Көру қабілетін сақтауға жаңа мүмкіндіктер
Жуырда «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» облыс бойынша филиалының ұйымдастыруымен облыстық офтальмологиялық орталықта баспасөз туры өтті. Жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері орталықтың мүмкіндіктері мен даму бағытымен танысты.
1996 жылы ашылған орталық бүгінде халықаралық сапа стандарттарына сай келетін, жоғары технологиялармен жабдықталған заманауи медициналық кешенге айналған. Коммуналдық кәсіпорын деңгейінен кәсіби, көпбейінді, инновациялық орталыққа дейінгі жол – жүйелі еңбектің, стратегиялық дамудың және медицинадағы үздік тәжірибелерді енгізудің нәтижесі. Осы жылдар ішінде мекеменің басты мақсаты өзгерген жоқ. Өңір тұрғындарына және еліміздің азаматтарына қолжетімді, сапалы, қауіпсіз офтальмологиялық көмек көрсету мекеменің күнделікті жұмысының өзегі.
Баспасөз турын орталықтың бас дәрігерінің орынбасары Жансая Сыдықова жүргізіп, мекеменің мол мүмкіндіктері, жаңа технологиялар мен МӘМС аясында көрсетілетін қызметтер туралы толық мәлімет берді.
Жансая Әділханқызының айтуынша, орталық қызметі профилактикадан бастап дәл диагностикаға, тиімді емдеуге және оңалтуға дейінгі толық циклді қамтиды. Заманауи диагностикалық база көз ауруларын ерте кезеңде анықтауға мүмкіндік береді. Жоғары дәлдіктегі Verion, Argos, IOL-Master аппараттары, OCT-ангиография, электрофизиологиялық зерттеулер, лазерлік жүйелер – мұның барлығы диагнозды нақты қойып, әр пациент үшін жеке ем тактикасын таңдауға жағдай жасайды.
Бүгінде орталық офтальмологиялық көмектің барлық негізгі бағыттарын ұсынады. Пациенттер жетекші мамандардың консультациясын алып, физиотерапиялық ем қабылдай алады, заманауи лазерлік операциялар мен микрохирургиялық араласулар жасатады. Катаракта мен глаукоманы хирургиялық емдеу, рефракциялық мақсатта көз бұршағын алмастыру, факикалық линзаларды имплантациялау, кератоконус кезінде интрароговицалық сегменттер орнату, кросслинкинг, тор қабық ауруларында ангиогенез ингибиторларын интравитреальды енгізу – мұның барлығы өңір тұрғындары үшін қолжетімді.
Соңғы жылдары орталықта эстетикалық және функционалдық бағыттағы хирургия да қарқынды дамып келеді. Соның ішінде қазіргі заманғы блефаропластика ерекше сұранысқа ие. Блефаропластика – қабақтың артық терісін, май тіндерін түзету арқылы көз аймағының эстетикасын қалпына келтіретін, сонымен қатар көру аймағын кеңейтуге мүмкіндік беретін операция. Көп жағдайда жоғарғы қабақтың салбырауы көру өрісін тарылтып, адамның күнделікті өмір сапасына әсер етеді. Мұндай жағдайда блефаропластика тек косметикалық емес, медициналық көрсеткіш бойынша жасалады. Орталықта блефаропластика заманауи микрохирургиялық әдістермен, жоғары дәлдіктегі құрал-жабдықтар арқылы орындалады. Тілік сызықтары табиғи қатпар бойымен жүргізіліп, операциядан кейінгі тыртықтар барынша байқалмайтындай етіп жасалады. Кей жағдайларда трансконъюнктивалды әдіс қолданылып, теріге сыртқы тілік жасалмайды. Бұл әдіс оңалту кезеңін жеңілдетіп, пациенттің қалыпты өмірге тез оралуына мүмкіндік береді. Сонымен қатар төменгі және жоғарғы қабаққа бір мезгілде кешенді түзету жүргізу тәжірибесі кеңінен қолданылады.
Орталық тәулік бойы қызмет көрсетеді. Травматологиялық пункт жылына 15 мыңнан астам пациент қабылдайды. Кезекші дәрігерлер тәулік бойы қызмет көрсетіп, ең күрделі жағдайларда да көру мүшесін сақтап қалуға бағытталған операцияларды жүзеге асырады.
Жансая Әділханқызының сөзіне сүйенсек, жыл сайын 1500-ден астам пациент МӘМС және ТМККК (тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі) аясында ауруханаға жатқызылады. Консультативтік-диагностикалық бөлімде 16 мыңнан астам адам тексеруден өтеді. Күндізгі стационарда 2000-нан астам, тәулік бойғы стационарда 1500-ден астам операция жасалады. Ақылы бөлімде 5000-нан астам хирургиялық араласу орындалады. Бұл көрсеткіштер – халық сенімінің және көрсетілетін медициналық көмектің жоғары сапасының айқын дәлелі.
Осылайша облыстық офтальмологиялық орталық өңірде жоғары технологиялық офтальмологиялық көмекті қолжетімді етіп, мыңдаған адамның көру қабілетін сақтауға нақты үлес қосып келеді. Заманауи жабдық, білікті мамандар және жүйелі басқару – орталық табысының берік негізі.
Айжан ӨЗБЕКОВА