Тұтас жұртқа тұтқа болған аналар
Қазақ қоғамында әйел затының орны қашанда биік болған. «Әйел бір қолымен бесікті тербетсе, бір қолымен әлемді тербетеді» деген тәмсіл соның айғағы десек қателеспейміз. Тіпті тарихымызда тұтас бір руға ұран болған аналар аз емес.
Зерттеушілердің пайымдауынша, көне дәуірлерде, әсіресе қола дәуіріне дейін түркі тайпаларында матриархалдық белгілер болған. Кейін мал шаруашылығы мен егіншілік дамып, ер-азаматтардың қоғамдық рөлі артқанымен, аналардың ел басқарған, ұрпаққа жол көрсеткен тұлғалық орны жойылған жоқ. Керісінше, олардың есімі ру атауына, ұранға, шежіреге айналып отырды. Сондықтан бүгінгі мақаламызда тарихта орны, руларда аты қалған аналарға кеңінен тоқталуды жөн көрдік.
АТАҒЫ АЛЫСҚА КЕТКЕН АЛТЫНШАШ АНА
Қыпшақ Тоқтар бидің бәйбішесі Алтыншаштан бес ұл тарайды. Олар – Бұлтың, Торы, Көлденең, Ұзын, Қарабалық. Осы бес ата өсіп-өніп, бес рулы елге айналады. Шежірешілер бұл аталарды «Алтыншаш» деп даралап, аналарының атымен атайды. Бұл – қазақ қоғамында ананың тек отбасы емес, тұтас қауым тағдырына ықпал еткенін көрсететін жарқын мысал.
ҚАЙСАРЛЫҒЫМЕН ТАНЫЛҒАН ҚЫЗАЙ АНА
Қызай ана – ел жадында ерекше сақталған тұлғалардың бірі. Ол – Ұлы жүздің әйгілі биі Бәйдібек би мен Домалақ ана (Нұрила) әулетіне қатысты айтылады.
Аңыз бойынша, Қызайдың шын есімі – Ақбикеш немесе Күнбибі. Ол Найман еліне келін болып түсіп, ақылдылығымен, әділдігімен ел анасына айналады. Кейін ұрпақтары өздерін «Қызай» деп атап, Найман ішіндегі үлкен руға айналған.
Қызай ана жайлы жырлар да сақталған. Ел аузындағы:
«Би Қызай, батыр Қызай елден ерек,
Соғыста қол бастаған жаугер ару...» – деген жолдар оның тек парасатты ана ғана емес, ел қорғаған қайсар тұлға болғанын аңғартады.
КӨПКЕ ҚАДІРЛІ ҚАРҚАБАТ АНА
Арғын ішіндегі Қаракесек руының қалыптасуында Қарқабат ананың орны ерекше. Ол Мейрамсопының жары болып, ерекше қамқорлық, адалдық танытқан. Ел аузындағы әңгімелерде Мейрамсопы оған разы болып, «ұрпағың ұранға шықсын» деп бата бергені айтылады. Кейін Қарқабат есімі Қаракесек руының ұранына айналады. Алаш қайраткері Әлихан Бөкейхан өз еңбектерінде Қарқаралы өңірінің шежірелерін келтіріп, Қарқабат ана туралы деректерді жазып қалдырған.
АҚҮЛЕК АНА – БАЙБАҚТЫ ІШІНДЕГІ КИЕЛІ АНА
Кіші жүз Байұлы – Байбақты руындағы Ақүлек ана ұзатылып келгенде ақ үлек мініп келгендіктен осылай аталған. Ұрпақтары «Ақүлек» руы атанған. Ел ішінде оны қасиетті, көреген ана ретінде құрметтейді.
Қазақ шежіресінде әйел есімімен аталған ру-тайпалардың көптігі – халқымыздың анаға деген ерекше құрметінің айқын дәлелі. Бұл жай ғана атау емес, тұтас дүниетаным. Ана – тек отбасының ғана емес, рудың, елдің тірегі екенін осыдан-ақ аңғаруға болады.
Қазақ қоғамында әйел тек шаңырақ иесі емес, қажет кезде ел билеген, найза ұстап қол бастаған, дау шешкен, ұрпақ тәрбиелеген кемеңгер тұлға болған. Сондықтан да олардың есімі ұранға, руға, шежіреге айналып, ғасырлар бойы ұмытылмай келеді.
Айжан ӨЗБЕКОВА