Тіл бұзылып барады...
«Pik me» – қазіргі таңда әлеуметтік желіде желдей есіп, жастар жарыса жаттап алып, жар салып жүрген сөз. Олардың тілінде айтқанда – тренд.
Шынымды айтсам, оның не екенін алғашында түсінген жоқпын. «TikTok» желісінен бірер бейнеден көріп, мән бермей өткен едім. Кейін іздеп қарасам, жастардың бір ерекшелікке ұмтылуы екен. Сондағысы, «Мен пикмимін, себебі менің түрім әдемі» деген әңгіме ғой. Яғни, ерекшелену, көзге түсу.
Бірақ біз тренд, бренд, хайп, тағысын тағы бір нәрсені желеу етіп, қашанғы тілімізді бұрмалап, бұза бермекпіз? Өз тілімізді өзіміз қадірлемесек, кім болғанымыз?
Иә, тіл мәселесі – өзекті. Бірақ көпке қызықсыз тақырып. Кей адамдар үшін жауыр болған шығар, бірақ мен ондайлардың қатарында емеспін.
Күнделікті сөйлесуіміздің де, жазуымыздың да шұбарланып бара жатқаны жаныма батады. Кейде таза қазақша сөйлеп, қазақпен түсінісе алмай қалатынымыз өкінішті.
Заманның заңғар жазушысы Мұхтар Әуезов «Абай жолын» жазғанда 16 983 сөз қолданған екен. Құдай-ау, сол мыңдаған сөзден бөтен сөз қоспай-ақ, күнделікті бір ауыз таза сөйлем құрай алмаймыз ба?
«Сәлем» сөзін «Салем», «Қалайсың» сөзін «Калайсин» деп жазатындарды көргенде өзіңді қоярға жер таппайсың. Біз соншалықты білімсіз бе едік? 11 жыл мектепте оқып, «ә» мен «а»-ның айырмасын білмеу ұят қой.
Қазір тікелей аудармамен (калькамен) сөйлеу де әдетке айналды. Назгүл Қожабек, Қайрат Исламұлы секілді тіл жанашырлары осы мәселені талай жерде көтеріп жүр. Бірақ бұл – тек бергі жағы ғана.
Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы:«Тілі жоғалған ұлттың өзі де жоғалады», – дейді. Тағы бір сөзінде: «Тіл тазалығы дегеніміз – ана тілдің сөзін басқа тілдің сөзімен шұбарламау», – депті.
Ал Ахметтен асқан білімдар адам бар ма бізде?
Әрине, таза сөйлейтіндер де, жазатындар да бар. Бірақ аз. Өкінішке қарай, тым аз. Біз бәріміз өз тіліміздің тағдырына алаңдауға міндеттіміз! Себебі біз – қазақпыз. Тамырында қазақтың қаны бар әр жан өз тілінің қамын ойлауы тиіс. Көп тіл білудің айыбы жоқ. Бірақ әуелі – өз тіліңді біл.
Қадыр Мырза Әлі айтқандай:
«Ана тілің — арың бұл,
Ұятың боп тұр бетте.
Өзге тілді бәрін біл,
Өз тіліңді құрметте.»
Қорыта айтқанда,трендке еліктемей, талқыға түсердей ой айтайық.
Пикми демей, қыздар: «ерекшемін», «еркемін» , ұлдар: «қайсармын», «қайраттымын» десе жарасымды емес пе? Өкініштісі сол, бай тілімізді өзіміз бағаламай жүрміз.
Нұрбақыт МҰСАТИЛЛАҰЛЫ