Әлеумет

Ана жайлы ең жақсы сөз...

«Әке, әке, сен айтатын жақсы сөздер көп еді,

Айтшы енді, ана жайлы ең жақсы сөз не?» деді.
Ана жайлы…
Ана жайлы пайғамбарлар сəлемі,
Ана жайлы ақындардың өлеңі.

Ана жайлы – қара жердің төзгені,
Ана жайлы – уақыттың безбені,
Ана жайлы айтылмаған бір сөз болса əлемде,
Ол да ананың айта алмаған сөздері.

Ана жайлы жақсы сөзді есту үшін тыңда, ұлым,
Тыныштықты, Тауды, Көлді, Ай сəулесін, Күн нұрын,
Ана жайлы сенің тəтті қиялдарың, арманың,
Ана жайлы менің барлық шындығым.

Мен айтатын жақсы сөздер көп еді,
Мен де анамды жақсы көрем, себебі!
Білесің бе, бұл əлемге адамдар,
Ана жайлы айту үшін келеді!

Адамзаттың ең бір асқақ бар əні,
Жыр еткенмен, пір еткенмен ананы,
Бұл өмірді қалай сүріп өткені –
Ана жайлы айтқан сөзі болады.

Ана жайлы – кең дүние – бесігің,
Ана жайлы аманат пен кешірім,
Анаң үшін ең жақсы сөз дүниеде –
Ұлым, сенің есімің!..

                                                        Ерлан Жүніс,
ақын  

 

Мен үшін жүрегін де жұлып берер..

Зəрезап болғаныммен айналадан,
Шыдаймын ғой, шыдамай қайда барам?
Бар болса маған құшақ жайған адам,
Ол сенсің, қайран, Анам!
_
Қайран, Анам, қолтықтан демеп жүріп,
Мен үшін жүрегін де берер жұлып.
Мектепте табаныңды тоздырдың-ау,
Маңдайыңның терімен еден жуып.
_
Бұл күндері ұл өсті, қыз жетілді,
Əңгімелер айтылды бізге түрлі.
Жұрттан ұят болса да қимай жүрсің,
Қыз кезіңнен жасаған қызметіңді.
_
Жеті бала өсірдің қалып тойдан,
Мен билікке қайранмын, салыпты ойран...
Қолыңа шүберек пен шелек беріп,
Мойныңа алтын алқа тағып қойған.
_
Ана, сенің жүрегің тоқтамасын,
Əлі талай менімен мақтанасың.
Еден жуып жүріп-ақ сен тарихта,
Ұлы ақынның анасы боп қаласың!

                                                               Ершат Қайболдин,
ақын
 

 

Мерекеге сыйлық

М ен көрген ерте көктемнің,

Е сетін желі жәй ғана.

Р еңі кіріп көк белдің,

Е лжірей түсер айнала.

К үн, сенен басқа өпкен кім

Е й, самал, сен де аймала.

Г үл сынды ару тосқан тек,

Е ркімен жүзін айнаға.

 

С оларға арнап мен бүгін,

Ы рқыммен өлең ұсындым.

Й балы пейіл кеңдігін,

Л ағылдай сақтар кісің кім?

Ы рысы биік елдігің

Қ ызыңда ғана, түсінгін.

Нұрым СЫРҒАБАЕВ