Әке жолын жалғаған фермер
Өткен тарихқа көз жүгіртсек, жер жыртып, диқаншылықпен айналысқан, механизатор ретінде трактор тізгіндеген, зауытта ыстық жалынға жүзін төсеп, темір балқытқан, майданда ұшқыш ретінде жауға атой салған ақжаулықтылар өте көп. Олар өз заманында еңбегімен елге үлгі бола білді.
Бүгінгі күні де сол батыр аналардың жолын жалғап, ауылшаруашылығында тынымсыз еңбек етіп жүрген фермер келіншектер аз емес. Сондай табысты әйелдердің бірі – Асана Шокатаева.
Асана Серікжанқызы – заман тынысын тап басқан, бақытын еңбектен іздеген тәжірибелі фермер. Бүгінде ол Т.Рысқұлов ауданындағы «Жасмин» ауылшаруашылығы өндірістік кооперативінің басқарма төрайымы болып еңбек етіп, асыраушы саланың дамуына өз үлесін қосып келеді. Сонымен қатар қоғамдық өмірден де шет қалмай, осы аудандағы «Respublica» партиясының төрағасы ретінде белсенді қызмет атқаруда.
Негізінде кейіпкеріміздің еңбек жолы әкесі негізін қалаған «Қайнар Агро» жауапкершілігі шектеулі серіктестігімен тығыз байланысты. Әкесі Серікжан – «Қайнар Агро» ауылшаруашылығы кәсіпорнының жетекшісі, саналы ғұмырын ауылшаруашылығына арнаған жан. Үлкен кәсіпорында Асана Серікжанқызы директордың орынбасары қызметін атқарып, өндірістік жұмыстардың жүйелі жүргізілуіне атсалысады. Кәсіпорынның қызмет ауқымы кең болғандықтан, негізгі өндірістік үдерістердің басым бөлігі дәл осы «Қайнар Агро» аясында жүзеге асады. Бүгінде кейіпкеріміз әке жолын лайықты жалғастырып, отбасылық кәсіптің өрісін кеңейтіп, шаруашылықтың жұмысын жүйелі жүргізіп келеді.
Асана егіс алқабындағы шаруаларды ұйымдастырып, жер жырту, тұқым себу, дақылдарды күтіп-баптау, өнім жинау сияқты жұмыстардың барысын өзі қадағалайды. Сонымен қатар шаруашылықтың қаржылық есебін де жүргізіп, барлық істің ретімен жүзеге асуына баса көңіл бөледі. Ал «Жасмин» өндірістік кооперативі – Асананың өз бастамасымен құрылған жеке шаруашылық.
Асана ауылға көшіп келмес бұрын Алматы қаласында еңбек етіп, кәсіби тәжірибе жинақтаған. Алайда уақыт өте келе оның өмірінде маңызды шешім қабылдауға түрткі болған жағдайлар орын алды. Алматының ауасы мен қарбалас өмір салты балалардың денсаулығына кері әсер ете бастаған еді. Балаларының денсаулығына алаңдаған Асана Серікжанқызы отбасылық өміріне өзгеріс енгізу туралы байыпты шешім қабылдайды. Осылайша ол қала тіршілігін артқа тастап, ауылға қоныс аударуға бел буды.

«Қайнар Агро» ауылшаруашылығы кәсіпорнында негізінен дәнді дақылдар өсіріледі екен. Шаруашылықта күздік бидай, күздік арпа, жаздық арпа сияқты дәстүрлі дақылдармен қатар, сафлор секілді майлы дақылдар және мал азығына пайдаланылатын жоңышқа да егіледі. Кәсіп иесінің айтуынша, ол әрдайым жаңашылдыққа ұмтылып, ауылшаруашылығында жаңа бағыттарды меңгеруге қызығушылық танытып келеді. Сондықтан шаруашылықта жыл сайын жаңа технологияларды енгізу, түрлі сорттарды сынақтан өткізу сияқты жұмыстар да қатар жүргізіліп отырады. Бұл өз кезегінде егіншілік ісін жетілдіріп, өнім сапасын арттыруға мүмкіндік береді.
Осындай ізденістер мен жаңашылдыққа ұмтылыстың нәтижесінде 2023 жылы «Қайнар Агро» кәсіпорны маңызды ғылыми жобаға қатысу мүмкіндігіне ие болды. Ел көлемінде іріктелген сегіз компанияның қатарынан табылған шаруашылық Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетіне қарасты Алматы облысындағы «Дәнді дақылдар және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтымен» арнайы келісімшарт жасасқан. Жоба аясында егін алқаптарында жаңа сорттарды тәжірибелік түрде сынақтан өткізу жұмыстары жүргізілген. Атап айтқанда, дәнді, майлы және бұршақты дақылдардың 25-тен астам жаңа сорты егіліп, олардың өсіп-өну ерекшеліктері мен өнім беру қабілеті мұқият бақыланған. Бұл ғылыми тәжірибенің басты мақсаты – жаңа сорттардың Жамбыл облысының климаттық жағдайына қаншалықты бейімделетінін анықтау. Яғни, зерттеу кезінде жергілікті топырақ құнары мен табиғи ортада олардың қалай өсіп, қандай нәтиже көрсететінін зерттеу арқылы өңірге тиімді әрі өнімді дақыл түрлерін іріктеу көзделіпті.
Кәсіпорында өндірілген өнімнің негізгі бөлігі жергілікті нарыққа бағытталады екен. Әсіресе тұқымдық материал Жамбыл, Алматы, Қызылорда және Түркістан облыстарындағы шаруашылықтарға жеткізіліп, егіншілікпен айналысатын кәсіпорындардың сұранысын қамтамасыз етуге жұмсалады. Ал азықтық және тағамдық мақсаттағы астықты көбіне өңірдегі мал бордақылау алаңдары мен жеке қосалқы шаруашылықтар сатып алады. Осылайша «Қайнар Агроның» өнімі ең алдымен жергілікті тұтынушылардың қажеттілігін өтеп келеді. Дегенмен кейбір жылдары компания сыртқы нарықпен де байланыс орнатқан. Мәселен, майлы дақылдардың белгілі бір бөлігі Өзбекстан нарығына экспортқа шығарылған. Алайда мұндай экспорт көлемі әзірге тұрақты әрі ауқымды сипат ала қоймапты. Өйткені халықаралық нарыққа өнім шығару үшін үлкен көлемдегі әрі тұрақты өнім қоры қажет көрінеді.
Расында ауылшаруашылығы – оңай сала емес. Жауапкершілігі зор, табиғаттың құбылмалы мінезіне тәуелді бұл сала көп жағдайда ер-азаматтардың еншісіндегі күрделі кәсіп ретінде қабылданып келгені белгілі. Сондықтан мұндай ортада әйел адам ретінде еңбек ету ерекше төзімділік пен ішкі қайсарлықты талап ететіні анық. Асана Серікжанқызы да бұл жолдың жеңіл болмағанын жасырмайды. Кей тұстарда ер-азаматтарға тән табандылық пен батылдық танытуға тура келсе, енді бір сәттерде олардың ойлау жүйесін түсініп, сол ортаға бейімделудің де қажет болғанын айтады. Әрине, мұндай ортада тепе-теңдікті сақтау оңай емес. Кей кездері жұмыста өзінің әйел екенін ұмытып кететін сәттері де болған. Бұрын ол кейде ер адамдар секілді қатаң әрекет етуге тырысқан. Алайда уақыт өте келе өз болмысын сақтап, әйелге тән парасаттылықпен жұмыс істеу әлдеқайда тиімді екенін түсінген.
Асана басқаратын шаруашылықтарда еңбек қатынасына ерекше мән беріледі. Мұнда бірнеше буын өкілдері бірлесіп жұмыс істейді, тіпті бір отбасының бірнеше ұрпағы еңбек ететін жағдайлар бар. Компания қызметкерлердің тұрмыс жағдайына да қолдау көрсетіп, ұзақ жыл адал еңбек еткендерге әлеуметтік көмек көрсетіледі. Мысалы, кейбір қызметкерлерге баспана сыйға тартылған, сондай-ақ үйлену тойы, оқу немесе қиын кезеңдерде қаржылай қолдау көрсету дәстүрге айналған.
Ал «Жасмин» өндірістік кооперативі аясында Асана Серікжанқызы ұлттық тағам өндірісін дамытып, құрттың бірнеше түрін нарыққа ұсынып отыр. Өнімдер қатарында дәстүрлі құрт, шоколадқа қапталған құрт және той-томалаққа арналған сыйлық жиынтықтары бар.
Ұлттық өнімді заманауи форматта дамытып жүрген Асана Серікжанқызы – Re.Women әйелдер қауымдастығының белсенді мүшесі. Ол әйелдердің кәсіпкерлікте батыл қадам жасап, өз ісін сеніммен жүргізе алатынын нақты іспен дәлелдеп келеді.
Ақтоты ЖАҢАБАЙ