Әлеумет

Жамбыл мұрасы – ұлттық рухтың тірегі

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті жанындағы Жамбыл атындағы филологиялық зерттеулер ғылыми орталығы мен Шу аудандық білім бөлімі, сондай-ақ Жамбыл атындағы орта мектеп ұжымының бірлесуімен тағылымды іс-шара өтті. Атап айтқанда, «Жамбыл Жабаевтың әдеби мұрасы және ұлттық рух: Жамбыл шығармашылығын оқу үдерісінде жасанды интеллект негізінде үйлестіру» атты халықаралық ғылыми-әдістемелік конференция ұйымдастырылды.

Конференция қатысушылары алдымен тіркеуден өтіп, мектеп мұражайындағы «Естеліктер энергиясы» атты танымдық таныстырылымға куә болды. Ал «Гүл арқылы сөйлеген үн» атты гүл қою рәсімі  жыр алыбының рухына жасалған ізет пен тағзымның әдемі нышаны іспетті.

Мектеп ауласына тігілген ақ шаңқан киіз үй сол күнгі шараның айрықша айбынын арттырды. Киіз үйдің керегесінен тараған қоңыр үн, уықтай шаншылған үміт пен шаңырақтай биік бірлік – келген қонаққа қазақы қонақжайлықтың көркем бейнесін танытты. Дастарқан жайылып, қонақтар ұлттық дәмнен ауыз тиді.

Ат үстінде айбарланып, көк Туды желбіреткен көкпаршылар да мерекенің рухын көтеріп, көпшіліктің көңіліне от жақты. Ауылдың жігерлі жастарынан құралған көкпаршылар тобы ұлттық ойынның өр мінезін, ерлік пен ептіліктің жарасымын паш етті.

Алқалы жиынның пленарлық мәжілісін мектеп директоры, гуманитарлық ғылымдар магистрі, педагог-зерттеуші Индира Диханбаева  жүргізді. Алғашқы болып құттықтау сөз сөйлеген  Шу аудандық білім бөлімінің басшысы Жайдар Жазықбаев ғылым мен мектеп арасындағы байланысты бекемдеуге бағытталған бастаманың берері мол екенін атап өтті.

Пленарлық отырыста мазмұнды баяндамалар жасалып, Жамбыл әлемі сан қырынан сараланды. Профессор Нұрдәулет Ақыш Жамбыл поэзиясындағы әйелдер бейнесін терең талдап, аналар мен арулар тұлғасы арқылы ұлт мінезін ашып көрсетті. Қырғыз елінің профессоры Мээрим Көлбаева Жамбыл мен қырғыз төкпе ақындарының рухани сабақтастығын сөз етіп, бауырлас әдебиеттің тамырлас табиғатын танытты. Ташкенттен келген профессор Насреддин Назаров фольклор мен ақын поэзиясының байланысын кеңінен тарқатты. Ал филология ғылымдарының докторы Алмасбек Мауленов жамбылтанудың ғылыми эволюциясын саралап, зерттеу өрісінің кеңдігін аңғартты. Ақынның немересі, әдеби-мемориалды музей директоры Салтанат Джамбулова тарихи деректерді ортаға салып, ата мұрасының маңызын ұқтырды. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің  доценті, PhD доктор Гүлмәрия Оспанова «Бесік жырының» ұрпақ тәрбиесіне әсері туралы сөз қозғады.

Сонымен бірге педагог-шеберлер Аян Смайыл, Лейла Адамбекова, педагог-зерттеуші Нурзия Макашева Жамбыл мұрасын оқытудағы инновациялық тәсілдер мен жасанды интеллект құралдарын қолданудың нақты мүмкіндіктерін ұсынды. Әдіскер Айғаным Асқарбек жырау есімінің жас ұрпақ жадындағы жаңғыруын ерекше атап өтті.

Конференция аясында орталықтандырылған кітапханалар жүйесі №32 кітапханасының меңгерушісі Аяжан Құдайберген ақынның 180 жылдығына орай мектеп қорына құнды кітаптар сыйға тартты.

Сонымен қатар жиында меморандумға қол қойылды. ҚазҰУ-дың ғылыми орталығы мен білім беру ұйымдары арасындағы әріптестік енді қағаз жүзінде ғана емес, іс жүзінде де тереңдей түспек.

Қорытынды бөлімде резолюция қабылданып, конференция жинағының тұсауы кесілді. Сондай-ақ белсенді қатысушылар марапатталды. Іс-шара ары қарай «Ұлы дала поэзиясының шамшырағы» атты концерттік бағдарламаға ұласты.

          Жігер ЖАҚЫПБЕК,

Төле би ауылының тұрғыны,

Шу ауданы