Жаңалықтар

Сыбызғы сырлы көктемім, Сылқылдап күліп жеттің бе?

Көгілдір көктем мезгілін көңілі сүймейтін жан жоқ шығар, сірә. Қытымыр қыстың қыспағынан құтылып, арқа-басымыз кеңіп, алшаң басатын кезді кім қаламайды дерсіз. Бұл мезетте табиғат та қайта түлеп, төңірек тегіс түрлене түседі.

Осы орайда қазақтың көрнекті ақыны Жарылқасын Аманұлының:

Сыбызғы сырлы көктемім,
Сылқылдап күліп жеттің бе?
Селдете құйып кеткенің,
Сағыныш жасын төктің бе? – деген өлең жолдары еріксіз ойға оралады.

Расында асқар тау да, дархан дала да, тұнық көл де, ну орман да, бәрі-бәрі бұл мезгілде басқаша кейіпке енеді. Осынау ғажайып көрініс адам баласына шалқар шабыт сыйлап, қиялын қияға қалықтатпай қоймайды. Арқалы ақындар жыр нөсерін төгілтсе, сыршыл сазгерлер әуезді әніне арқау етеді. Қылқалам шеберлері сәулелі сәттерді сурет тілінде сөйлетеді. Ал біздің қолымыздан келетіні – тіршілік тынысын тап басып, табиғаттың тамаша көрінісін таспаға түсіру. Міне, көктем мезгілінде фотообьективімізге іліккен сондай суреттердің бір парасын назарларыңызға ұсынуды жөн көрдік.

 

Алтынбек ҚАРТАБАЙ