр жылдар. Ел еңсесін енді тіктеп келе жатқан, ауылдар қайта түлеп жатқан шақ. Қазіргі замандағыдай кездесіп, қол ұстасып серуендеу жоқ. Үлкендердің батасы, тағдырдың жазуы екі жасты қосқан еді. Анам тұрмысқа шыққанда небәрі 17-18 жаста болыпты.
Әкем қарапайым, еңбекқор жан болды. Ауылда сушы болып, егістік суарды. Анам сауыншы болды. Таң қараңғысынан тұрып, қорадағы сиырларды сауып, сүт өткізеді. Үйге келіп, шиеттей бала-шағаның тамағын жасап, кірін жуып, тірлігін тындырады.
Анам мен әкем 11 перзент сүйді. 3 ұл, 8 қыз. Тағдырдың жазуымен ата-анамыздың екі қызы шетінеп кетті. Гүлназым әпкеміздің тұңғыш қызын бауырына басып, өз перзентіндей тәрбиеледі. Сол немересі де біздің шаңырақтың бір баласы болып кетті. Мен отбасындағы ортаншы баламын. Үлкен ағам, үш әпкем және інілерім мен қарындастарым бар.
Үлкен отбасымыздың қызығы да, қиындығы да қатар жүретін. Біріміз жыласақ, біріміз күлеміз. Біріміз ауырып қалсақ, әуелі анамыз уайымдайтын. Анамыздың жүрегі бәріміз үшін бірдей сыздайтын.
Мен 1963 жылы дүниеге келіппін. Ол уақытта ауыл ескі қоныстан жаңа жерге көшіп жатқан. Бұрынғы ауылымыз сай-саланың жағасында болыпты. Кейін мемлекет арнайы жер бөліп: «Осы жерге қоныстанасыңдар» деген. Бұрынғы Гагарин ауылы бүгінде Түктібай деп аталады. Қазір онда жүзден аса түтін бар.
Жаңа қонысқа көшкенде әр үй өз ауласына ток өткізетін бағана орнату үшін бір жарым метр терең шұңқыр қазуы керек болады. Анамның аяғы маған ауыр болса да, сол шұңқырды өзі қазып бітірген. Үйге кіріп, шай ішіп демалып отырғанда толғағы басталады. Арба жегіп, аудан орталығына апарып, сонда мені босанған. Осыны ойласам, ананың төзімі мен қайсарлығына бас иемін.
Жоқшылық болды. Бірақ аш қалмадық. Анам барын бөліп беретін. Ет аз болса, бәрімізге бір-бір түйірден үлестіретін. Сол бір түйірді ауызға салып алып, ұзақ шайнап отыратынбыз. Себебі одан кейін қашан ет жейтініміз белгісіз. Бірақ сол сәттерде біз өзімізді кедей сезінген емеспіз. Себебі дастарқан басында бәріміз бірге отырдық, анамыз жанымызда болды.
Киімнің де бұйырғанын кидік. Әпкелерім – Гүлназым мен Гүлзипа менен екі-үш жас үлкен еді. Солардың кигенін киіп өстім. Тіпті бір бәтеңкені әпкем екеуміз кезектесіп кигеніміз бар. Таңертең әпкем сабаққа киіп кетеді. Мен оның қайтатын уақытын күтіп отырамын. Үйге жете бергенде, жүгіріп барып, сол бәтеңкені шешіп алып, өзім киіп мектепке қарай жүгіремін. Кейде кешігемін. Бірақ оған реніш болған жоқ. Қанағат болды. Намыс болған жоқ. Себебі бәріміздің жағдайымыз сондай еді.
Бесінші сыныпта оқып жүрген кезім. Қыс қаһарына мініп тұр. Жұқа костюммен мектепке барып жүрмін. Бір күні анам базарға кетіп бара жатып: «Сабақтан кейін күте тұрасың ба?» деді. Ішімде бір үміт жылт етті. Сол күні боран соғып тұрды. Мектепке бара жатып, бұрылыстан анамды көрдім. Қолында үлкен сөмке. Екеуміз ықтасынға бардық. Сөмкені ашып, ішінен көк жағалы жаңа пальтоны алып шықты. Кигізіп жатып: «Балам, енді жаурама. Бұрын әперуге жағдай болмады, кешір», – деді. Екеуміздің де көзімізге жас келді. Сол сәттегі жылуды сөзбен жеткізу мүмкін емес. Ол – ана жүрегінің жылуы еді.
Сөйтіп мектепке кешігіп бардым. Балалар пальтомды ұстап көріп, иіскеп, кезек-кезек киіп көріп жатты. Жаңа киімнің иісі қандай ерекше еді! Сол күні өзімді ең бай бала сезіндім. Байлығым – анамның маған деген махаббаты еді.
Анамның мінезі ерекше болатын. Ақылын көп айтатын, бірақ ешқашан орынсыз сөйлемейтін. Әр сөзінің салмағы бар еді. «Екі түйе сүйкенсе, ортасында шыбын өледі» деп, үлкендердің арасындағы кикілжіңнің зардабы әлсізге тиетінін ұғындыратын. «Қызым, саған айтамын, келінім, сен тыңда» деп, бір ауыз сөзбен бүкіл әулетке ой тастайтын. Сол даналық, сол тоқтам – бізге өмірлік сабақ болды.
Әкем сабырлы, көп сөйлемейтін адам еді. Әкем сырттың қамын ойласа, анам үйдің ұйытқысы, берекесі болды. Екеуінің арасындағы сыйластықтан біз үлгі алдық. Бір-біріне дауыс көтермейтін. Қандай қиындық болса да, тізе қосып көтерді. Біз сол ортада өсіп, бірлік пен сыйластықтың не екенін ұқтық.
Кейін Шымкент қаласында жиырма жылдай тұрдым. Бірде әкем: «Біздің көзіміз тірі кезде қайт. Кейін келгеніңнің не керегі бар?» – деді. Сол сөз жүрегіме жетті. Ата-ананың қадірін тірісінде білу керек екенін түсіндім. Содан кейін анама жиі барып тұратын болдым.
Мен анамды жише деп атайтынмын. Анам мені Керім деп қоятын. Үйге барған сайын ол кісінің білегінен шынтағына дейін сүйіп отырамын. Сонда анам: «Әй, неге сонша сүйесің?» деп күледі. Ал мен ішімнен «Кейін сүюге зар болып қаламын ғой», – деп ойлайтынмын. Қолдары аппақ, жұп-жұмсақ болатын. «Бұл қол не көрмеді, балам. Бейнеттен қатайған қол қартайғанда жұмсарады екен. Еттері босайды екен», – дейтін. Сол сөздің өзінде тұтас бір өмір жатыр.
Ана – жер-ана секілді. Көтереді, кешіреді, өсіреді, жеткізеді. Түн ұйқысын төрт бөліп бағады. Ұлын ұяға, қызын қияға қондырады.
Бүгінде менің де перзенттерім бар. Анамның айтқан ақылы, мақал-мәтелі, өмірге деген көзқарасы – біздің әулеттің темірқазығы болып қалды. Оның жүрегіндегі мейірім, көзіндегі жас, алақанындағы жылу – менің өмір бойғы байлығым.
Мен үшін анам – жай ғана ана емес. Ол – тұтас бір мектеп. Ол – сабырдың сабағы. Ол – мейірімнің мекені. Оның ғұмыры – еңбекпен өрілген дастан. Сол дастанның бір тарауы болып туғаныма өзімді бақытты сезінемін.
Керімқұл БЕГАЛИЕВ,
облыстық мәслихаттың депутаты,
«Злиха» шаруа қожалығының төрағасы