Жамбыл облысында қызметкерлердің міндетті зейнетақысын төлемеген мекеме әшкере болды
Тараз қаласы прокуратурасының тексерісі барысында еңбек және зейнетақы заңнамасының талаптары сақталмағаны анықталды, деп хабарлайды arainfo.kz
2025 жылдың тамызы мен желтоқсан айлары аралығында «Жасыл Ел Тараз» ЖШС-нің 650 қызметкеріне жалпы сомасы 20 млн теңгеден астам міндетті зейнетақы жарналары Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына аударылмаған.
Сонымен қатар Тараз қаласының білім бөліміне қарасты мемлекеттік мектепке дейінгі ұйымдарда еңбек еткен 1 895 қызметкерге 283 млн теңге көлемінде зейнетақы жарналары төленбеген.
Прокурорлық қадағалау актісінің негізінде барлық заң бұзушылықтар жойылып, қызметкерлердің жалпы сомасы 300 млн теңге зейнетақы жарналары толық көлемде қорға аударылды. Кінәлі тұлғалар әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Прокуратура органдары азаматтардың конституциялық құқықтарын қорғауды өздерінің басым бағыттарының бірі деп санайды.