«Гүл сыйлашы маған...»
Кез келген мерекенің сәні гүл екені сөзсіз. Әсіресе нәзік жандылардың мерекесі саналатын – 8 наурыз Халықаралық әйелдер күні әр арудың кеудесі құшақ-құшақ гүлге толып, жүзі бал-бұл жанып жүретіні белгілі. Сондықтан бұл күндері гүлге деген сұраныс артып, гүл сату табысты кәсіптің біріне айналады. Осындай сұлулықты кәсіпке айналдырып, гүл арқылы адамдарға қуаныш сыйлап жүрген жандардың бірі – жас кәсіпкер Қайырбек Байғабыл.
Флорист шетелден жеткізілген орхидея, көпшілік «қыз бақыты» деп атайтын спатифиллум секілді бөлме өсімдіктері мен басқа да гүлдердің сан алуан түрін ерекше күтіммен баптап, сатып алушыларына сәнді әрі креативті түрде ұсынады. Әр тапсырысты өзі дайындап, сапасын жіті бақылауы тұтынушылардың сенімін арттырып келеді. Соның нәтижесінде жас кәсіпкердің гүл бизнесі айына шамамен 5 миллион теңге табыс әкеліп отыр.
Қайырбектің гүл қоймасына бас сұққан жан бір сәтке өзгеше әлемге енгендей әсер алады. Мұнда жүзге жуық түрлі өсімдік жайқалып тұр. Замиокулькас, гардения, гузмания, антуриум секілді көз тартар гүлдердің әрқайсысы ерекше күтіммен өсірілген.
Бүгінде Қазақстанның әр өңірінен тапсырыс түседі. Алғашында бір бөлмеден басталған шағын іс уақыт өте келе кеңейіп, ай сайын миллиондаған теңге табыс әкелетін тұрақты кәсіпке айналған.
Қайырбек бұл салада оқушы күнінен бері жүр. Бәрі анасының тәжірибе ретінде 500 түп гүл сатып алуынан басталыпты. Сол сәт жас жігіттің қызығушылығын оятып, кәсіпке деген ынтасын арттырған.

Анасының бастап берген ісін жалғастырып, оны әрі қарай өркендетіп жүрген Қайырбекке отбасының қолдауы ерекше. Әкесі мен анасы да гүл шаруашылығына белсене араласып, өсімдіктерді күтіп-баптауға бірге атсалысады. Үйінің ауласында бес мың түп гүл өсіруге арналған арнайы жылыжай салынған. Гүлдер жыл 12 ай бойы жайқалып өсіп, көздің жауын алады. Осындай жүйелі еңбек пен ұқыпты күтімнің нәтижесінде бұл іс біртіндеп отбасының тұрақты табыс көзіне айналған.
Қайырбектің әкесі Қалдыбек Сабыртаев ұлының еңбекқорлығы мен іскерлігіне әрдайым сүйсініп қарайды. Оның айтуынша, жылыжайдағы гүлдердің басым бөлігі Қытай мен Нидерландыдан жеткізіледі. Шетелден келген нәзік өсімдіктер мұнда арнайы күтіммен өсіріліп, кейін еліміздің әр аймағына жөнелтіледі. Мәселен, гардения гүлі бір айға дейін үздіксіз гүлдеп тұрады. Оның нәзік хош иісі айналаны жұпар иіске бөлеп, кез келген жанды өзіне тартады. Алайда мұндай әсем гүлдер ерекше күтімді талап етеді. Сондықтан оларды баптауда лимон қышқылы аралас сумен суару секілді арнайы тәсілдер қолданылады. Осындай мұқият күтімнің арқасында гүлдер өзінің табиғи көркі мен сұлулығын ұзақ уақыт сақтап тұрады.
Әр кәсіптің өз қиындығы болатыны белгілі. Гүл саудасы да сырт көзге әдемі көрінгенімен, өз ішінде талай тәуекел мен жауапкершілікті талап ететін сала. Кейде алыс жолдан жеткізілген гүлдер үсіп немесе жарамсыз болып қалады. Мұндай сәттер жас кәсіпкер үшін белгілі бір шығынға әкелетіні анық. Алайда Қайырбек мұндай кедергілерді тоқырау емес, керісінше тәжірибе ретінде қабылдап, кәсібін одан әрі жетілдіруге күш салып келеді.

Қайырбек өз ісін тек Тараз қаласының шеңберінде қалдырмай, оны кеңейтуге ниетті. Қазіргі таңда қалада «Gulbala flowers shop» атты екі гүл дүкені, қоймасы және жылыжайы бар. Одан бөлек «Instagram» әлеуметтік желісіндегі «Gulbala_taraz» парақшасы арқылы да тауарларын жарнамалап әрі сатылымға шығарып жүр. Бұл – жас кәсіпкердің табанды еңбегінің нәтижесі.
Кәсіпкердің еңбегін бағалап, оның гүл дүкеніне тұрақты түрде келетін клиенттердің қатары аз емес. Солардың бірі – Іңкәр Алдаберген.
Алдағы уақытта Қайырбек кәсібін одан әрі дамытып, қаланың орталығынан кең әрі заманауи гүл бутигін ашуды жоспарлап отыр. Сонымен қатар жас флорист елорда Астана қаласынан үлкен қойма ашып, гүл бизнесін жаңа деңгейге көтеруді мақсат етеді. Оның басты арманы – қазақстандықтарға сапалы әрі әсем гүлдерді қолжетімді ету.
Қазіргі уақытта Қайырбек Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз университетінде «Заңгер» мамандығы бойынша білім алып жүр. Білім мен кәсіпті қатар алып жүрген жас жігіт үшін еңбекқорлық пен табандылық – басты қағида.
Ақтоты ЖАҢАБАЙ