Дұрыс тамақтану – денсаулық кепілі
Адамзат денсаулығын сақтаудың басты шарты – дұрыс тамақтану. Дұрыс тамақтану денсаулықты сақтауға, ағзаның қалыпты өсуі мен дамуына, ағзаның қоршаған ортаның әртүрлі жағымсыз әсеріне қарсылығын күшейтуге ықпалын тигізеді.
Деннің саулығы ең алдымен дұрыс тамақтанудан басталатынын білсек те, күнделікті өмірде бұл мәселеге аса көп мән бермейміз. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, әлемдегі мерзімсіз өлім жағдайларының 80 пайызы 4 негізгі қауіптен тұрады. Оның ішінде физикалық белсенділіктің төмендеуі мен дұрыс тамақтанбау көш басында тұр.
Ғалам дабыл қағып отырған бұл проблема бізді де айналып өтпейді. Денсаулыққа ең пайдалысы – өмірлік қуат көзін табиғаттың өзінен алу. Уақыт ағымына сай бұл дәстүр келмеске кетті демесек те, жұрттың бәрінде бірдей табиғи тамақтарды ғана тұтыну мүмкіндігі жоқ.
Бүгінгі дамыған технологиялар заманында адамзаттың өмір сүру салты мүлде басқа арнаға бұрылып барады. Әлемдік зерттеу бойынша 65 жасқа дейін өлім құшқандардың 12 пайызы – қатаң диета, шамадан тыс тамақтану, зиянды тағамдарды жиі тұтынудан туындаған аурулардың салдарынан көз жұмғандар. Қимыл-қозғалыс күрт азайып, артық колория, ағзаға дұрыс сіңбеген тамақ семіздікке шалдыққандардың санын арттыра түсуде. Ғалымдар артық салмақтың 98 пайызы тамақтан, тек екі пайызы ғана эндокринология мен жүйке жүйесіне байланысты екенін, адам бойындағы 4 келі артық салмақ өмір сүру мерзімін бір жылға қысқартатынын дәлелдеп отыр.
Өкініштісі сол – семіздікке ұшырағандардың басым бөлігі кәмелет жасына толмаған жеткіншектер. Ресми мәлімет бойынша, әлемде 175 миллион баланың салмағы 100 келіден артық. Мамандар семіздіктің пайда болуының негізгі себебі ретінде адам ағзасына зиянды қаныққан май қышқылдарының, әртүрлі дәмдеуіштер мен трансмайлардың ошағы саналатын фастфуд өнімдерін, түрлі газды сусындарды шамадан тыс тұтыну екенін айтады. Бүгінде атынан адам жаңылатын түрлі фастфудтар, шетелдің жылдам даярланатын тағамдары мен жартылай фабрикат өнімдер қоғамдық сипат алып, өмірімізге дендеп еніп кетті. Оның бір ғана дәлелі, кейінгі жылдары еліміздегі фастфуд тағамдарын сату көлемі 50 пайызға, фастфуд мейрамханалары 48 пайызға, ал онда жұмыс істейтіндердің саны 29 пайызға өскен. Бұл дегеніңіз – ел тұрғындары тек фастфуд тағамдарына жылына қыруар қаржы жұмсайды деген сөз.
Мамандардың айтуынша, фастфудтың атасы саналатын түрлі бургерлердің құрамындағы ароматизатор, бояғыштар, антиоксидант пен консерванттар, дәмдеуіштер бір дәмін татқан жанды бас тарта алмайтын жағдайға жеткізеді. Ағзамызға аса қуат бермесе де, бауыр мен жүрекке, қан-тамырларына май болып жиналады.
Сонымен қатар неше түрлі құты-қалбырлардағы қызылды-жасылды сусындардың да ағзамызға тигізетін зияны орасан. Кез келген газдалған сусынның құрамында көмірқышқыл газы кездеседі. Ол сусынның ұзақ сақталуына ықпал етеді. Мұндай сусындар асқазан секрециясының қабынуына, ішек ауруларының өршуіне әкеледі. Қант немесе жеңіл сіңетін көмірсулар адам ағзасына түскеннен кейін тез ыдырап, артық салмақтың жиналуына, әрі қарай семіздікке және қандағы қант мөлшерінің көбеюіне байланысты қант диабетіне апарып соқтыруы ғажап емес.
Диетологтер тамақтанудың ең дұрыс тәртібі ретінде күніне төрт мезгіл тамақтануды мойындап отыр. Таңғы, түскі, түс ауа және кешкі ас ішудің арасындағы ұзақтық төрт-бес сағатты құрауға тиіс. Әсіресе кешкі асымызды ұйқыға жатардан кемі 2-3 сағат бұрын ішуді қатаң қағидаға айналдыру керектігін алға тартады. Тіпті дұрыс тамақтануды арықтау үшін пайдаланғанның өзінде тұтынатын калория мөлшері жұмсалатын энергияны өтеуге тиіс. Ол нақты адамның жынысына, жасына, жеке физиологиялық ерекшеліктеріне, өмір сүру салтына, жұмыс істеу сипатына байланысты.
Әр адамның денсаулығы – өз қолында. Ақпараттың кең заманында әрбір азамат пайдалы ас пен зиянды тағамдардың аражігін ажырата білгені жөн.
Толқын АЙМАХАНОВА,
«Тараз-Болашақ» жоғары
медициналық колледждің оқытушысы