Дін

Мәуліт - пайғамбар мейірімін сүйіншілейтін мереке

Мәуліт - пайғамбар мейірімін сүйіншілейтін мереке

«Мәуліт айы» деп арнайы атап, іс-шаралар өткізіліп жатады. Ал бұл қандай мереке? Ең алдымен «мәуліт» сөзінің мәнісіне тоқталып өтейік.

Мәуліт арабша «туылу», «туылған уақыты» деген мағы­на­лар­ды білдіреді. Адам­зат­­тың асылы, Пайғамбар­лар­дың ардақтысы Мұхаммед пайғам­бардың (с.ғ.с.) туған уақытына байланысты атап өтілетін күн мәуліт деп аталады. Қасиетті Құран Кәрімде Алла Тағала «Ахзаб» сүресінің 56-аятында: «Пайғамбарға (с.ғ.с.) Алла рақымын төгіп, періштелер жарылқау тілейді. Ей, мүміндер! Пайғамбарға (с.ғ.с.) сендер де салауат айтып, сәлем жолдаңдар», деген. Сондықтан да әр жылы айтізбесінің рабиғ әл-аууәл айында әз Пайғамбарымыздың мәулітін мерекелеп, Алла Тағала бізді өзінің сүйікті Пайғамбары хазреті Мұхаммедтің (с.ғ.с.) үмметі етіп жаратқанына алғысымызды білдіріп, сүйікті хабибіне жамағат болып салауаттар айтамыз. Пайғамбарымыз хазреті Мұхаммедті (с.ғ.с.) өз ата-анамызды танығандай тануымыз баршамызға ләзім. Өйткені Анас ибн Малик айтқан хадисте: «Кімде-кім мені өз ата-анасынан, балаларынан және барлық адамдардан артық көрмейінше иманның кемелдігіне жете алмайсыңдар», деген. Сондықтан да мәуліт мерекесінің маңызы – той тойлау емес, керісінше салауат айту, Алла елшісінің үлгісін еске алу, насихаттау, тану, Аллаға жақындау. Яғни мәуліт – Хақ Тағалаға мақтау, Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) салауат айту амалдарынан тұрады. Мәулітті атап өту – әлеуметтік қажеттілік. Алғашқы үш ғасырда мәулітті неге тойламаған дегенге келсек, Пайғамбарымыздың нұрлы шуағын көріп өскен бақыт ғасырында Пайғамбарымыздың туған күнін атап өтудің, Пайғамбарымызды еске салудың қажеті жоқ болатын. Еске салу, ұмытқандарға немесе ұмыта бастағандар үшін қажет. Сахаба Сағыд ибн Әбу Уаққастың «Біз Пайғамбарымыздың өмірін балаларымызға Құраннан сүре үйрететіндей үйрететін едік» дегеніндей, алғашқы ғасырларда оның естеліктері халық жадында әлі сол жаңа күйінде жаңғырып тұрған-ды. Ал атап өтіп, еске алу бір қажеттілікке яки себепке байланысты жасалады. Қазіргі таңда қандай да бір мұсылман елі болмасын Хақ елшісін (с.а.с.) естеріне алып, жадында ол жайлы мәліметтері мен білімдерін жаңғыртуы үлкен қажеттілік. Әрі халықтың бір жерге жиналып мәулітті атап өтуі Пайғамбарымызға деген сағынышын оятып, сүйіспеншіліктерін арттыра түседі. Пайғамбарымызды (с.а.с.) еске алу – мұсылман қауымын Алла Тағалаға лайықты құл, Оның Елшісіне ақіретте мақтан тұтарлық үмбет болдым ба деген ойға жетелеп, мұсылмандығына қайта көз тастауына сеп болары сөзсіз. Мұсылмандардың осындай игі мақсат үшін бір жерге жиналуы араларындағы бауырластықтың күшеюіне де жол ашады. Адамзат баласын жақсылыққа шақыратын мұндай іс-шараның пайдалы екені, ал әрбір пайдалы да сауапты іс-әрекетті ислам дінінің қолдайтыны баршамызға мәлім. Бұл – дінде әу баста болмаған, кейіннен енгізілген нәрсе. Әйтсе де көпшілік ғұламалар мәулітті бидғат хасана, яғни құптарлық жақсы жаңалыққа жатқызады. Оған нақтылы дәлелдері де бар. Әрбіріміз өзіміздің ата-анамыздың, балаларымыздың, туыс-жақындарымыздың, құрбы-құрдастарымыздың және басқа да қаншама адамдардың туған күндерін қуанышпен атап өтеміз. Ал қиямет күнгі шапағатшымыз, ұлы ұстазымыз, жолбасшымыз Пайғамбардың (с.а.с.) туған күнін атап өту бәрінен гөрі лайықтырақ емес пе?! Қазіргі біздің жағдайымызда мәулітті атап өту тіпті міндетті десек те болады. Себебі басқаны қойғанда, мұсылмандардың өзінің арасында өміріндегі басты идеалы болуы тиіс. Пайғамбардың (с.а.с.) аты-жөнін де жөнді білмейтін, діни ұстанымдарын дұрыс түсінбейтін жандар бүгінде жетерлік. Алланың өзі үмметке үлгі, ұқсаймын десең, Мұхаммедке ұқса деп жіберген Пайғамбарын еске алу, шетелге еліктеп жүрген кісілерге еліктейтін нағыз адамды таныту маңызды. Мәулiттiң аталып өтуіне кезінде ислам ғұламалары жоғары баға берді. Имам Науауи: «Жыл сайын Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) туған күнiне сәйкес келетiн осы күндерде iстелетiн садақалар, амру-маъруф және адамдардың бойынан көрiнетiн көркем мiнездiлiк пен қуанышты iстер – осы заманымыздың ең жақсы жаңалығы», деген. Жүнайд Бағдади: «Кiмде-кiм Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) мәулiтiне қатысып, оны ұлықтаса, ол шынында да иманды», деген. Хасан Әл-Басри (р.а.): «Менiң Ухуд тауындай алтыным болса, оны Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) мәулiтiн оқытуға жұмсар едiм», деген. Шарапатты мәуліт мерекесі біздің халқымызға да құтты болсын! Осынау айтулы мейрамның аясында Алла Елшісін (с.а.с.) жақсырақ танып, өсиеттерін тереңірек түсінуді нәсіп етсін. Осы мереке адамдар арасындағы рақым-мейірімнің, имандылықтың, бауырмалдықтың арта түсуіне бір сеп болғай. Пайғамбардың (с.а.с.) әміріне бойұсынып, тыйымынан тыйылуға түрткі болғай. Адамзаттың асыл тәжі, тектілердің төресі, асылдардың асылы, ізгілердің ізгісі, дегдарлардың дүрі, Пайғамбарлардың имамы, екі дүниенің бекзаты Мұхаммедке Жаратқан Иеміздің жаратқан нәрселерінің санындай, Аршысының салмағындай, Өзі разы болғандай сансыз салауаты мен сәлемі болсын!

Бейбіт МЫРЗАГЕЛДИЕВ, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының облыс бойынша бас имамы