Алжан ағайдың оқушылары алдына жан салмады
1 наурыз – Алғыс айту күніне орай Тұрар Рысқұлов ауданында 2014-2015 жылы туған жасөспірім қыздар арасында волейболдан аудандық турнир өтті.
Тұрар Рысқұлов ауданы әкімдігі денешынықтыру және спорт бөлімінің ұйымдастыруымен өткен жарысқа 12 команда қатысып, бәсеке көрігін қыздырды. Нәтижесінде Тараз қаласындағы Абай атындағы мамандандырылған дарынды балаларға арналған қазақ тілі мен әдебиетін тереңдете оқытатын мектеп-гимназияның командасы қарсыластарынан оқ бойы озық шығып, І орынды иеленді. ІІ орын Қызылшаруа ауылындағы №3 орта мектептің командасына бұйырды. Ал Максим Горький атындағы орта мектептің командасы ІІІ орынды місе тұтты.
Айта кетейік, жеңімпаз команданы Абай атындағы мамандандырылған дарынды балаларға арналған қазақ тілі мен әдебиетін тереңдете оқытатын мектеп-гимназияның волейбол үйірмесінің жетекшісі Алжан Жусанбаев жаттықтырады. Спорт саласында 25 жылдық тәжірибесі бар бапкердің сөзінше, жарысқа дайындық оқу жылының басында басталған.
Н.МҰСАТИЛЛАҰЛЫ