Фобияңыз қандай?
Адам өмірінде қорқыныш – бөлінбес сезімдердің бірі. Ол бізге қауіптің барын ескертіп, сақтануға көмектеседі. Бірақ кейде қорқыныш өз шегінен асып, адамның күнделікті өмірін басқарып, психикасын әлсіретеді. Мұндай сезім фобия деп аталады. Фобияның түрлері көп. Кейбірі биіктіктен, кейбірі жабық кеңістіктен, кейбірі қараңғыдан немесе күтпеген жағдайдан туындайды. Ғылымға сүйенсек, фобия – адамның миында қалыптасқан қорқыныш шаблондарының нәтижесі, оны тану және жеңу мүмкін. Бұл – адамзатқа тән, уақыт өткен сайын зерттеліп, әртүрлі ғылыми мақалаларда сөз болатын құбылыс.
Фобия деп белгілі бір заттан, жағдайдан немесе әрекеттен негізсіз қорқуды айтады. Егер оған мән берілмесе оның адам өмірінде нақты салдары болуы мүмкін.
Адам баласы өзін саналы түрде қорқып тұрғанын түсінсе де, қорқыныш сезіміне қарсы тұра алмайды. Бұл мәселені алғаш зерттеген австриялық психиатр және психоанализдің негізін қалаушы Зигмунд Фрейд фобияны адамның психикасына тән ерекше реакция ретінде сипаттаған. Фрейд пациенттердің күнделікті өмірде еш негізсіз қорқынышқа ұшырап, түрлі қылықтар көрсететінін байқаған. Ол қорқыныштың түпкі себептерін, әсіресе бала кездегі соққыларды, санасыз психикалық реакцияларды зерттеп, оларды психотерапия арқылы жеңуге болатынын дәлелдеген. Фрейдтің айтуынша, қорқыныш әр адамның санасы мен түйсік сезіміне жеке әсер етеді. Кейбір адамдар қорқынышты сыртқа шығармай, оны іште сақтайды, ал кейбірі қорқыныштан қашу үшін арнайы ритуалдарға, әдеттерге тәуелді болады.
Жеке өмірімде болған бір оқиға осы тақырыпқа қалам тартуыма түрткі болды. Бірнеше жыл бұрын жұмыс бабымен 9 қабатты ғимаратқа лифтпен көтерілуге тура келді. Ескі лифт еді, аса мән бермедім. Алайда қозғала сала ол кенет тоқтап, жарығы сөніп қалды. Сол сәтте жүрегім дүрсілдеп, қолдарым әлсіреп, дем жетпей қалғандай күй кештім. Өпкем қысылып, абдырағанымнан жеделсатыдағы түймелердің бірнешеуін қатар басып жібергенімді кейін аңғардым. Қысқа ғана уақыт ішінде қорқыныш пен үміт арпалысып өтті. Есік ашылып, жарық жанғанда ғана бойым сәл босаңсыды. Бірақ сол екі-үш секунд санамда ұзақ сақталып қалды. Есік ашыла салысымен сыртқа асыға шыққаным әлі күнге дейін есімде.
Арада біраз күндер өтті. Бір күні желкем қысып, басым айналған соң дәрігерлер МРТ (магниттік-резонанстық томография) аппаратына түсуге кеңес берді. Аппаратты көрген сәтте лифтідегі жағдай есіме түсіп, жүрегім қайтадан жиі соға бастады. Амалсыз тексерілуге тура келді. Мамандар қолыма арнайы түйме ұстатып, егер мазасыздансам басуға болатынын ескертті. Жарты сағат бойы аппарат ішінде қозғалыссыз жату оңай болмады. Сол сәттегі жүрек дүрсілі мен ауа жетпегендей күй әлі есімде. Кейіннен мұндай сезімнің МРТ-дан қорқатын адамдар арасында жиі кездесетінін білдім. Сөйтсем, бұл – клаустрофобия, яғни тар, жабық кеңістіктен қорқу екен. Мұндай адамдар тек лифт не медициналық аппараттан ғана емес, кез келген тар кеңістіктен мазасыздануы мүмкін.
Әлемде фобияның мыңдаған түрі бар. Кең таралғандарының бірі – жоғарыда аталған клаустрофобия. Лифт, жабық бөлме немесе туннель – осы қорқыныштың жиі көрінетін жағдайлары. Бұл фобия адамның жұмыс істеуіне, тыныс алуына, тіпті әлеуметтік өміріне әсер етуі мүмкін. Ал зоофобия – жануарлардан, әсіресе ит пен жыланнан қорқу. Акрофобия – биіктіктен қорқу, никтофобия – қараңғыдан қорқу, диспсихофобия – есінен адасудан қорқу, дистихифобия – қайғылы оқиғаларға душар болудан үрейлену. Аэрофобия – ұшақпен ұшудан қорқу болса, танатофобия – өлімнен қорқу.
Кейбір фобиялар сырт көзге тосын не күлкілі көрінуі мүмкін. Мысалы, катотрофобия – айнадан қорқу, фобофобия – қорқыныштың өзінен қорқу, дендрофобия – ағаштардан қорқу, хорофобия – билеуден қорқу, калигинефобия – өте әдемі әйелдерден қорқу. Тіпті ұзын сөздерден қорқуды білдіретін гиппопотомонстросесквипедалиофобия деген де бар.
Танымал адамдардың да өз фобиялары болады. Поп музыкасының королі Майкл Джексонның сахнада үнемі ақ қолғап киюі бактериядан қорқуымен байланысты делінеді. Актриса Скарлетт Йоханссон тарақаннан қорықса, Николь Кидман көбелектерден сескенеді. Тележүргізуші Опра Уинфри сағыздан қорқатынын айтқан. Суретші Сальвадор Дали жас кезінен шегірткеден үрейленіп, оларды шығармаларында да бейнелеген.
Қорқыныш – жеке адамға ғана тән емес, ол қоғамда кең таралған құбылыс. Қазіргі заманда фобияның жаңа түрлері де пайда болды. Номофобия – ұялы телефонсыз немесе байланыссыз қалудан қорқу, соционетфобия – әлеуметтік желілердегі парақшаларға тәуелді болудан қорқу, ценофобия – бос бөлмеде отыра алмау, киберфобия – жаңа технологияны қолданудан қорқу, ал агменофобия кезек күтуге деген қорқыныш.
Бұл фобиялар біздің заманымыздың психологиялық бейімделуінен туындаған. Фобиялар психикада әртүрлі жолмен қалыптасады. Біріншіден, травматикалық тәжірибе үлкен рөл атқарады. Бала кезіндегі қорқыныш, ауыртпалық немесе психологиялық жарақат кейінгі өмірде белгілі бір объектіге немесе жағдайға негізсіз қорқыныш ретінде оралады. Екіншіден, адам қорқынышқа үйреншікті реакция арқылы да шалдығады. Ата-аналар мен ересектердің үрейін бала байқап, оны өз тәжірибесіне айналдырады. Үшіншіден, ұзақ уақыт бойы психикалық стресске ұшыраған жағдайда, фобиялар психиканы қорғаудың бір жолы ретінде көрініс табуы мүмкін.
Тараз қаласының тұрғыны Мадина Советқызы клаустрафобия бар екенін кейін білген.
Ал тағы бір кейіпкеріміз Маржанның (атын жасыруымызды өтінді) бойында бір емес бірнеше фобиясы бар екен.
Медицина мен психология саласы фобияны жеңуге болатынын дәлелдеген. Психотерапия, когнитивті-түйінді әдістер, кейде антидепрессанттар мен тыныштандыратын дәрілер көмектеседі. Бірақ ең бастысы – қорқынышты мойындап, оған қарсы әрекет ету. Қорқыныш – өмірді тоқтатуға емес, керісінше өмірді түсінуге, өзімізді жеңуге мүмкіндік береді. Әлемде 40 мыңға жуық фобия түрі бар екені тіркелген. Олардың әрқайсысы адамның психикалық әлемін, қорқынышқа реакциясын көрсетеді. Фобияны түсіну – өзімізді, қоршаған ортаны және адам табиғатын тереңірек түсінудің жолы.
Қорқынышпен бетпе-бет келу – өзімізді танудың, өмірімізді толық сезінудің жолы. Фобиялар бізді қорқыныш арқылы сақтауға тырысса да, оларды дұрыс басқару арқылы ғана шынайы еркіндікке жетеміз. Бірақ қорқынышты жеңу – адамның ең үлкен жеңісі. Әрбір қорқыныш бізге өмірді, қоршаған ортаны және өзімізді түсінуді үйретеді, ал фобияларды жеңген адам ғана нағыз еркіндікке қол жеткізеді.
Айжан ӨЗБЕКОВА