Көрерменді тебіренткен «МАМА» мюзиклі
Жуырда «Баласағұн» орталық концерт залында «МАМА» атты ерекше форматтағы кино-концерттің премьерасы өтті. Байзақ ауданы әкімдігінің ұйымдастыруымен өткен бұл мәдени іс-шара Халықаралық әйелдер күні қарсаңында көрерменге ұсынылып, ананың мейірімі мен отбасы құндылықтарын ұлықтаған тағылымды рухани кешке айналды.
Облыс жастары мен аналар көп жиналған іс-шара арнайы бейнероликпен басталып, ана туралы жүрекке жылы тиетін сөздер айтылды. Залда отырған әр адамды толқытқан бұл кіріспе кештің негізгі идеясына жол ашты. Одан кейін сахнаға шыққан төрт ана көрерменге алда баяндалатын тағдырлар туралы сыр шертіп, қойылымның мазмұндық желісін өрбітті.
Кино-концерт төрт бөлімнен тұрды. Әр бөлімде өмірдің түрлі қырлары, ана мен бала арасындағы ерекше байланыс, адам тағдырындағы маңызды таңдаулар көркем түрде бейнеленді.
Алғашқы бөлім – «Құрақ көрпе». Бұл бөлімде білім іздеп ауылдан қалаға аттанған жас қыздың өмір жолы баяндалды. Кейіпкер үлкен өмірге қадам басқанымен, оның жүрегінде анасының тәрбиесі мен туған үйінің жылуы сақталып қалады. Құрақ көрпе бейнесі осы жерде ерекше мағынаға ие болды. Ол ұрпақтар сабақтастығының белгісі ретінде көрсетіліп, кейіпкердің туған үйінен алыста жүрсе де, рухани қорғаны болып қала береді. Анасының ақ батасы мен ізгі тілегі жас қызға өмір жолында дұрыс таңдау жасауға бағыт береді.
Екінші бөлім «Анаңды жылатпа» деп аталды. Онда қазіргі қоғамда өзекті болып отырған мәселе, яғни жасөспірімдер арасындағы қылмыс тақырыбы қозғалды. Кездейсоқ басталған жанжалдың қайғылы жағдайға ұласуы арқылы бір сәттік ашудың адам өмірін өзгертіп жіберуі мүмкін екені көрсетілді. Қойылым барысында «Анаңды жылатпа» деген сөз бірнеше рет қайталанып, көрерменге терең ой салды. Бұл сөз ананың жүрегін ауыртатын әрбір әрекеттен сақтануға шақырған үндеу ретінде қабылданды.
«Ана үйі» деп аталатын үшінші бөлімде сахналанған қойылымы тарихи оқиғаларға негізделген әсерлі көріністердің бірі болды. Тарихтың ауыр кезеңдерінде қазақ халқы түрлі ұлттың балаларын бауырына басып, қамқорлық көрсеткені белгілі. Қойылымда қазақ әйелдің қамқорлығымен аман қалған шешен баласының тағдыры баяндалды. Арада жылдар өткен соң ол өзінің балалық шағы өткен үйге қайта оралады. Жартылай қираған үйдің қабырғалары оған өткен күндерді, мейірімге толы аналық жүректі, ұлт пен шекараға бөлмейтін кең пейілді еске түсіреді. Бұл көрініс қазақ аналарының кең жүрегі мен қайырымдылығын, адамгершілік қасиетін терең сипаттап берді.
Кино-концерттің қорытынды бөлімі «Жаса, ана» деп аталды. Бұл бөлімде аналарға деген алғыс пен ризашылық ерекше әсерлі түрде жеткізілді. Сахнада орындалған «Кешір, ана», «Рахмет, ана» және «Жаса, ана» әндері көрермен көңілін толқытып, әр адамның жүрегіндегі сезімді қозғады. Кейде айтуға кеш болып қалатын қарапайым сөздердің өзі ана үшін қаншалықты қымбат екенін осы бөлім анық көрсетті.
Кеш барысында орындалған әндер мен сахналық көріністер бір-бірімен үйлесім тауып, көркем мазмұнды толықтыра түсті. Әсіресе ананың балаға деген шексіз махаббаты мен қамқорлығы көрермен жүрегіне ерекше әсер қалдырды. Сахнада өнер көрсеткен әртістердің шеберлігі де көрермен назарынан тыс қалған жоқ. Кешке қатысқан өнерпаздар Бақытжан Байкүшіков, Тынышбек Аян, Сымбат Жиеналиева, Қайрат Нұрдәулет және Марал Жанбаева орындаған әндер мен сахналық бейнелер арқылы қойылымның мазмұнын әсерлі жеткізе білді. Бұл кеш тек концерт ретінде ғана емес, көрерменге ой салған рухани кездесу ретінде есте қалды. Ананың мейірімі мен махаббаты туралы айтылған әрбір сөз, орындалған әрбір ән, қойылған әрбір көрініс көрермен көңіліне жылу сыйлады.
«МАМА» кино-концерті ананың қадірін сезіндірген, жүрекке терең әсер қалдырған тағылымды мәдени іс-шара болды.
Кешке Байзақ ауданы әкімінің орынбасары Рүстем Қасымов қатысты. Оның айтуынша, мұндай рухани кештер қоғамда отбасы құндылықтарын дәріптеуге және жастарды ата-анаға құрметпен қарауға тәрбиелеуге үлкен ықпал етеді.

Рүстем Қалмұхамедұлы сондай-ақ бұл кештің Халықаралық әйелдер күні қарсаңында ұйымдастырылуының да ерекше мәні бар екенін атап өтті. Мұндай мәдени іс-шаралар аналардың қоғамдағы орны мен рөлін тағы бір мәрте айқындап, олардың еңбегіне деген құрметті арттыра түсетінін жеткізді.
Шынында да, осы қойылымды көрген әр адамның жүрегінде бір ой қалатыны анық. Ол ой – анаға деген алғыс, анаға деген сағыныш және анаға деген мәңгілік құрмет.
Ақтоты ЖАҢАБАЙ