8 наурыз қарсаңында алаяқтардың жаңа тәсілдері анықталды
Бас прокуратура Халықаралық әйелдер күні қарсаңында алаяқтық фактілері туралы ескертеді, деп хабарлайды arainfo.kz
Ведомствоның мәліметінше, мереке кезінде гүлдер мен сыйлықтарға тапсырыстардың, сондай-ақ онлайн-төлемдердің көбеюі алаяқтар үшін қолайлы мүмкіндікке айналады. Осы кезеңде олар азаматтарға түрлі сылтаумен қоңырау шалып немесе хабарлама жіберіп, құпия мәліметтерді алуға әрекет етеді.
Ең көп таралған тәсілдердің бірі – гүл немесе сыйлық жеткізу рәсімделгені туралы хабарлап, «тапсырысты растау үшін» SMS арқылы келген кодты сұрау. Сонымен қатар жалған ұтыс, бонус немесе акция туралы хабарлап, телефонға келген растау кодын атауды талап ететін жағдайлар да кездеседі. Кейбірі өздерін банк қызметкері, қауіпсіздік қызметінің өкілі немесе курьерлік компания қызметкері ретінде таныстырады.
Бас прокуратура бір реттік SMS-код қаржылық операцияларды растауға арналған құпия құрал екенін еске салады. Мұндай кодты бөгде адамдарға беру банк шотынан ақша шешіп алуға, несие рәсімдеуге немесе мобильді банк қосымшасына қол жеткізуге әкелуі мүмкін. Ведомство өкілдерінің айтуынша, банк қызметкерлері мен құқық қорғау органдары телефон арқылы SMS-кодтар мен банк картасының деректерін сұратпайды.
Сонымен қатар мереке қарсаңында алаяқтар әлеуметтік желілерде, әсіресе Instagram мен TikTok платформаларында жалған парақшалар ашып, гүлдер мен түрлі сыйлықтарды төмен бағамен ұсынып, алдын ала төлем талап етеді. Ақша аударылғаннан кейін мұндай парақшалар жұмысын тоқтатып, сатушылармен байланыс үзіледі.
Осыған байланысты мамандар гүлдер мен сыйлықтарды тек сенімді сатушылардан сатып алуға, төлем жасар алдында алушының деректемелерін мұқият тексеруге және күмәнді сілтемелерге өтпеуге кеңес береді. Сондай-ақ қандай жағдайда да бөгде адамдарға SMS-кодтар мен банк деректерін бермеу қажет.
Күдік туындаған жағдайда банкке ресми нөмір арқылы хабарласып, қажет болғанда құқық қорғау органдарына жүгінген жөн. Мамандар қарапайым цифрлық қауіпсіздік ережелерін сақтау азаматтардың қаржысы мен жеке деректерін қорғауға көмектесетінін атап өтті.