Әлеумет

Қолдан жасалған кәдесый қашанда құнды

Көктеммен бірге жүректі жырға, жанарды нұрға, құшақты гүлге толтыратын 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні де келіп жетті. Осы бір ерекше мерейлі мереке жеткен күні әрқайсысымыз аруларға сыйлық дайындауға асығамыз. Бірі өмір сыйлаған аяулы анасына, енді бірі ошағының отынын түтетіп, бесігін тербеткен асыл жарына, енді бірі әпке-қарындас, барша нәзікжандыларды қуантуға асығады. Осы ретте қолдан жасалған сыйлықтар мерекеге жылылық пен мағына дарытып, жүректерді жақындата түсетіні сөзсіз. Себебі әр қолөнер туындысының артында шабыт, еңбек және шынайы ниет жатады.

Трендтегі тәттілердің бірі – тәжбен әрленген торттар. Балқаймақпен нәзік безендіріліп, үстіне жарқыраған тәж қондырылған мұндай торт әр аруға өзін ханшайымдай сезіндіріп, мерекенің сәнін келтіреді. Тәж – қадір-қасиет пен асқақ арманды меңзейтін әсем нышан. Сол себепті жеміспен көмкеріліп, тәж тағылған торттар соңғы уақытта мерекелік дастарқанның ең сұранысқа ие әрі жүрекке жылы сыйлықтарының біріне айналып отыр. Осындай ерекше торттарға тапсырыс қабылдап, тәтті өнері арқылы көптің көңілінен шығып жүрген жан – Айдана Бүркітбай. Ол бүгінде «BelloCake» кондитерлік брендінің негізін қалаушы ретінде дәмі тіл үйірер тәттілерімен талай адамның мерекесін мәнді етіп келеді.

Соңғы жылдары мереке кезінде ерекше, мағынасы бар сыйлық тарту ету сәнге айналды. Соның ішінде қолдан жасалған бұйымдарға деген қызығушылық артып келеді. Қарапайым қағаздан әсем дүние жасап, оған жаңа сипат беретін шеберлердің еңбегі бүгінде көптің назарын аударып отыр. Кейбіреулер тез тозады, жыртылып қалады деп бағаламайтын қағаздан сұлулық жасау – үлкен ұқыптылық пен шыдамды талап ететін жұмыс. Өйткені қағазбен жұмыс істеу оңай емес: бір қате қию немесе артық бүктеме бүкіл еңбекті зая кетіруі мүмкін.

Сарғайған кітап беттерін қиып, бүктеп, жаңа пішінге келтіру арқылы шеберлер қарапайым материалға өзгеше мән береді. Қағаздан жасалған гүлдер солмайды, ал кітап парақтарынан құрастырылған мүсіндерге әр бүктеме мен әр қиюдың іздері сақталып қалады. Мұндай жұмыстарда ұқыптылық пен төзім айрықша маңызды.

Осындай ерекше қолөнер иелерінің бірі – Назира Құлыншақова. Ол мерекелерге орай кітапқұмар қыздарға арнап қағаздан түрлі бұйымдар жасап, көпшіліктің қызығушылығын тудырып жүр. Оның еңбектері қысқа уақыт ішінде әлеуметтік желілерде кең таралып, трендке айналды.

Қолөнердің тынысымен, заманның лебін сезіп отыратын шеберлер бар. Олар қай бұйым сәнге айналса, соны меңгеріп, өз өрнегімен қайта түлетуге ұмтылады, және соны жаңа арнада ұсынады. Сондай он саусағынан өнер тамған қолөнер шеберлерінің бірі – Жазира Жолдыбайқызы. Ол бірде моншақтан сөмке тоқыса, енді бірде сәукеле мен тақия жасап ұсынады. Түрлі ою-өрнекпен безендірілген ілгектер мен соңғы сәндегі алқалар да осы шебердің қолынан шыққан бұйым екенін тани қоясың.

Қолмен жасалған әр бұйым шебер жүрегінің қолының табы қалған қастерлі дүние. Бұл дүниеге маңдай тер сіңіп, төзім мен шынайы ықылас қатар бой көрсетеді. Сондықтан да мұндай туындылардың құны уақыт өткен сайын арта түседі. Сән өзгеріп, заман жаңарғанымен, қол еңбегіне деген құрмет ешқашан кемімейді. Өйткені жүрекпен жасалған дүние қашан да сұраныста, қашанда бағалы.

Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ