Брифинг

Құрылыс нысандары қатаң бақылауда

Өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз алаңында облыс әкімдігі мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының басшысы Айтқазы Қарабалаевтың қатысуымен брифинг өтті. Спикер 2025 жылы басқарма тарапынан атқарылған жұмыстар ретін баяндап, БАҚ өкілдері тарапынан қойылған сұрақтарға жауап берді.

Айтқазы Дәулетқұлұлының айтуынша, былтыр жоспардан тыс 237 тексеру жүргізіліп, нәтижесінде 160 нұсқама беріліп, 504 әкімшілік іс қозғалған. Сондай-ақ бақылау жұмыстарының нәтижесінде 9 авторлық және 17 техникалық қадағалаушыларға қатысты әкімшілік іс қозғалып, айыппұл салумен қатар сарапшы аттестаттары 6 ай мерзімге тоқтатылған.

А.Қарабалаевтың сөзінше, бұдан өзге құрылыс-монтаждау жұмыстарын сапасыз орындап, құрылыс нормалары мен ережелерінен ауытқыған ұйымдарға қатысты да шара қолданылған. Мәселен, 6 мердігер ұйым мен жобалау қызметін жүзеге асыратын 11 ұйым және 2 геологиялық зерттеу ұйымы Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 312-бабының 1-тармағы бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылған екен.

Нұрбақыт ТҰТҚЫШБЕКОВ