Мәдениет

«Жазғандарым жүрекке жетсе болды...»

Серік Жапарұлы Томанов 1956 жылы 4 наурыз күні Талас ауданы, Амангелді ауылында дүниеге келді. Оның шығармашылық еңбек жолы Талас аудандық «Ленин жолы» (қазіргі «Талас тынысы») газетінің редакциясынан басталды. ҚазМУ-дің журналистер даярлайтын факультетін бітірген ол аудандық газетте түрлі тақырыптарда ой қозғап, қаламы жүйрік журналист екенін танытты. Алғашқы өлеңдері де осы газетте жарияланды. 1990 жылы Алматыдағы «Балдырған» журналының редакциясында қызмет істеп, айтары бар арқалы ақын ретінде республика жұртшылығына танылды. Ақынның «Адасып жүрген ақбөкен едім» деп аталатын алғашқы жыр жинағы 2000 жылы жарық көрді. Бұл жинақ оқырман қауымның жүрегінен өз орнын тапты. Бұдан кейін де ақынның «Пәруана», «У», «Жұлдыздан терем өлеңді» атты бірнеше жыр кітаптары оқырмандар көзайымына айналды. Ал ақынның «Аққулар», «Аузынан айдың түскен қыз», «Сезімді қайтем тулаған», «Қызыл көйлек киген қыз» деп аталатын және тағы басқа өлеңдеріне сазгерлер де көңіл аударып, жақсы әндер дүниеге келді. Бүгінде бұл әндер республикалық деңгейдегі концерттік бағдарламаларға еніп, жиі орындалып жүр. Талантты ақын Серік Томанов 2003 жылы 7 желтоқсанда Тараз қаласында дүниеден өтті. Сөз шеберлігін, өлең өнерін қадір тұтқан ақынның қабіріне зиярат етеміз, Құран бағыштаймыз дегендер болса, оны Тектұрмас биігінен табады. Біз бүгін ақынның жетпіс жылдық меретойына орай бір топ өлеңдерін облысымыздағы жастар газеті «AR-AI»-ға арнайы ұсынып отырмыз. Жас ұрпақ өмірден қандай талантты ақын өткенін білсін, жырларын оқысын, оқысын да не айтқысы келгенін көкейлеріне тоқысын. «Ғалымның хаты өлмейді» дегендей, ел аузынан түспей, әнге айналып жүрген өлеңдері барда ақынның да аты өлмейді.

Көсемәлі Сәттібайұлы,

жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері

 

Рухани кереңдерге арналған жыр

немесе Абайға жүгіну...

Құлағыңа қу өлең сіңбей қалып,
Отырсың ба меңіреу түнге айналып.
Түңілдім-ау, қайтейін тым болмаса,
Түсіре алмай санаңа тілдей жарық.

Жыр оқысам, жадырап қалар ма деп,
Алынбайтын тап боппын қамалға кеп.
Қалғып кетер бас шұлғып отырып-ақ,
Қалмапты ғой қашанғы қараңғы әдет.

Қайта қайтқан дауыстай жарға барып,
Өз үнім тапты өзімді зорға оралып.
Қай шамада қайран ер жүр екенсің,
Құлағыңды құлқынға жалғап алып.

Қу өлеңге құлақтың сыртын беріп,
Қай шамада жүрсің сен құлқынға еріп.
Жырға орын табылмай қалды ма әлде,
Жүрегіңді «мүңкіген» мүлкің көміп.

«Өлең саған көрерміз мал болар» деп,
Отырмысың күлкіңді зорлап әнтек.
Бақытың да, басқаң да - байлықта деп,
Тура жолды өзіңше тандаған боп.

Бетпе-бет кеп малдымен, мықтылармен,
Қайран Абай, сенде де бітті дәрмен.
Мыңмен жалғыз алысқан, сөз патшасы,
Мен сені ұқтым әбден, ұқтым әбден.

 

Қаламақы хақында

Тиын санап жолына, көлеміне,
Қаламақы алмаймын өлеңіме.
Жазғандарым жүрекке жетсе болды,
Басқа маған байлықтың керегі не?

Өзім қожа қашанда өз бағыма,
Ақы алмаймын сондықтан жазғаныма.
Маған сол да жетеді, жүректерге
Жылу беріп жырларым маздады ма?!

Ақы алмаймын жазылған жырларыма,
Қызықпаймын ешкімнің пұл, малына.
Маған сол да жетеді
Жырымды оқып,
Жылағанның көз жасы құрғады ма?!

Айырбастап алтынға жездерімді,
Саудаға сап жүргем жоқ сөздерімді.
Одан өткен байлық жоқ, жазғанымнан
Оқырманым сезінсе өзге мұңды.

Тоқсан тарау өмірдің торабында,
Одан өткен бақытты табамын ба?
Жырым тегін жұрағат, халқым үшін
Қаламақым - халқымның қабағында.

 

Арылмас мұңым бар менің

Арылмас мұңым бар менің
Жанарға жасымды ірікпен.
Аштықтан қырылған елдің,
Сүйегін басып жүріппін.

Аттасам аңғал ниетпен,
Ауырлар мұңым батпандай.
Көмусіз қалған сүйектер,
Күтірлеп сынып жатқандай.

Ешкімді қостатпан көр деп,
Дала бұл – Қабір жайланған.
Сүйемдей бос жатқан жер жоқ,
Сүйекпен жабылмай қалған.

Аруаққа қараған жанмын,
Мен деме сатқын албастың.
Сыртқы елге дала-бабамның
Сүйегін бастыра алмаспын.

Кешір сен, асылды бассам,
Киелі шаңырақ – төрім.
Ешкімді басындырмаспын,

Алашым – аруақты елім!

 

Теректің шешімі

Мен – терекпiн,
Тоналып тозған бүгiн.
Күзi жеткен жайдары жаздан бұрын.
Tipi өлiктей түнерiп тұрғанша бұл,
Қопарыла құлайын қозғал, дiңiм!

Қозғал, дiңiм,
Қинама, құлат мені.
Ұзынымнан түсейiн сұлап кері,
Мазалауын қоймай тұр мына бiр жел,
Бiтпеген бе, бәтшағар сынап тегі.

Қозғал, дiңiм,
Құлайын жаңқаланып,
Күн кешкенше, құр бекер қаңқа бағып.
Қарық болсын қысқы отын табылды деп,
Қожайыным қолына балтаны алып.

Қозғал, дiңiм,
Қалған жоқ, таңданар түк,
Қашанғы тұрам саған салмақ артып.
Сүйретiліп құр сүлде күн кешкенше,
Жалын болып лапылдап жанған артық!

 

Талауға түскен жұртым бар

Талауға түскен жұртым бар,
Қанауға түскен құл сынды.
Сорлының сөзін кім тыңдар,
Сорасы көзден ыршулы.

Көзінің жасы кеппеген,
Жұртым бар жалтақ, жасқаншақ.
Кетпеген тепкі өкпеден,
Шыққанмен қанша аттан сап.

Құралған өңшең тобырдан,
Жұртым бар көнбіс, көшке ермес.
Еті өліп кеткен елім бар,
Езіліп жатсын - ескермес.

Езілсін қанша өкшемен,
Талауға түссін тіпті әбден.
Құдайға үні жетпеген,
Құлындай даусы шыққанмен.

Қойдан да қоңыр жұртым бар,
Қорадан шықпай қамалған.
Қойшының зарын кім тыңдар,
Қасқырға жыртқыш таланған.

Шешілді шүкір - тұяқ бау,
Еркіндік бірақ жоққа есеп.
Бір қимыл керек сияқты-ау,
Мал болып мүлде кетпесек...

 

Ләйлі барда өмірде қайғы да бар

Ләйлі барда өмірде қайғы да бар,
Сағыныш бар, аңсау бар-бай мұралар.
Жалтақтау бар жолына сүйгеніңнің,
Жетер ме деп жаныма жайлы хабар.

Мәжнүні бар өмірдің мұңы да бар,
мұңы бар жан қалайша тыным алар.
Тыным алып жүргенмен күні бойы,
Оңашада көз жасын сығып алар.

Ләйлі-қайғы болмаса жүрегіңде,
Мәжнүн-мұң да болмайды бұл өмірде.
Мұңсыз, қамсыз күн кешкен адамдардың,
Түлкі жорта бастайды түнегінде.

 

 

Түс немесе желтоқсан құбыжығы

 «Тұлпар» көрдім түсімде;
Басы - есек әлгінің,
Тұрқы - тұлпар пішінде,
Есек құсап ақырып,
Жылқыларға азу тісін батырып,
Ойран салып жүрді үйірдің ішінде.

Тұлпар құсап тұяқты,
Топтап-топтап тастайды,
Басы есек сияқты болғанменен,
Салпаңдатып құлақты.
Жылқыларды кәдімгідей жасқайды.

Есек деуге келмейді,
Тұлпар боп та мандымас.
Кісінесе, жөн мейлі,
Есек құсап ақырады әлгі бас.

«Қамбар ата-аяулым!
Қалыпсың-ау сорға анық»
Дедім-дағы қорланып,
Құрығымды қолға алып,
Айқай салып ояндым.

 

Тарт қолыңды...

Тарт қолыңды!
Ақынға тиме, надан!
Ақымақтық - ақынды сыйламаған,
Ақын деген Аққуы адамзаттың,
Адалдықты қайта сен үйрен одан,
Ал Аққуға оңбайды тиген адам.

Тоқтат қане!
Ақынды таяқтама!
Аласұрма ақынды аяқтан ап,
Ақын деген халықтың ардақты ұлы,
Елден бөліп сондықтан саяқтама,
Тоқтат қане, ақымақ, таяқтама!

Жетер енді!
Несіне керілдедің?!
Ақылға кел, ашуға берілмегін,
Ақын деген ақиқат, ақымақ-ау,
Ақиқаттың көріп пе ең жеңілгенін.
Айт одан да, не сенің көңілдегің?..

 

Бақытты бастан теппеші, күнім

Бақытты бастан теппеші, күнім,
Кетпеші деші қасымнан.
Өзегі дертті өкпешіл ұлмын,
Серттесіп өскен жасымнан.

Қасыңнан мені қумашы, жаным,
Тыңдашы әнін жүректің.
Сендегі саумал сырға асығады,
Тамырда тулап бір екпін.

Сағынышым-ау, сөз енді осы,
Сезесің нені сезімдім.
Өзіңнен өзің безетін бе едің,
Беземін десең өзің біл.

 

Жырым менің жүйрігім...

Әбзелдерін әзірлеп таққан асыл,
Жалын сүзіп, жырымды баптағасын.
Шарт түйдім де құйрығын, қоя бердім,
Қаратып халық тұрған жаққа басын.

Жырым менің, жанардан жас парлатып,
Заула жолдың құм-шаңын аспанға атып.
Көзі шығып көлдердің шарасынан
Таулар тынып, қалсын бір тастар қатып.

Заула жырым, жер шарын айнала шап,
Тұяқтарың талмасын ойған ошақ.
Жетерінді сеземін жүректерге
Орта жолда ор құшып жайрамасаң.

Заула жырым, тоқтамай үш ілгері,
Жарты жолда қалмасын күшің кеміп.
Жаралы жүректерге дем беріп өт
Ортайып қалсын қайғы ішіндегі.

Жүйткі, жырым-жүйрігім, желқанатым,
Жеткіз, жылдам жыраққа кең дала атын.
Қазақтың қиыры кең даласында
Ақын барын жер жайлы толғанатын.

Заула жырым, белдерден батыл асқын,
Сен үшін мен жанымның отын аштым.
Тек жетіп жығылғайсың жүректерге
Балтасына жолықпай Батыраштың.

 

У...

Нәлеті мынау нарықта,
Мен ішпеген у мен заһар қалып па?!
Соның бәрін өзегімнен өткіздім,
Зардаптары тимесін деп халыққа.

Усойқылы удың бәрін мен іштім,
Тауқыметпен тағдырым деп тоғыстым.
Қолқамды кеп қапқан удан қайтпадым,
Қолдағанын кім біледі не күштің.

Шинелінен шықтым демен Гогольдің,
Құрсағынан тудым таза елімнің.
Замананың запыранын жұтқаным,
Қалағаным тазалығын тегімнің.

Баукеңдер мен Шерхандардың көйлегін,
Киіп алып, кимеледім, сөйледім.
У мен зәрдің исін сезсе, зытады,
Тышқан аңдып тұштандаған кей бөрің.

Таңсық болмас тауқыметке таң қалу,
Қайманаға қиын бірақ аңғару.
Әлі талай ақынға азық болады-ау,
Құнанбайдың баласынан қалған У.

 

Самайымда ақ қырау

Самайымда ақ қырау,
Маңайымда бақ сынау.
Тойлағаным тәттілеу,
Ойлағаным ащылау.

Көздерімде көлеңке,
Сөздерімде кең өлке.
Келтірмеңдер маған сөз,
Өлтірмеңдер мені ерте.

Маңдайымда мың қатпар,
Таңдайымда түрлі ақпар.
Мұңдарыммен мың батпан,
Сырларымды тыңдап қал.

Уа, тыңдап қал, тыңдарман,
Бекерден-бекер тұлданбан
.
Арттағыға сөз қалсын,
Өтер де кетер бұл жалған.

 

Эпитафия

 (Құлпытастағы жазу)
 


Шаруа едім тірліктің көшіне ерген,
Таусап таттым жердегі несібемнен.
Көп жыл болды мәңгілік ұйқыдамын,
Топырағым бұйырды осы жерден.


Ата-бабам, бауырым, туысым да,
Осы жерде: төбенің қуысында.
Алып кеткен өзімнің ештеңем жоқ,
Топырақ тек қалғаны уысымда.


Бір кісідей шайқап ем тірлігімде,
Жалған дүние жалт етпей тұрды кімде?!
Адамдарға айқайды салар едім,
Амалым жоқ қайтейін, білдіруге.


Ей, тірілер!
Өмір жоқ өлім барда.
Тілегім сол: соқпасын жолың жарға,
Қу тірліктің бағасын білгің келсе,
Көз қырыңды салып қой қорымдарға.

Ей, тірілер!
Құлақ ас өлілерге,
Есептесер қу тірлік сенімен де,
Ажал бір күн аптығып жетіп келсе,
Жарты қарыс жер қалмас шегінерге.