Қазақстанда «сталкинг» үшін алғашқы үкімдердің бірі шықты
Елімізде Қылмыстық кодекстің 115-1 («Сталкинг») жаңа бабы күшіне енгеннен кейін алғашқылардың бірі болып атыраулық азамат жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды arainfo.kz
Іс бойынша Құрманғазы ауданының тұрғыны С.К. 2025 жылдың қыркүйегінде әйелдің үйіне жүйелі түрде келіп, терезесінен сығалап, оны аңдаған. Шамадан тыс назардан шаршаған әйел құқық қорғау органдарына жүгінген.
Сот ер адамның әрекетін заңсыз деп танып, жәбірленушінің психологиялық жағдайына зиян келтіргені үшін 200 сағат қоғамдық жұмыс жазасын тағайындады.
Мамандар еске сала кетеді, 2025 жылдың шілдесінен бастап адамның еркінен тыс қарым-қатынас орнатуға тырысу, тіпті физикалық күш қолданбаса да, қылмыс болып саналады. Ең ауыр жазасы – 50 тәулікке қамау, 200 АЕК айыппұл немесе қоғамдық/түзету жұмыстары.
Прокуратураның мәлімдеуінше, «романтикалық» себеппен біреуді аңду енді заңнан тыс әрекет болып есептеледі және жауапкершілікке тартылады.